
Әлемдік маңызы зор шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Витаутас Магнус (Литва, Каунас қ.) университеті және QS Quacquarelli Symonds халықаралық компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.
Ауқымды шараға академиялық қауымдастық көшбасшылары – жоғары оқу орындарының ректорлары, білім, ғылым, өнер, журналистика, бизнес, экономика және денсаулық сақтау саласындағы өкілетті ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Қатысушылар Қазақстан, Ресей, АҚШ, Литва, Латвия, Ұлыбритания, Жапония, Корея, Түркия, Әзербайжан, Эстония, Эфиопия, Польша, Украина, Өзбекстан сияқты елдерден келді.
Конференцияға барған қазақстандық делегация құрамында Қазақстан ЖОО ректорлары (Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы Е. Сыдықов), ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жалпы саны жүзден астам делегат бар.
Халықаралық жиынға қатысқан спикерлер қатарында Quacquarelli Symonds британдық консалтинг компаниясының өңірлік директоры Зоя Зайцева, британдық «The Guardian» газетінің редакторы Рейчел Холл, белгілі журналист Стивен Хоар, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Витаутас Магнус университетінің ректоры Юозас Аугутис, Сколков ғылым және технологиялар институтының факультет деканы Клемент Фортин және басқалар болды.
QS in conversation – бұл жоғары білім саласындағы жаһандық міндеттерді талқылауға, әлемдік қауымдастықты нығайтудағы университеттердің рөлін анықтауға, халықаралық жоғары білім беру жүйесіндегі трендтерді талқылауға және т.б. аса қажетті мәселелерге бағытталған әлемдік маңызы зор жиын.
Жиында халықаралық ынтымақтастық арқылы жоғары оқу орындарының танымалдылығын арттыру әдістері, БАҚ-пен байланыс жолдары қарастырылды және студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту арқылы жұмысқа орналастыру, креативті ойлау, жеке брендинг, сонымен қатар рейтингтер арқылы бәсекеге қабілетті кеңістікте ЖОО-ның өз сәйкестігінің жетістіктері талқыланды.
Форумның ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Quacquarelli Symonds британдық консалтинг компаниясының өңірлік директоры Зоя Зайцева, Витаутас Магнус университетінің ректоры Юозас Аугутис, тағы басқалар сөз алды.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов атап өткендей, бұл саммит – қазақстандық және достас елдердің университеттері халықаралық деңгейде өз позициясын сенімді түрде ұстап отырғанына дәлел. Мобильділік, тану, брендинг арқылы танылу сияқты халықаралық саммит тақырыбының өзектілігі де жоғары білім беру саласындағы жаһандық бәсекелестіктің өсуімен байланысты. Яғни, бәсекеге қабілетті маман, озық ғылыми білімді дамыту – халықаралық әріптестік пен ынтымақтастықтың басты ұстанымдары.
Витаутас Магнус университетінің ректоры Юозас Аугутис өзекті мәселелердің оң шешім табатынына үміттенеді. «Біз мұнда күш-жігерімізді қалай біріктіріп, болашақта университет үшін заманауи сын-қатерлерді анықтау, мәселені белгілеу және шешім табу үшін жиналдық. Ұлы трансформация кезінде біз бейімделіп, қалай үйрететінімізді және нені үйрететінімізді түсінуіміз керек. Өйткені тек жоғары білімді, сыни ойлайтын тұлға ғана манипуляцияларға қарсы тұра алады», деді спикер. Сонымен қатар Юозас Аугутис жалпы мәселелерді шешу үшін университеттер серіктестермен, бизнеспен, Үкіметпен, қоғаммен бірігуі керек деп мәлімдеді.
Quacquarelli Symonds британдық консалтинг компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Зоя Зайцева форумның маңыздылығын атап өте келе: «Бұл жерде теория, презентациялар, баяндамалар ғана емес, ең бастысы, адамдар бірін-бірі біледі, кездеседі және тәжірибе алмасады», деді.
Саммит екі күнге созылды. Жиынға қатысушылар «Университет & БАҚ-пен байланыс», «Университеттік брендинг: бәсекелестік кеңістікте өз жолын табу», «Рейтингтер арқылы брендинг: QS қалай барынша пайдалану керек» және т.б. тақырыптарды талқылады.
Конференция соңында «QS EECA University Rankings 2019 – Дамушы Еуропа мен Орталық Азия университеттерінің QS 2019» рейтингісінің нәтижелері жарияланды.
Сондай-ақ осы шара аясында Ерлан Сыдықовтың төрағалық етуімен Қазақстанның жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің отырысы өтіп, оған литвалық әріптестер де қатысты.
Ләйлә РАХМАНОВА,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Каунас (Литва)