Саясат • 13 Қазан, 2020

Әділдік іздеген полицей әлеуметтік желіге шықты

2515 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасырып жабары жоқ, бұқара халықтың арасында құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімнің азайғаны ақиқат. Әділетсіз әрекеттер, заңсыздықтар болып жатқан соң сенімдеріне селкеу түспей қайтсін?! «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бекер айтпаған еді.

Әділдік іздеген полицей әлеуметтік желіге шықты

 

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі атты» Жолдауына үңілсек, «учас­келік инспектордың мәрте­бе­сін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», делінген.

Ал полицейлердің халық алдында беделі артуы үшін әділдіктің ақ туын жықпай, алдымен елдің қауіпсіздігін қамта­масыз етуі керек емес пе?! Қажет жағдайда, тұрғын­дар­ға көмек қолын созып жі­бе­ру де артықтық етпес. Одан полицейдің абыройы артпаса, погоны түсіп қалмайды. Керісінше алғысқа бөленіп, ел арасында еңбегі еленеді. Халыққа жақын жүрген соң беделі артады. Елі сыйлайтын азаматқа айналады. Ол үшін бірақ Президент айтқандай, тұтас реформа жасалуы керек шығар. Әйтпесе құқық қорғау қызметкерлерінің өз ішінде заңға қайшы әрекет жасайтындар аз емес сияқты.

Атап айтсақ, биыл ақпан айында ақтөбелік полицейлер әділдік іздеп, бейнеүндеу жасағаны есте­ріңі­­зде шы­ғар. Одан соң қыр­күйектің бас жа­ғында «Түр­кіс­тандық полицей­лердің былығы» деген тақы­рыппен әлеуметтік желіде учас­келік инс­пек­тор­дың бұза­қы­лық іске бейжай қа­ра­ған­ды­ғы туралы жазылған болатын. Нәтижесінде учас­келік полиция сүттен ақ, су­дан таза болып шыққанға ұқсай­ды. Бұлар бертінгісі, бізге белгі­лісі ғана. Ал ішінара орын алып жатқан заңсыздықтар қаншама?!

Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысында құқық қорғау қызметі саласында тағы әділетсіздік орын алды. Бұл жолы да өз іштеріндегі заңсыз әрекетке қарсы шық­қан полиция қызметкері шара­сыз­дықтан әлеуметтік желі арқылы халыққа бейнеүндеу жолдаған.

Өзін Еркебұлан Мерембаев деп таныстырған полиция сержанты Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Шар қаласының полиция бөлімінде қызмет етеді. Полицейдің айтуынша, Жарма аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы подполковник Ринат Ахатин сот қаулысымен 15 тәулікке қа­мал­­ған азаматты бо­са­ту­ын сұ­ра­ған. Алайда бұл заң­ға қайшы еді. Оның үсті­не қамаудағы ер-азаматтың ешқандай куәлігі болмаған.  

«Шарасыздықтан бейне­үн­деу жолдап отырмын. Өйт­к­ені ақылға сыймайтын жағдайлар болып жатыр. Мен 2013 жылдан бері әкімшілік қамауға алынғандарды қабыл­дау орнында жұмыс істеймін. 2020 жылдың 27 шілдесінде кестеге сәйкес кезекшілікке түс­тім. Бөлім кезекшісі Жар­ма аудан­дық полиция бөлі­мі бас­тығының міндетін атқа­ру­шы, подполковник Ринат Ахатинге қоңырау шалуымды сұрады. Айтқан соң хабарлас­тым. Ол соттың қаулысымен 15 тәулікке қамалған Әуезов кентінің тұрғыны, 1970 жылы туған азаматты уақытша боса­туым керектігін айтты. Ол Әкім­шілік құқықбұзу­шы­лық­тың 608-бабы бойынша, яғни алкагольді ішімдік ішіп көлік руліне отырғандығы анық­талып, 14-29 шілде аралы­ғын­да Шар қаласында қамауға алынған болатын», дейді по­лиция қызметкері бейнеүн­деу­де.

Полиция қызметкерінің ай­туынша, қамаудағы азамат көрші ауылға әлдебіреудің жерлеу рәсіміне сұранған көрінеді. Бірақ кезекші полицей  босатуға үзілді-кесілді қарсы болған. Алған беттен қайтпаған подполковник қайта қоңырау шалып, қамаудағы азаматтың ешкімге көрінбей үн-түнсіз барып қайтатынын айтқан. Тіпті ауданның прокурорымен келісіп қойғанын да хабардар еткен. Болмаса, «ауырды деген сылтау айтып, дәрігер шақыртып уа­қыт­ша босат», дегендей түрлі нұсқалар да ұсынған. Алай­да антына берік полицей бас­шы­лық тараптан айтылған нұс­қауды орындаудан бас тартқан. Бұдан соң шені өзінен төмен қызметкерге подполковник азамат қоқан-лоқы көрсет­кен көрінеді. Ал сержант бұл жағдай дәлелді болуы үшін сөйлескен сөздерін диктофонға жазып алған.

«Мен Ішкі істер минис­трі­не, Бас прокурорға баянат жаздым. Болған жағдай тәртіптік комиссияда қаралып, толық емес жаза берілді. Тіпті қызметінде қалды. Ал мені мадақтаудың орнына «басқа қызметке ауысқың келмей ме?» десті. Осы сөз менің на­мы­­сыма тиді», дегенді айтады полицей.

Осындай қитұрқы әре­кет­терді көріп-біліп отырған қара­пайым халық құқық қор­ғау қызметкерлерінен қан­дай қайыр күтсін. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Заң­сыз­дыққа бара қоймайтын Еркебұлан Мерембаев сынды полицейлер де жоқ емес шығар. Десе де, бір құмалақ бір қарын майды шірітпей ме?!        

Бұл оқиға туралы Шығыс Қазақстан облыстық По­ли­­ция департаменті баспа­сөз қызметінің хабарлауын­ша, әлеуметтік желілерде таратылған бейнежазбаға қа­тыс­ты департаменттің қауіп­сіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп, бірқатар аумақ­­тық бөлімшелердің бас­шы­лары қатаң тәртіптік жауап­кершілікке тартылғанын айтты. Сонымен қатар департамент басшылығының тапсырмасы бойынша қосымша тексеру тағайындалған екен.

Кейін белгілі болғандай, Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаев шығыс­қазақ­стан­дық полицейдің бейнеүндеуін назарға алып, облысқа ішкі қауіпсіздік департаментінің қыз­меткерлерін жіберді. «Олар қызметтік тексеру жүр­гі­зіп, оқиғаның мән-жа­­йын анықтап, полиция бө­лі­мі бас­шы­ларының іс-әре­кет­те­рі­не баға беруі тиіс», деп хабарлады ведомстводан.

Әліптің артын бағайық. Бұл мәселенің нәтижесін біз де назарымызда ұстайтын боламыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы