
Мәселе түсінікті болу үшін Балтық мүйісіне аз-кем тоқталайық. Ұзындығы 65 шақырымға созылатын бұл жер Польшаның солтүстігінде Ресейдің Калининград өңірімен түйіскен тұста орналасқан. Мүйістің 35 шақырымы Ресейге, қалған 30 шақырымы Польшаға тиесілі. Сондықтан оның атауы да әр жерде түрліше айтылады. Солтүстіктегі көршіміз оны Балтық мүйісі десе, Польша Вислин мүйісі дейді.
Ондағы шығанақтың атауы да екі түрлі: батыс бөлігі – Вислин лагуны, шығысы – Калининград шығанағы. Балтық теңізіне шығатын тұс біреу ғана. Оның өзі Ресей шекарасында орналасқан. Бар мәселенің туындауы да осыған келіп тіреледі. Польшаның ең үлкен қалаларының бірі Эльблонгтағы порттан теңізге шығу үшін Ресейдің шекарасын кесіп өтуі тиіс. Екіжақты келіссөздердің нәтижесінде жүк тасымалдайтын кемелер арнайы тексерістен өтпейді. Бірақ жеке катерлер, яхталар арнайы рұқсат алуы тиіс.
2006 жылы Ресей билігі Балтық бұғазы арқылы Польша кемелерінің өтуіне тыйым салған еді. Осыған байланысты Польшада Вислин мүйісіне канал салу туралы әңгіме қозғалып, шешім қабылданған. Алайда кейінірек үкімет тізгінін ұстаған Дональд Туск Ресеймен мәмілеге келді. Содан кейін Ресей шекарасын жапқан емес. Дегенмен, кейінгі жылдары Польшада канал салу жоспары қайта көтеріліп, былтыр жобаны жүзеге асыру жұмысы басталып кетті.
Құрылыс аяқталғанда 100 шақырымға дейінгі су жолы қысқартылып, Балтық теңізіне тікелей шығуға мүмкіндік жасалмақ. Жоба туралы талайдан бері айтылып келе жатқанымен, оның құрылысы 2019 жылы басталған-ды. Жоспарға сәйкес, каналдың ұзындығы 1305 метрге жетеді. Польша билігі құрылысты 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Жоба құны әзірге 2 млрд злотиға тең (500 млн доллар).
Польша президенті Анджей Дуданың айтуынша, канал салу арқылы Польша Ресейдің ықпалынан құтылып, тәуелсіздігін нығайта түспек. Ел президентінің пайымдауынша, мұндай жобалар қосымша жұмыс орнын ашады. Сондай-ақ ол Батыс Еуропа елдерімен бәсекелесуге әзірміз деп мәлімдеп, Батыспен байланысын күшейтуге дайын екенін жеткізді.
«Біз жобаға мол инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Құрылысты тоқтатуды, кейінге шегеруді немесе қысқартуды жоспарлап отырғанымыз жоқ. Өйткені бұл инвестиция ел экономикасына мол қаржы құяды», деді ол.
Биліктің амбициясына қарамастан, Польшада да, шетелде де оған қарсылар жетерлік. Әсіресе елдегі оппозиция өкілдері жобаның өз-өзін ақтамайтынын алға тартады. Ал экология белсенділері бұл бастаманы табиғатты бүлдіру деп есептейді. Оған қоса, Польшаның Вислин мүйісіне канал қазуы Ресейге де ұнаған жоқ.
Биыл Польшада президенттік сайлау өтеді. Жоспар бойынша электорат 10 мамырда дауыс беруі тиіс еді. Коронавирус пандемиясына байланысты сайлау кейінге шегеріліп, 28 маусымға белгіленді. Президенттіктен үміткерлер енді Вислин мүйісіне канал қазу жобасын саяси науқанның бір бөлігіне айналдырып отыр. «Азаматтық алаң» оппозициялық блок тарапынан сайлауға түсіп жатқан Рафал Тшасковский жеңіске жетсе, құрылысты тоқтатуға уәде берді.
Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Польшаның бұл бастамасын қатты сынға алды. Әсіресе баспасөз беттерінде Вислин мүйісіне канал салуды Еуропалық комиссия қолдамай отырғаны жиі айтылады. Дегенмен, бұл шындыққа сай келмейді.
Қазіргі таңда Польша билігі мен Еуропалық комиссия мүйіске су жолын салу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Еуропалық парламенттің ресми сайтында жобаға қатысты нақты шешім әлі шықпағаны жазылған. Әйтсе де ресми түрде Варшава жобаны жалғастыру үшін оның тиімділігі мен қоршаған ортаға қауіп төндірмейтінін дәлелдеуі тиіс. Алда-жалда Анджей Дуданың әкімшілігі қарт құрлық шенеуніктерінің көзін жеткізбесе, Еуропалық комиссия құрылысқа тоқтау салуға құқылы.
Қысқасы, Вислин мүйісіне канал салудың экономикалық жағынан гөрі, саяси астары басым болып тұр. Польша билігі осы қадам арқылы Батыс Еуропаның демократиясына жақындығын білдіріп, Ресейдің кез келген ықпалынан арылуды көздейді.