Қоғам • 12 Қараша, 2019

Келісімшарт құрал болмаса...

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жекелеген адамдар біреуге есе жіберіп алса, әлдекімге ақысы кетсе, іштей мазасызданып, кеткен есесін, ақысын қайтаруға күш салып жатады. Тіпті кейбір адамдар біреуге ақысын жіберіп алған жағдайда оны өзіне қорлық санайтыны бар... Ал тұтас бір мемлекет өзге тараптармен қарым-қатынастары барысында аз үлеске көніп, ұтымсыз келісімдерге барып жатса, сол елдің халқы мұндай қадамдарға қалай қарайды?

Келісімшарт құрал болмаса...

Тәуелсіздік жылдарында елімізге инвестиция аз тартылған жоқ. Шартараптан құйылған инвестициялық қыруар қаржы экономикамызды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға орасан зор ықпал етті. Қысқасы, оның игілігін ел көрді, жамағат жемісін жеді. Жалпы, сырттан тартылған инвестицияның көлемі еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін айғақтайтын көрсеткіштердің бірі деп те айта аламыз...

Қоғамы тыныш, ішкі және сыртқы сая­сатында қайшылықты көріністер жоқ, жаһан елдерімен байланысы орнықты, әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті нығайту ісінде бастамашыл, бітімгершіл, шекара мәселесінде дау-дамайдан ада, тұрақты дамуы қамтамасыз етілген, тартымдылығы жоғары, инвесторларға заңдық негізде қолайлы жағдай жасаған елдің бәсі, беделі қашан да биік. Ал осындай артықшылықтары бар мемлекетке қалтасы қалың, құрығы ұзын, озық технологиялары жеткілікті шетелдік құрылымдардың үйір болатыны табиғи жағдай. Десек те, жат елге ешкім қаржысын арқалап, «сендерде бәрі жақсы екен» деп оңай келе салмайды. Түрлі келіссөздер, зерттеулер жүргізіліп, әрбір қадам бүге-шігесіне дейін зерделенеді. Содан кейін барып ортақ келісімге қол қойылады. Қазақстан да осындай процестердің талайына қатысып, өзіне инвесторларды көптеп тарта білген елдердің бірі. Бүгінде инвестиция тарту жағынан келгенде еліміз талайлардан оқ бойы озық тұр.

Алайда қарапайым халықтың, қоғам белсенділерінің тарапынан мемлекетіміздің инвестиция тарту саясатының кейбір тұстарына, инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижелеріне, ел аумағында жұмыс істеп жатқан шетелдік алпауыт компаниялардың бірқатар іс-қимылдарына қатысты сыни пікірлер аз айтылып жүрген жоқ.

Мәселен, таяуда, дәлірегі осы жылғы 26 қыркүйекте өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында: «Осы кезге дейін елімізде мұнай өнімдерін өндіретін мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) заманауи үлгіде салынған жоқ. Шетелдік ірі инвес­торлар МӨЗ салуға құлықсыз. Өйткені инвес­торлар біздің шикізаттық ресурстарымызды шикідей алып кетіп, бір баррельге шаққанда өзімізге 8 есе жоғары бағаға сатқанды жөн көрді. Үкімет оларға МӨЗ салыңдар деп қатаң талап қоя алмады. Нәтижесінде, біз мұнай өндіру жағынан тек шикізаттық елге айналдық десек болады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1,5 млрд тонна мұнай мен газ конденсаты өндіріліп, шикізатты экспорттау көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқылардың қатарына кірдік. Өзімізден шығып жатқан көл-көсір шикізатты шетелге арзан бағаға өткізіп, олардан терең өңделген өнімдерді бірнеше есе қымбатқа сатып алу тоқтар емес. Салдарынан импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шетелдердің экономикасына жұмсалып жатыр», деді. Бұл ел ішінде кейде айтылып қалатын, нақты деректерге негізделмеген қаңқу сөз емес, халық сенім білдірген сенатордың пікірі.

Әрине халық өз мемлекетіне инвес­ти­циялық қаржының құйылғанына, инвес­тор­лардың келіп жұмыс істегеніне қарсы болмайды. Тек, арадағы келісімшарттар ортақ мүддеге орайластырылып, таразы басын тең ұстау жағына баса назар аударылса, инвесторларға еліміздің алдындағы міндеттемелерін терең сезіне орындауы заңдық тұрғыда қатаң талап етілсе құба-құп болар еді.

Қорыта айтқанда, халықтың көкейінде жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты сұрақ баршылық. Бұл сауалдарға лайықты жауап берілуі тиіс. Оның ұтымды жолы – мемлекетіміз бен инвесторлардың арасындағы әріптестік иірімдері, қаржылық, құқықтық міндеттемелер жөніндегі ақпараттардың халыққа қолжетімді болуы. Егер тараптар арасындағы келісімшарттар туралы ақпараттар ашық болса, ел ішінде айтылып жүрген пікірлердің орынды не орынсыз екені өздігінен айқындалады. Егер саладағы ақпараттар ашық болмаса, онда қоғамдық көңіл күйді төмендететін түрлі әңгімелер өрши бермек. Ал бұл өз кезегінде күндер өте еліміздің тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін.