Видео • 11 Маусым, 2020

Елді еліктірген қызғылт көл

2287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі емдік қасиетімен пайдалы. Әрі осы аудандағы ірі көлдердің бірі. Былтыр, ойда жоқта, Көбейтұз көлі көпшіліктің назарын аударды. Сол-ақ екен, көлді іздеп, жолға шыққандар көбейе бастапты. Неге дейсіз ғой?

Елді еліктірген қызғылт көл

2019 жылдың жазында тұзды көлдің түсі қызғылт реңге бояла бастаған. Біреудің әдейі жасаған ісі емес. Тұз қабыршақтары қызарып, көлдің беті ерекше құбылысқа енген. Сондықтан болар, Көбейтұз – Қызғылт көл аталып келеді. Көктегі ақша бұлттар да көл үстінде көлбеңдеп әдемі үйлесім тапқан. Мұндағы әсемдікке тамсанып, тұзды судан шипа іздеп келетін адамдар күннен күнге көбейіп келе жатыр. Мәселен, Жанерке Ербосынқызы өткен аптада ғана аталған жерге арнайы барып қайтыпты.

  Жанерке Ербосынқызы     

- Алғашқыда көлге барған адамдардың фото-видеоларын көріп, қызықтым. Көп ұзамай жолға шықтық. Елордадан аса алыс та емес. Көл Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының бойында жатыр екен. Ерейментаудан өткен бетте «Қоржынкөл станциясы» деген белгіден оңға бұрылған соң, туннель арқылы жолдың арғы бетінде орналасқан «Ақжол» кешеніне жеттік. Көл сол маңайда. Ол жердегі көріністі сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тек көзбен көру керек. Мен барғанда адамдар көп жүрді. Жалаң аяқ су кешкен ата-әжелер де байқалады. Жағасында дастархан жайып, көңілді отырыс құрып отырған отбасылар да бар. Соның бәрі адамға ерекше атмосфера сыйлайды, - дейді бойжеткен. 

Розовый озера

Осы тектес пікірлерді әлеуметтік желідегі оқырмандардың жазбасынан да жиі байқаймыз. Сондықтан да Ақмола облысының туристік әлеуетін арттыруға тиімді орындардың бірі болуға лайық деген ой келеді. Алдымен алыстан ат терлетіп келетін саяхатшылар үшін тиісті жағдайлар жасалуы шарт. Бұл – ішкі туризмді жандандырудағы елеулі жұмыс болар еді деп ойлаймыз.