Үкімет • 24 Қараша, 2020

Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерді газдандыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды

Энергетика министрі Н. Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов баяндама жасады.

Қазақстанда әлемдік энергетика нарығындағы секілді энергия тасымалдаушылардың басқа түрлерін өндіру мен тұтынуға қарағанда газ өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Биыл ҚР-да газ тұтыну 16,5 млрд м³ дейін өседі деп күтілуде (2019 жылы тұтыну көлемі 16,3 млрд м³ құрады).

Ең алдымен, бұл электр энергиясын өндіру үшін 50% газ, коммуналдық-тұрмыстық секторға 36%, өнеркәсіпке 14% пайдаланатын тұтынушылар санының артуына байланысты. Осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқын газдандыру көрсеткіші 53% деңгейінде жоспарланған, 9,8 млн адам табиғи газға қол жеткізе алатын болады.

2025 жылы газдандыру деңгейі 2120 елді мекенді немесе 11,7 млн тұрғынды қосумен 60%-ға жетеді. Бұған "Сарыарқа" жобасының 2 және 3 кезеңдерін іске асыру, Шығыс Қазақстанды газдандыру, сондай-ақ өңірлік желілерді кеңейту және реконструкциялау ықпал ететін болады.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2021 жылғы 1 сәуірге дейін Қазақстанды газдандырудың бас схемасының өзектендірілген жобасын әзірлеуді тапсырды.

Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында Премьер-Министр 2021 жылғы 1 наурызға дейін "Сарыарқа" газ құбыры жобасының 2 және 3 кезеңдерін іске асыру бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді жаңартып, барлық сараптамаларды алуды тапсырды.

Сондай-ақ 2021 жылғы 1 сәуірге дейін Шығыс Қазақстан облысын газдандыру тұжырымдамасын дайындау қажеттілігі атап өтілді. Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктеріне газбен жабдықтау объектілеріндегі ақауларды жою және оларды кейіннен пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне беру үшін жергілікті бюджеттерден қажетті қаражатты қарастыру тапсырылды.