
Облыстық Полиция департаментіндегі криминалдық полиция басқармасының бастығы Мейрам Базарбаев мал ұрлығы көбінесе үй жануарларын қараусыз жібере салудың салдарынан болатынын айтады. Жыл басынан бері полиция қараусыз кетіп қалған 114 бас малды тауып, иелеріне қайтарып берген. Аймақта мал ұрлығына қатысты 145 оқиға тіркеліп отыр. Басқарма бастығының айтуынша, биыл мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда үш есе азайған. Ал аса ірі көлемдегі мал ұрлығы 60%-ға төмендеген.
Түлікті қараусыз жіберіп, кейін көз жазып қалған соң малым ұрланды деп полицияға шағым түсіретін тұрғындар жиі кездеседі. Таяуда ғана Қамысты ауданында дәл осындай жағдай орын алған. Тұрғындардың бірі үйдің маңында жайылып жүрген құны 300 мың теңге тұратын сиырының ұрланғаны туралы арыз жазған соң полиция дереу мал іздестіру шарасына кіріседі.
– Алдымен іздестіру тобын жасақтап, ауылдың маңын екі күн бойы айнала шолып, тас жолдағы жүк көліктерін тоқтатып, тексердік. Сөйтсек көк сиыр қолды болмапты, өрісте алаңсыз күйіс қайырып жатыр екен. Егер тұрғындар малын таңбалап, қараусыз қалдырмаса мұндай келеңсіз оқиғалар бірнеше есе азаятын еді. Бізге келіп түскен әрбір арыз ресми түрде тіркеліп, мал ұрлығына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары тағайындалады. Одан кейін адам шығарып, техника бөліп жедел іздестіру шарасын бастаймыз. Осылайша тұрғындардың салғырттығы полицияны бос әуре-сарсаңға салып қоятын кездер жиі болып тұрады, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлан Мусин.
Мәслихат депутаттары қабылдаған жаңа ережеге сәйкес, енді әр ауылдық округте қараусыз жүрген жануарларға арналған қамау орындары пайда болады. «Тәртіп бұзған» түлік осы малқамаққа қамалып, айыппұлы төленген соң ғана иесіне қайтарылды.
Осы орайда, Қостанай облысының егін шаруашылығы жақсы дамыған солтүстік аудандарында жергілікті тұрғындар ауылдың маңынан мал жаятын қолайлы өріс таба алмай отырғанын айта кету керек. Көптеген ауылдың айналасындағы қолайлы жайылымдарды ірі шаруашылықтар меншіктеп алғандықтан, жекенің малына тұяқ басар жер қалмай қалып отыр. Жергілікті әкімдіктер тұрғындардың жеке малына деп арнайы бөлген жайылым, біріншіден, ауылдан шалғай болса, екіншіден, құнарсыз жерлер болып жатады. Мұндай жайылымдар күз болмай шаңы шығып, қара тақырға айналады. Ал ауыл халқы азын-аулақ малын көбейте алмай әлек. Мәслихат депутаттары енді осы мәселені шешуге күш салса игі...
Қостанай облысы