Экология • 12 Шілде, 2021

«Менің таза әлемім» экологиялық акциясы өтті

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында «Менің таза әлемім» челленджі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Менің таза әлемім» экологиялық акциясы өтті

Жобаны «ARCUS» даму орталығы мен «Альрами» менталды ауытқулары бар тұлғаларға арналған қоғамдық бірлестік клуб үйі ұйымдастырған.

Челленджді 30-дан астам адам қолдады. Олардың ішінде «Альрами» клуб үйі мен «ARCUS» даму орталығының мүшелері, «Қазақстан алюминийі» АҚ және «Жасыл Ел» Жастар жасақтарының еріктілері, белсенділер, менталды ауытқулары бар адамдар және экология мәселелеріне бей-жай емес азаматтар бар. Қатысушылар Ертіс өзенінің жағалауын тазалап, 40 қап қоқыс жинады.

«Алғаш рет мұндай сенбілікті біз 2019 жылы өткіздік, содан бері бұл біз үшін жақсы дәстүрге айналды. Біз міндетті түрде челленджімізді жалғастырамыз және алдағы уақытта әлеуметтік желілерде сенбіліктер туралы ақпарат жариялайтын боламыз. Барлық ниет білдірушілер бізбен бірге қатыса алады. Табиғатты бағалайық және бүлдірмейік! Өйткені, бұл біздің денсаулығымыз бен болашақ ұрпақтың денсаулығы!», деді «ARCUS» даму орталығының жетекшісі Алина Батареева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, психоневрологиялық аурулары бар адамдардың әлеуметтенуіне ықпал етеді.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 24 шілдесінде әр өңірде жартастар мен су айдындарын тазарту бойынша ауқымды экоакциялар өтеді және оларға кез келген адам қосыла алады.

Марафонға #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хэштегтерімен әлеуметтік желілерде өз игі істерімен бөлісе отырып, кез келген адам қосыла алады.