Теннис • 05 Сәуір, 2021

Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннисшілердің әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Қазіргі кезде әйелдер арасында Қазақстанның үш өкілі «ТОП-100» ойыншының қатарына еніп отыр.

Теннисшілердің әлемдік рейтингі жаңартылды

WTA тізімінде ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. Ол өзінің 23-орынын сақтап қалды. Соңғы уақытта сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Юлия Путинцева үш саты төмендеп, бұл күндері 31-орынды иеленуде. Зарина Диас 88-сатыға жайғасты.

Ал көш басындағы теннисшілерге келер болсақ, аустралиялық Эшли Барти әлі де жеке-дара көш бастап тұр. Екінші және үшінші орындарда – жапониялық Наоми Осака мен румыниялық Симона Халеп. Сондай-ақ, америкалық София Кенин, украиналық Элина Свитолина, канадалық Бьянка Андрееску, беларуссиялық Арина Соболенко, америкалық Серена Уильямс, чехиялық Каролина Плишкова және нидерландтық Кики Бертенс үздік ондықтың қатарында.

Ерлер сайысында Сербияның саңлағы Новак Джоковичке тең келер ешкім жоқ. Оны Ресейдің мықтысы Даниил Медведев пен Испанияның мақтанышы Рафаэль Надаль өкшелеп келеді. «ТОП-10» ойыншының қатарына аустриялық Доминик Тим, грекиялық Стефанос Циципас, германиялық Александр Зверев, швейцариялық Роджер Федерер, ресейлік Андрей Рублев, аргентиналық Диего Себастьян Шварцман және италиялық Маттео Берреттини сынды дүлдүлдер енді.

Отандастарымыздың арасында ең үздік нәтижеге Александр Бублик қол жеткізіп отыр. Ол АТР рейтингінде 42-орынды еншілеуде.