Өнер • 17 Мамыр, 2021

Татулық пен рухани құндылықтарды дәріптейтін фотокөрме ашылды

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Орталық  музейде «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрме ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өрбіген өнер жәрмеңкесін мәдениет ошағы мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Татулық пен рухани құндылықтарды дәріптейтін  фотокөрме ашылды

Фотокөрме қоғамдағы адами және рухани құндылықтарды дәріптеуге, әлемнің түрлі халықтарының діндері мен мәдениеттеріне деген толерантты дүниетанымды нығайтуға және олардың бір-біріне құрметпен қарауын қалыптастыруға бағытталған. Мұндағы бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін исламның рухани құндылықтарының тереңдігін танытатын фотосуреттер, сондай-ақ экспозицияны мейлінше толықтырған Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі ұсынған ислам туралы бірегей артефактілер тақырыпты аша түскен. Көрменің ашылу салтанатына Қазақстанның діни бірлестіктері мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.      

Көрмеге қойылған елу шақты сурет ислам дінінің рухани, мәдени, ғылыми мұрасынан сыр шертеді. Мұсылмандардың күнделікті өмірі бейнеленген бұл туындылар хақ діннің тазалығы туралы танымдық мағлұматтар береді. Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы фотокөрмеге келген қонақтарды құттықтай отырып, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан барлық ұлт өкілдері мен  діндер бірлігі мәселесі бойынша сындарлы диалогқа ұмтылғанын және әлемде толеранттылық идеяларын ілгерілетуге барлық жағынан ықпал ететінін атап өтті.

Болат Сәрсенбаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың конфессияаралық диалогты нығайтудағы, бірегей халықаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін құрудағы айрықша рөлін, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың діндер мен өркениеттер диалогының жаһандық орталығы ретіндегі Қазақстанның позициясын насихаттаудағы дәйекті саясатына тоқталды.          

«Көрмеден бөлек, осы тақырыпты арқау еткен халықаралық онлайн конференциялар салтанат құрады. Парламент Сенаты Төрағасы М. Әшімбаевтың басшылығымен биылғы жылы өтетін Съезд Хатшылығының кезекті XIX отырысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.  Онда 7-ші Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тақырыптарын айқындайтын боламыз. Көрме қабырғасындағы әр сурет дін мен дәстүр сабақтастығының, адамдар арасындағы достық пен татулықтың терең діңінен хабар береді. Әртүрлі конфессиялар мен діндердің өкілдерін бір алаңға біріктіру арқылы біз бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық идеяларын халықаралық қоғамдастықта нығайтуға және ілгерілетуге өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін», дейді Болат Сәрсенбаев.          

Іс-шарада мәдениетаралық және дінаралық диалог саласын нығайту мақсатында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Фотокөрме 2021 жылдың 1 маусымына дейін жалғасады.