Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Ақбөкен өсімін реттей аламыз ба?!

1863 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақбөкеннің Орал популяциясы туралы әңгіме соңғы күндері күн тәртібінен түспей тұр. Прези­дент­тің тікелей тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысына арнайы келген Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Еділ-Жайық арасында қалыптасқан ахуалды кө­зімен көріп, көшпелі мәжі­­ліс өт­кізген болатын. Кеше «Ха­лық медиа тобы» алаңында Пар­­ламент Мә­жілісіндегі Қазақстан Халық пар­тиясы фракциясының мұрын­дық болуымен «Бөкейорда» мем­лекеттік табиғи резерватын құ­ру­ға арналған кеңес өтті.

Ақбөкен өсімін реттей аламыз ба?!

Бүгінде киіктің дүниежүзілік популя­ция­сының 90%-дан астамы Қазақстан­ға тиесілі. 2019 жылғы есеп бойынша жануарлардың саны 334 400 бас болған. Соның ішінде Бетпақдала популяциясында – 111 500 бас, Орал популяциясын­да – 217 000 бас, Үстірт популяциясында – 5 900 бас тіркелген екен. 2020 жылы пандемияға байланысты көктемгі киік санағы жүргізілген жоқ. Батыс Қазақстан облысында ақбөкен саны шамадан тыс көбейіп кеткендігі туралы шамамен бір жыл бұрын айтыла бастады. Жергілікті тұрғындар, әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары киіктің көптігінен малға жайылым қалмағанын, шабындық жеткіліксіз екенін айтып дабыл қақты. Бірақ киікті қорғауға алған тиісті мекемелер киік саны қалыпты жағдайдан аспағанын, мал азығы тапшылығы қуаң­шылықтан екенін айтумен болды.

Айта кетейік, киіктің Орал популя­циясы Батыс Қазақстан облысының бар­лық жерінде емес, оңтүстік аудандарын­да – Еділ мен Жайық арасындағы Қазта­лов, Жәнібек, Бөкейорда және Жаңа­қа­ла аудандары аумағын ғана мекендейді. Экология министрінің соңғы сапарында ғана жергілікті халық бұл жерде ақбөкен популяциясының шекті саны 220 мың бас екенін естіп білді. Яғни Еділ мен Жайық арасында ең көп дегенде 220 мың бас киік болуы тиіс. Одан кө­бейсе жер көлемі, мал азығы, су көздері тап­шылық ететінін ғалымдар баяғыда есеп­теп қойған екен. Ал бұл шекке Орал популяциясы 2019 жылы жетіп қойған. Ендеше, халықтың дабыл қағуы бекер емес екен. Олай болса, бұл мәселе қалай шешілуі керек?

– Батыс Қазақстан облысында таби­ғаттың алуан түрлілігін сақтау және жо­­­йы­лып бара жатқан өсімдіктер мен жа­нуар­­ларды қорғау бойынша құрылған рес­пуб­ликалық дәрежедегі – 3, облыстық дәре­жедегі 7 табиғи қорық бар, ол облыс­тың жал­пы аумағының 1 пайызын алып жатыр, – дейді Экология, геология және табиғи ре­сурстар вице-министрі С.Бірекешов.

Ал киікті қорғау мақсатында ашы­латын Бөкейорда резерватын құру мә­селесі де көптен айтылып келеді. Эко­логия министрінің Батыс Қазақстан облысына келген соңғы сапарында дәл осы мәселе бойынша көшпелі кеңес өтіп, табиғи қаумал мен резерватты тездетіп құру туралы мәселе төтесінен қойылды.

– Киіктің Орал популяциясы ең көбей­ген 1989-1990 жылдары жануарлардың саны 300 мыңға жетіпті, бірақ одан аспаған. Ал қазіргі саны 400 мыңнан асты деп болжап отырмыз. Бұл соңғы жылдары Қазақстан тарапынан жасалған кешенді қорғау шараларының нәтижесі екені сөзсіз. Бірақ киік санының мөлшерден артық көбеюінің қауіпті жағы да бар. Өйткені мал жайылымы тозып барады. Оның үстіне киіктен малға, малдан киікке ауру жұғу ықтималдылығы жоғары. Сондықтан қалыптасқан жағдайдан шығудың кешенді жоспары жасалып жатыр. Соның ішінде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру жұмысы жеделдетіледі. Резерват үшін қосымша 78 штат ашылады. Қорғауға алынған резерват аумағынан жерасты су көздерін іздестіріп, жасанды суат жасаймыз, сөйтіп ақбөкендерді елді мекеннен алыс, қорғауға алынған жерге үйретеміз. Жоғарыдағы қорықтарды ұйымдастыру үшін Республикалық бюджет комисиясына тапсырыс беріп, 625 млн теңге сұрағалы отырмыз, – деді өз сөзінде вице-министр.

Резерват ашылған күннің өзінде Орал популяциясы өзінің шектік мөлшерінен көбейіп кеткенін айтқан едік. Мамандар­дың айтуынша, киік санын шектеудің екі жолы бар. Оның бірі – киіктің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың сол жағалауына көшіру. Екінші жол – ақбөкенді бірлесе қорғау үшін көршілес мемлекеттермен бірге трансшекаралық резерваттар құрып, киіктің мемлекет­тік шекарадан кедергісіз өтуі үшін эко­логиялық дәліз жасау.

Жиынға қатысқан ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы бойынша қазақстандық және ресейлік Ұлттық комитеттер басшылары Талғат Кертешов пен Валерий Неронов мұн­дай трансшекаралық ұйымдардың әлем­дік тәжірибесімен таныстырып өтті. Қазақстан Үкіметі Жаһандық экология­лық қор және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, «Дала эко­жүйелерін сақтау және тұрақты басқару» жобасын сонау 2010 жылы бекіткен екен. Жоба аясында «Бөкейорда» мемлекет­тік табиғи резерватының құрылуы сол кезде жоспарланған. БҰҰ Даму бағдарлама­сы желісі бойынша бүгінге дейін резерват­тың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға 27 млн теңге жұмсалған. Техникалық-экономикалық негіздеме дайындау жөнін­дегі іс-шаралар ел Үкіме­тінің қаулысымен бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» сала­лық бағдарламасына енгізілген.

– Алайда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру белгісіз себептермен тоқтап қалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік бағ­дарламасында да бұл жұмысты қаржы­ландыру қарастырылмаған. Біз, Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы, «Бөкейорда» резерватының жоба­сын жедел іске асыру керек деп есеп­тейміз. Қазіргі уақытта резерват құру үшін Үкімет бюджеттік өтінім жасап жатыр, ол республикалық бюджет комис­сия­сының қарауына енгізілмек. Біз мұны қадағалайтын боламыз, – деді Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова.

Сонымен, таяу арада нақты қандай ша­ралар жасалады? Мамыр айының соңында киік санағы қорытындыла­нып, Орал популяциясында қанша ақбө­кен бар екендігі нақты белгілі болады. Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бір ай ішінде одан әрі іс-қимыл жоспарын жасап, таныстырады. Дегенмен, барлық жұмыс жоспарға сәйкес жүрді дегеннің өзінде «Бөкей­орда» мемлекеттік табиғи резерватын ашу 2021 жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Кеңес барысында вице-министр айтылған ұсыныстар биліктің назарынан тыс қалмайтынына уәде берді.

Орман шаруашылығы комитеті төр­ағасының орынбасары Ерлан Мұратов 2023 жылға дейін киікті қандай жағ­дайда да өндірістік, ғылыми мақсатта пай­далануға тыйым салынғанын айтты. Бірақ бұл тыйым мерзімі өткен соң ақбөкен санын реттеу ісін мемлекет өз қолына алуы тиіс. «1955 жылы елімізде киік санын реттеу бағдарламасы болды. Оның терісі өңделіп, еті дүкенде сатылды, бұл жұмысты мемлекет қатаң бақылады. Сол кездері киік аулау оның жалпы санының 20 пайызынан аспай жүргізілді» дейді Ерлан Құрманұлы. Бұл тәжірибе болашақта ескерілуі тиіс.

Жиында белгілі болған тағы бір мә­селе – болашақта құрылғалы отырған резерват жерін қазір уақытша пайдаланып отырған шаруа қожалықтары бар. Резерват құрылған кезде ол жерлер мемлекет қорына қайта алынады. Қазіргі мәлімет бойынша облыста киік жайлаған жерлерде Жәнібек ауданының 258 шаруа қожалығы, Жаңақала ауданының 199 шаруа қожалығы, Бөкей орда ауданынан 274, Қазталов ауданынан 353 шаруа қожалы­ғы мал өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналысып отыр. Облыс әкімі Ғали Есқалиев уәде бергендей, өңірдегі киік санын рет­теу, резерват ұйымдастыру бойынша құ­рылған жұмыс тобына жергілікті шаруа қожалықтары өкілдері де кіріп, барлық зерттеу шаралар ашық жүрмек.