
«Тілге қатысты кедергіні жою жөніндегі миссиямызды жалғастыру барысында Microsoft Translator тілдер тобына қазақ тілін қосқанымызды қуана хабарлаймыз. Qazaqsha не Qazaq Tili Қазақстанда, Қытайдың батысында, Моңғолияның батысында, Ресейдің оңтүстігінде және әлемнің басқа елдерінде қолданылады. Қазақша сөйлейтін 22 миллионға жуық адам бар», делінген Microsoft компаниясының ресми блогындағы жазбада.
Қазақ тілі ендігі жерде Microsoft-тың аударма жасайтын қолданбалары, баптаулары, Office бағдарламасы, Bing-ке арналған аудармашыда және кәсіпкерлер мен бағдарлама жасаушыларға арналған Azure Cognitive Services аударма қызметі секілді жобаларында қолжетімді болмақ.
Енді интернет пайдаланушысы кириллица әліпбиімен терілген мәтінді Microsoft Translator-да қазақшаға және тағы басқа 60 шақты тілге аударуға мүмкіндігі бар.
Бұл – қазақ тілінің қолданыс ауқымы кеңейіп, салмағы артып келе жатқанын айғақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», дегені есімізде. Ендеше, қазақ тілінің мәртебесін еліміз ғана емес, бүкіл әлем мойындай бастады десек, қателеспейміз.