Аймақтар • 04 Тамыз, 2020

30 жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан инспектор еске алынды

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл оқиға осыдан тура отыз жыл бұрын Петропавл қаласының "Жұмысшы" кентінде болған еді. Үй-ішінің берекесін алып, қойдырмақ болған көршілерін де ұрып, балағаттап жатқан сотталып келген маскүнемнің қылығын көргендер оны учаскелік инспектор Алексей Щербаковқа жеткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz

30 жыл бұрын ерлікпен қаза тапқан инспектор еске алынды

Бір маскүнемді сабасына түсіру үшін жедел топ шақырмай, милиция майорының өзі бұзақыны ауыздықтауға жалғыз барады. Бірақ адамдық кейіптен шығып, хайуандық күйге түскен маскүнем ешкімнің қойдырғанына қарамай, қолындағы лыпып тұрған ұстараны жан-жағына сермеп, әйелі мен көршілерін бір бұрышқа тығып қойған екен. Ол кездегі милицияда қару да болмайтын, сондықтан А.Щербаков бұзақыға қарсы жалаң қолымен айқасқа шығып, оны сабасына түсіреді. Алайда анау да қолындағы ұстарамен майорға жеті жарақат салып үлгерген екен. Майор ет қызуымен өзіне  ауыр дене жарақаты салынғанын да сезбей қалады. Дәрігерлер А.Щербаковты аман алып қалу үшін қолдан келгендерін жасап бағады, бірақ жанды жерден тиген пышақ жарақатынан оның өмірін құтқара алмайды.

Содан бері кеше тура 30 жыл өтіпті. Майордың қызметтік міндетін атқару үстінде қанға боялған көйлегі мен сол күні жанында болған жеке заттары қазір музей экспонаттарының қатарынан орын алған.  Ал есімі  ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық тақтаға қашалған. Сонымен бірге туып-өскен Аққайың ауданының Смирново кентіндегі көшелердің бірі жерлестерінің есімімен аталып, оқыған мектебінің қабырғасына да мемориалдық тақта орнатылған.

Қазір полиция қызметкерлеріне қарсы қол көтеру қылмыскерлер арасында үйреншікті әдетке айналған. Осының өзі заңның солқылдақтығының бір көрінісі. Бір кезде "билікке қарсы қол көтеру" деген арнайы баптың жазасы өте қатал болатын. Сондықтан қылмыскерлер формалы адамға қол көтеруді ойламайтын. Өткен наурыз айында ғана Петропавлда тағы бір бұзақы полиция капитаны Жанат Мұхамеджановқа пышақпен жарақат салды. Әрине, қазір полиция қызметкерлеріне ату қаруы берілген, бірақ оны да оңды-солды қолдана бермейсің ғой. Абзалы жазаның қатаңырақ болғаны керек.

 

ПЕТРОПАВЛ