Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Батыс Қазақстан індетке қарсы күресте 2 млрд 130 млн теңге жұмсады

353 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы сұқбат беріп, кейбір орын алған қиындықтар үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстан індетке қарсы күресте 2 млрд 130 млн теңге жұмсады

Өңірде коронавирусқа қатысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда 571 адам жұқпалы аурулар ауруханасында, 369 науқас провизорлық ауруханада ем алуда. Оның ішінде 473 адамның жағдайы орташа болса, 92 адам ауыр халде жатыр.

– Ауруға шалдыққан адамдар облыс орталығында және барлық аудандарда анықталды. Ең көбі Орал қаласы бойынша – 2100 адам немесе 61,1%. Бөрлі ауданында – 223 адам, Бәйтерек ауданында - 208 адам және Ақжайық ауданында – 141 адам ауруға шалдығып отыр, – деді Ғали Есқалиев.

Әкімнің айтуынша, 1 сәуірде өңірде коронавирус жұқтырған науқастарға 380 кереует әзірленген. Бірақ ол жеткіліксіз болғандықтан үш есеге жуық көбейтуге мәжбүр болған. Қазір мұндай кереует саны 1125-ке жетті.

– Алдын ала болжам мұндай болған жоқ. Карантин ашылғаннан кейін бізде пневмониямен ауырған адам саны едәуір өсіп кетті. Біздің облыстағы барлық науқастың 82%-ы маусым-шілде айларында тіркеліп отыр. Шыны керек, біз бұған дайын болған жоқпыз. Өңірдегі провизорлық ауруханалар 100 пайызға жақын толық. Ертең бізге қосымша медициналық жабдықтар келуі керек. Яғни ертең-бүрсігүні біз Орал қаласында қосымша 230 төсек-орын ашамыз, – деді өңір басшысы.

Дәл бүгін өңірде өкпені жасанды желдететін 130 аппарат бар. Әкімнің пікірінше бұл жеткілікті.

Ал оттегі концентраторлары керек. Оның саны әзірге 46 дана екен. Соңғы күндері демеушілердің көмегімен қажетті жабдық шетелден сатып алынған, жақын күндері жеткізілуі тиіс. "Бұған қоса медиктер Бобров аппаратын да қолданып жатыр. Біз жақын күндері Орал қаласындағы кәсіпорындардың бірінде Бобров аппаратын өзіміз шығара бастаймыз", деді әкім.

Қазіргі таңдағы өткір мәселенің бірі – медициналық кадр жетіспеушілігі. Әсіресе кіші және орта медициналық мамандар жетіспеуде. "Бүгінгі таңда індетпен күреске медициналық қызметкерлердің жалпы санының тек 50%-ы ғана жұмылдырылған. Медициналық қызметкерлердің көбі ауруға шалдыққан немесе мәжбүрлі демалыстарға кеткен. Осы мәселені шешу үшін Орал қаласындағы 2 медициналық колледж түлектерін ауруханаларда жұмыс істеуге жеделдетіп оқыту жұмысы басталды. 15 күннен соң біздің дәрігерлерге 200 жуық жаңа медициналық қызметкер көмекке келеді. Сонымен қатар, біз басқа қалалардағы жоғары медициналық оқу орындарының түлектерін тартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жеке медициналық клиникалардан 9 дәрігер әріптестеріне көмектесуге келісті", дейді Ғали Есқалиев.

Маман жетіспеушілігіне және пневмонияның өсуіне байланысты өңірде науқастарды жоспарлы емдеу уақытша тоқтатылды. Осыған байланысты тұрғындар үйде кеңес алу және емделу үшін барлық амбулаторияларда мобильдік клиникалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, барлық емханада тұрғындардың телефон қонырауларын қабылдайтын орталық жұмыс істеуде. Емхана телефон нөмірлері www.stopcovid.kz сайтында тұр. Облыс тұрғындары 109 нөміріне қоңырау шалып, медициналық кеңес алуға, емханалардың жұмысы туралы өз ұсынысы мен шағымын айтуға болады. Айта кетейік, науқастарға телефонмен ақыл-кеңес беру ісіне зейнет демалысына шыққан бұрынғы дәрігерлер көмекке келіпті. "109" нөміріндегі операторлар қажет болған жағдайда науқасты жұқпалы аурулар дәрігерлері мен пульмонологтармен қоса алады.

Егер тұрғындар қандай да бір себептен үйден шыға алмаса, еріктілер дәрі-дәрмектер мен азық-түліктерді жеткізуге көмектеседі. Ол үшін де "109" нөміріне қоңырау шалу керек. Аймақтағы коронавирус туралы барлық ақпарат stopcovid.kz сайтында тұр.

Соңғы ай ішінде өңірде сатылған вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрі-дәрмектің көлемі 5 есе артқан. Қазір құрамында парацетамол бар препараттар, ацетилсалицил қышқылы, цефтриаксон, вирусқа қарсы препараттар, азитромицин, аскорбин қышқылы секілді дәрілердің қоры жасақталған. Парацетамол, левофлоксацин және антикоагулянттар тапшылы сезілуде. "Өңірдегі бар дәрі-дәрмек орнымен, уақытымен пайдаланылса, жеткілікті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дәрілерді көтеріп сатып алушыларды, бағасын негізсіз өсірушілерді анықтауға кірістік", дейді өңір басшысы.

Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде бір күнде жедел жәрдем қызметіне хабарласатындар саны 600-ден 1100-ге дейін өсіп кеткен. Осыған байланысты жедел жәрдем бригадаларының саны көбейтілді. Қазір 61 бригада жұмыс істеп тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 көлікке артық.

"Алдағы 2 ай ішінде жедел жәрдем станциясына тағы 37 көлік сатып аламыз, оның 20-сы – реанимобиль", деп хабарлады Ғали Есқалиев .

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында коронавирусты анықтау үшін 5 зертханада күніне 1200-1400 зерттеу тесті жасалады. Тест қорытындысын шығаруда кідіріс бар, өйткені зертхана қызметкерлерінің өзі індет жұқтырып алады екен. Сондықтан бұл зертханаларда дезинфекциялық шаралар жиі жасалып, карантинге де жабылады. Мұндай жағдайды болдырмас үшін мамандар тесті тек стационарларда және науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарға жасауды ұсынып отыр.

Әрине, коронавирусқа қарсы шаралардың бәрі өңірде құрылған жедел штабтың бақылауымен жасалып отыр. Бұл іске барлық құқық қорғау органдары жұмылдырылған. Мысалы, экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті шекарадан өткізбек болған контрабандалық тауар – 4 млн дана бетпердені тәркілеп, денсаулық сақтау департаментіне тапсырды. Арнайы мониторингтік топтар баға мен санитарлық талаптардың сақталуын үнемі тексереді. Бұл іске жекелеген азаматтар да үлес қосуда.

Батыс Қазақстан облысында коронавируспен күреске осы кезге дейін республика және облыс бюджетінен 2 млрд 130 млн теңге жұмсалыпты. Соның ішінде 835 млн теңге дәрігерлер үшін жеке қорғаныш киімдерін сатып алуға кеткен. "Бұл өте көп қаржы, бірақ соның өзінде жеткіліксіз", дейді әкім. Өйткені талап бойынша инфекциялық ауруханада дәрігер екі сағат сайын қорғаныш костюмын ауыстырып тұруы керек. Бір костюмның құны 20-30 мың теңге аралығында тұрады. Бір тәулік қызмет еткен дәрігер осы костюмды 12 мәрте ауыстырып киюі керек. Мемлекеттік бюджетке үлкен шығын болып отыр.

Сондай-ақ наурыз-мамыр айларында 500 млн теңгеден астам қаржы індетке қарсы күрескен дәрігерлердің жалақысына үстемақы ретінде төленген. Оны 3066 дәрігер алған. Үстеме алушылардың саны маусым айында одан да көбейеді.

Коронавирусқа қарсы күрес шығындары ішінде облыс бюджетінен медициналық құрал-жабдық алуға бөлінген 254 млн теңге, дезинфекциялық шараларға арналған 119 млн теңге де бар. Медиктердің тамақтануы, қонақүйде тұруы секілді шығындар да есептелген.

Бұған қосымша демеушілердің көмегімен «Ақжайық» қоры арқылы 130 млн теңгедей қаражат келді. Одан бөлек ешбір есепке алынбаған спонсорлардың қаражаты да бар екен.

"Бүгінде әлем бойынша бірқатар елдерде ахуал тұрақтанып келеді. Олардағы жағдай біздің өңірдегіден де ауыр болған еді. Бірақ, олар ішкі тәртіптің арқасында эпидимиологиялық ахуалды жақсарта алды. Шетелдік мамандардың пайымдауынша, коронавируспен күресте ең тиімді тәсіл – көпшілік жерлерге бармау, той-томалақ өткізбей изоляцияда болу. Өкінішке орай, біздің елдің азаматтары осы позицияны ұстана алмай отыр. Мына аса қауіпті дерт тек денсаулығымызды жойып қана қоймайды. Асыл қазынамыздан айырып, үрім-бұтағымызға қауіп төндіріп тұр. Сақтық шараларына салғырт қарамайық. Коронавирус бейқамдықты кешірмейді. Мен барлық қиындықтарды бірге жеңе алатынымызға сенімдімін. Жақынымызға жанашыр болып, қауіптің беті қайтқанша аман болайық!" деді өңір тұрғындарына арнаған сөзін қорытындылаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

 

Батыс Қазақстан облысы