Өнер • 24 Мамыр, 2021

Пейзаж шебері

841 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр қаңтар айында астанадағы «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, талантты қылқалам шебері Жайық Күшікбаевтың «Көкжиек сызығы» атты жеке көрмесі өтіп, оған автордың кейінгі жылдары салған біраз туындысы қойылды.

Пейзаж шебері

Соның ішінде «Анамның портреті» деген картинаға келушілер қызыға қарап, таңырқап жатты. Онда жүзін әжім торлаған аяулы ананың мұңлы жүзіндегі  таңғы шықтай мөлдіреген мейірімін көркем бейнелеген. Бұл Жайықтың өз анасы еді.

– Анам суретін салғанды онша жақтыр­майтын. Бірде қалаға ауылдан ауырып келді. Үйге келсем жолдан шаршап келгендіктен бе, көзі ілініп кетіпті. Біртүрлі жүзі сынық, шар­шаңқы көрінді. Осы көрініс жүрегім­ді солқ еткізді. Анам он бір құрсақ көтерген. Қа­зір соның сегізі жер басып жүрміз. Өмір­де көп қиындық көрсе де, ешқашан мойы­ған емес еді. Жігерлі, бейнетшіл жан бола­тын. Со­дан анамның ұйықтаған сәтін пай­да­ла­нып, бейнесін ақ параққа сол қалпында түсіре қой­дым. Ешқандай бояп-сырлаған жоқ­пын. Сол жұмыс осы еді. Біраз адамға ұнады, – деді ол.

Айтары жоқ, бұл картина ме­нің де көңілімді әрі-сәрі күйге тү­сір­­ді. Өйткені одан ауылдағы өз анам­­­ның бейнесін көргендей бол­дым. Жалпы, суретші осы туын­ды­­сы арқылы қазақ анасының жиын­­тық образын сәтті таба білген.

Біздің кейіпкеріміз бейне­леу өнеріне кел­ген­ше біраз ой­лы-қырлы жолды шиырлайды. Жайық бала күнінде суретші емес, әнші болсам деп армандапты. Тәп-тәуір дауысы да болған.

– Біздің мектеп ауылдан төрт шақырым жерде орналасқан, соған барып-келгенше ән айтып келемін. Арасында радиодан жаттап алған орысша әндерді де шырқаймын. Әкем – соғыс ардагері еді. Өзі өмір бойы мұғалім болды. Сол кісінің полкінде жалғыз музыкант болыпты, соны командир алғы шепке жібермей, қызғыштай қорып жүреді екен. Әкем соны айтып, «өнерлі адам жерде қалмайды» деп бәрімізді музыка мектебіне берді. Мен скрипка сыныбында оқыдым. Бірақ кішкентайымнан сурет салғанды жақсы көрдім. Кейбір салған суретімді балалар журналына жіберіп тұратынмын, – дейді қызыққа толы балалық шақтан сыр тартып.

Жайық туған ауылындағы сегізінші сыныпты аяқтағаннан кейін Н.Гоголь атын­дағы Алматы көркемсурет училищесіне оқу­ға түседі. Онда белгілі суретші Кенжебай Дүй­сен­баев­тың шеберханасында оқып, бейнелеу өнері­нің тереңіне бойлады. Майталман ше­­бер­­­лер­дің дәрісін тыңдайды. Аталған оқу ор­­ны үздік шәкіртіне училищені бітіргесін қазір­­гі Санкт-Петербург қаласындағы И.Ре­пин атын­­дағы көркемсурет академиясына жол­дама береді. Алайда жолы болмай, ауыл­ға ора­лып, бір жыл мектепте мұғалім болып істеді.

– Ауылда шығармашылықпен айналысуға еш мүмкіндік болмады. Нансаңыз, қолыма бір жыл қарындаш ұстамадым. Мектеп пен үйдің қара жұмысынан қолым тимеді. Зымырап тағы бір жыл өтті. Тағы да Санкт-Петербургке барып, бағымды сынадым. Тағы құладым. Оқуға дайындықсыз келген едім. Ауылға қайтып бару­ға ұялдым. Содан күндіз жұмыс іздеп, түнде Мәскеу вокзалына келіп түнеймін. Осылай екі-үш ай сенделдім. Бірде учи­лищеде қа­тар­лас оқыған Бақыт­нұр деген та­­ныс жігітті кезік­тіріп қалдым, ол ме­­нің кү­йім­­ді көріп: «Мәскеуге ба­­ра­­йық, сонда жұмыс табылып қа­­лар» деп ақыл берді. Сөйтіп екеу­­міз Мәс­кеуге келдік, – деді ол.

Мәскеуге келгеннен кейін кейіп­керіміздің жолы оңғарылып, жұ­мыстың да орайы табыла ке­теді. Курск вокзалына аула сыпы­ру­шы болып орналасады. Тіпті олар жатын орын беріп, жағдайы да жақсарып қалды. Енді ол жұ­мыс­­тан қолы қалт еткенде шығар­ма­шылығын дамытуға күш салды. Басты мақсаты, қайтсе де жо­ғары оқу орнына түсу. Ақыры сон­дағы С.А.Герасимов атын­да­ғы Бүкіл­ресейлік мемлекеттік ки­не­­ма­то­графия институтының көрке­м­­өнер факультетіне құжа­тын тап­сы­­ра­ды. Бұл жолы да сәт­сіздік ал­­ды­­нан шығады. Келер жылы да дәл солай болды. Қыс­қасы, үш жыл қа­та­рынан жоғары оқу орны­на түсуге талпынса да жолы болмады.

Сөйтіп Мәскеуде тағы қалып, бір жыл жұмыс істеп, төртінші рет тапсырғанда оқуға түстім. Қуанышымда шек болмады, сол күні өзімді бақытты сезіндім», дейді суретші ағынан ақтарылып.

Ежелден өнердің іргелі ор­дасына айнал­ған Мәскеу ша­һа­рын­да көрген адамның аузы­ның суы құ­ри­тын бейнелеу өнерінің мұ­ра­­жай­лары жетерлік. Соның бәрі біздің кейіп­керімізге шабыт сый­лап, ой-өрісін өсіріп, дүние­­таны­­мын кеңейтті. С.А.Герасимов атын­­­да­ғы Бү­кіл­­ресейлік мемле­кет­­тік кинематогра­фия инс­­ти­тутын­­дағы білікті ұстаздардан тәлім алды.

Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де майданның өтінде жүріп, этюд салған, көр­­некті кескіндемеші Борис Михайлович Немен­скийден тағылым түйді. Ол кісі шә­кірт­теріне палитраны шектеп, үш бояудың түрі­мен жұмыс істеуді үйретті.

Талантты суретшінің есімі көзі­қарақты қауымға панора­ма­лық пейзаждың шебері ретінде жақсы танымал. Соның ішінде оның ақ бас Алатаудың тұмса та­би­­ғатын әр қырынан бейнеле­ген туындыларын ерекше ай­ту­ға болады. Сонымен қатар оның картиналарында жыл мез­гіл­­дері – көктем, жаз, күз және қыс көрінісі, табиғаттың оянуы, таң­ның атуы, күннің батуы, жаз­ғы кеш, қараңғы түн, мүл­гі­ген та­би­­ғат, қар бетіндегі сәу­ле­нің құ­бы­луы, тау шыңының ас­қақ­тығы бей­нелі бедерленген. Қыл­қалам ше­берінің пейжазбен бірге натюр­морт, портрет жанрындағы ең­б­ек­тері де бір төбе. Оның мысалы ретінде, жоғарыда айтқан «Анам­ның портеті», «Ана», «Әкем­­нің портреті» се­кіл­ді шы­ғар­­ма­ларынан адам жа­ны­ның нәзік қылын тербеген ерек­ше стилін аңғарасыз. Ол Мәс­кеудегі оқуын бітіріп келген­нен кейін Орал Таңсықбаев атын­дағы Ал­маты көркемсурет учи­ли­щесінде оқы­тушы болды, одан соң Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын­да қызмет істе­ді. Қазір бас қаладағы өзінің жеке сту­диясында дарынды балаларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйретеді. Жайық Кү­шік­баев 1980 жылдан бері рес­пуб­ликалық, халықаралық көр­мелерге қатысып келеді. Оның бірқатар туындысы еліміз­де ғана емес, АҚШ, Ресей, Қыр­ғыз­стан,Түркия, Германия, Жа­пония және Балтық жағалауы елдерінің жеке коллекцияларына қабылданған.