Қоғам • 01 Қазан, 2019

Етектен тартқан бөрідей...

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта елімізде жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Соның салдарынан қаза тапқан, мүгедек болып қалған, түрлі жарақат алған адамдардың есебінен жаңыласыз...

Етектен тартқан бөрідей...

Бірде Қарағандыдан Нұр-Сұлтанға қарай таксиге міндім. Сағызын шайнаңдаған жүргізуші жас жігіт қаладан шыға көлігін жүйткіте жөнелді. Жылдамдық өлшегіші сағатына 150 шақырымды көрсетіп келеді. Сол әлеттерде күнделікті естіп-көріп жүрген түрлі жол-көлік оқиғалары, осы іспеттес келеңсіздіктердің кесірінен тауқыметтің қамытын киген талайлардың аянышты жай-күйі санада жаңғырып, жан-дүнием мазасыздана түсті. Бұл жайт жүректі қысып, іле ішкі әлемімде «бала-шағама аман-есен жетіп алсам деген ішкі тілегім кенеттен орындалмай қалуы мүмкін-ау» деген үрей қылаң берді. Сонда да сабыр сақтап, сәлден кейін жүрісін баяулатар деген үміттің жетегінде отыра бердім. Бірақ үмітім ақталмады... Содан ақыры шыдай алмай, жүргізушіге сыпайылап: «Інішек, біраз жолды еңсеріп тастадық, енді сәл жүрісіңді баяу­лат, жүрексініп келемін», дедім. Көлік иесі кекесінмен: «Аға, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген бар, қорықпаңыз», деді де менің өтініш-ескертпемді елей қоймады. Сол кезде, машинаға мінгелі ұялы телефондарынан бас көтермеген өзге үш жолаушының бірі: «Ағай, жүргізушіге кедергі келтірмеңіз, жылдам жүре берсін. Мен асығыспын, тойға үлгеруім керек», деп шап етті. Содан менің Алладан амандық тілеп, «тәуекел» деп тыныш отырғаннан басқа амалым қалмады...

Жалпы, мұндай жағдай бір менің ғана емес, мыңдаған, тіпті миллиондаған жолаушының басынан өтіп жатады... Тағдырын бір Тәңірге, одан кейін жауапсыз, ұшқалақ, көлігін ұшырта жүргізер жүргізушілерге тапсырып, оған жол бойы жаутаңдай қараудан аса алмай, иманын үйіріп сапарлайтын миллиондардың жайын кім түсінсін? Олардың арасындағы жолы болмай, тәуекелі тасқа соғылып қаза тапқандардың артында қалған қимастарына немесе жарымжан болып, арбаға таңылып, мұң-зары жүрегін тілгілеген жамағатқа кім жауап береді? Жауап беретіндер бар делік, бірақ құныкер тараптың тіліне тиек еткені, ұсынған материалдық дүниесі орны толмас қазаға ұшырағанның жақындарының, мүгедек болып, тән жарасы жан жарасына ұласқанның көз жасын құрғата ала ма?

Жоғарыда мен сөз еткен жүргізуші жолай өзінің Қарағанды мен Нұр-Сұлтанға жолаушы тасып күніне екі рет қатынайтынын, өйтпесе астындағы көлікті иемдену үшін банк­тен алған несиесін өтей алмай қалатынын, сондықтан барынша жылдам жүруге тырысатынын түсіндірді. Мұны естіген мен «Кредитін төлеу қамымен жүріп бейтаныс жандарды қауіп-қатер қапасына уақытша қамайтын немесе кейбір адамдарды сол қапаста өмір бойы қалдыратын, өз өмірін жалмауы мүмкін жаңа да жайлы көлігін кредитке алған жүргізушілерге Алла сабыр берсін», деп тіледім.

Бүгінгі қоғам жауапсыз, тәжірибесіз, жүгенсіз жүргізушілерден аз зардап шегіп жатқан жоқ. Ат төбеліндей қазақтың санын көбейту асыл арманымыз десек, осынау ізгі тілек жағадан алған жау санамасақ та етектен тартқан бөрідей болған жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен баяу орындалып жатқаны қынжылтады.

Бір жанның қыршын кетуі, жалғыз адамның шығын болуы емес. Бұл – бір отаудың тігілмей қалғаны, бірнеше нәрестенің өмір есігін ашпай, белде кеткені. Бұл – тереңірек үңілгенге ұлттың қасіреті, көптігіне сеніп көз алартып отырған көршілерге аздығының себебінен амал-айласы құрып отырған қазақ үшін үлкен шығын.

Экономикалық тұрғыда белсенді, демографиялық өсімге тікелей әсер ететін көптеген жастардың (сапарға жиі шығатындар мен жүргізушілердің дені жастар екені белгілі) жол апаттарынан қыршыны қиылып жатқаны – алаңдатарлық ахуал. Бұл жағдайдың белең алуына жастардың бесіктен белі шыққан бетте рулге жармасатыны, көлік жүргізу құқығын растайтын құжаттың беру ісінде жең ұшынан жалғасу әрекеттерінің азаймай тұрғаны, балажан ата-аналардың ұл-қыздарының машина жүргізгенін «азамат болдыға» балап, темір тұлпарды тізгіндеуге ертерек рұқсат беретіні сынды көптеген себептер әсер етуде. Мұның барлығы ел көңілін күпті еткен жайттар.

Жаныңнан жанай өтер көліктер кейде маған жан-жағымнан зуылдап ұшып жатқан оқ немесе бір жерге барып гүрс ете жарылар снаряд секілді көрінеді. Осы зуылдаған «оқтар» тимей, бәлкім оны тигізбей үйге аман жеткеніңде өзіңді оққағары бар жандай сезініп қаласың. Бірақ бұл сезім жүрегіңде ұзақ тұрақтамайды. Өйткені көшеге ертең тағы шығасың, зуылдаған «оқтардың» арасында жалтақ-жалтақ етіп өміріңді жалғайсың. Өзіңді ғана ойлап қоймай, перзенттеріңнің, ет жақындарыңның, таныс-бейтаныс жандардың бірі қайдағы бір қаңғыған «оққа» тап келіп қалмаса жарар еді деп те уайымдайсың. Бір мен ғана емес талайлардың өмірі осылай өрілуде. Алла тағала қайғы-қасіреттен сақтағай.