19 Наурыз, 2010

ҚАЗЫҚ ЖҰРТ

1043 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Баспа базарына еркін еніп, толымды да татымды еңбектерімен көпшілік көңілінен шығып жүрген тамаша азамат, бұл күндері ер жасына жетіп отырған білікті баспагер Нұрлан Исабеков жетекшілік ететін астаналық “Фолиант” баспасының игілікті істерінің бірі – “Менің Отаным – Қазақстан” сериясымен жарық көріп жатқан кітап-альбомдар. Көркем безендіріліп, еліміздің әр өңірінің тарихы, табиғаты, тағылымды тұлғалары туралы тереңнен тартып сыр шертетін бұл сериямен осыған дейін Қуаныш Ахметовтің  “Ұлытау”, Сырым Бақтыгереевтің “Ойыл”, Сайлау Байбосынның “Ерейментау”, Еркін Қыдырдың “Отырар” атты елеулі еңбектері шықты. Жақында бұл серияны қазақтың көрнекті жазушысы Қалаубек Тұрсынқұловтың “Қазығұрт” атты кітап-альбомы (демеушісі – Бекет Тұрғараев) толықтырды. Біз бүгін оқырман назарына сол кітаптың алғысөз мақаласын ұсынып отырмыз. Бір жолы кабинетіме Қуаныш Ахметов келді. Бойы да, сойы да келіскен, жігіттің  жайсаңы дей­тін­дей, ақтарылған ақкөйлек азамат еді. Әйтеуір қазаққа болсын деп кү­йіп-пісіп жүретін, сөйтіп жүріп жа­нып та кетті.  “Фолиант” баспасы “Менің Отаным – Қазақ­стан” деген сериямен еліміздің айтулы өңірлері туралы кітап-альбомдар шығаруды қолға алып, соларды жазатын, құрастыратын авторларды ойластырып жатқан көрінеді. Қуаныш өзі “Ұлытауға” кірісіп кетіпті. “Сіздің Қазығұртта туға­ны­ңыз­ды білген соң әдейі келіп отыр­мын, Қазығұрт туралы кітапты сіз жазсаңыз”, дейді. Жауабымды бірден айттым. “Күндіз әріп тү­зе­тіп, түнде қаріп күзетіп, жанды жал­дап, жанығып жүрген мына жұ­мыста ондай үлкен шаруаға уақыт таба алмайтын шығармын. Тіпті уақыт тапқанның өзінде мұны менен артық атқарып беретін адам бар”, дедім. “Ол кім?” – “Ол – Қа­лаубек Тұрсынқұлов. Қаламгер­лі­гінен де, қайраткерлігінен де хабардарсыз. Әрі Қалекең аудан туралы энциклопедиялық сөздіктің бас редакторы болған кісі. Қазы­ғұрт­тың кешегісін де, бүгінгісін де Қалекеңнен артық білетін адам жоқ, ал тапсырылған іске жауап­тылығын жазушы ағайынға айтып жатудың өзі жөнсіз болар”. Қуаныш сол сөзге тоқтады. Қалекеңмен хабарластым. “Ондай сериядан Қазығұрт туралы кітаптың жоспарланғаны қай жағынан да жарасымды екен. Біраз зерттегенім рас, біраз жазғаным рас, әлі талай деректерім бары да рас. Тек...”, деп сәл үнсіз қалды. “Тек... денсаулығы құрғырдың сыр беріп жүргені, денсаулығым жараса болды, бұл өзі  перзенттік парыз ғой”, деп бір қойды. Жетпістің жотасына шыққан адамның ауық-ауық денсаулықты ауызға алып тұратынын сөздің салтындай  көріп, онша мән бермедім. “Қа­ле­ке, кірісіңіз осыған, Құдай қуат берсін, жазып шығасыз, мәтін сізден, қалған ұйымдастыру ша­руа­сының бәрі бізден болсын”, дедім. Келістік. Міне, сол кітап қолыңызда тұр, ардақты ағайын. Тек өзекті өр­тейтін бір өкініш бар – бұл аль­бомды оның авторы, қазақтың қабырғалы қаламгері, ұлтымыздың асыл азаматтарының бірі Қалаубек Тұрсынқұлов қолына ұстай алмай­ты­ны. Қолжазбаны баспаға тап­сы­рып үлгерген ағамыз ұзақ жылдар бойы қажытқан аурудан ақыры айыға алмай, өмірден өтіп кете бар­ды. Тағы бір перзенттік парызын өтеп барып аттанды арамыздан. “Қазығұрт” – туған жер туралы тағылымды толғау. Осынау аты аңызға айналған киелі жердің қадір-қасиетін айшықты ашып беретін толымды туынды. Автор Қазығұрттың жерін де, елін де, ерін де зердемен зерттеген, өнегелі өрнек­термен келісті кестелеп бер­ген. Өңірдің табиғи ландшафтынан, жан-жануарлар әлемінен, өсім-діктер дүниесінен бастап, жер бе­де­ріндегі әр атаудың ономас­ти­калық оюынан тартып, олардың солай қойылуының  жай-жапсарын жіліктей шағып, аңыз-әфса­на­лар­мен әдемі астастырып отырады. Бұл еңбектің беттерінен сіз Қа­зы­ғұрттың төсінде небір ғажайып оқиғалар болып өткеніне нақты деректер, ғылыми кітаптарға сілтемелер арқылы көз жеткізесіз. Атап айтқанда, Кир патшаның, Александр Македонскийдің Азия жеріне жорықтары кезіндегі шешуші шайқастардың осы Қазы­ғұрт өңіріне қатыстылығын на­нымды дәлелдей алған. Ал Истеми қағанның Византия елшісі Зе-мархт­ы осы таудың баурайында қабылдағаны, Шыңғыс хан мен Әмір Темірдің, Шайбан әулетінің, Қазақ хандығының көп-көп тарихы Қазығұртпен байланысты екендігі қолмен қойғандай көрсетілген. Бұл ара­да автордың “Қазығұрт” то­пониміне орай: “Осы атаудың этимологиясын зерттеген ғалымдар мен оқырмандардың көптеген болжамы бар. Солардың бірі әрі көңілге қонымдысы “қазы” және “құрт” деген екі сөзден шыққан деген болжам. “Қазы” деген атау­дың лауазымды кісіге ғана қол­да­нылатыны соңғы кездерге дейін қазақ тілінде жиі кездесіп келді. Тіптен, қазір де қолда­ны­лады, мысалы, әділқазылар алқасы. Ал “құрт” атауы көне түрік тілінде “қасқыр” деген мағынаны білдірген деп тұжырымдайды шығыстанушы ғалымдар. Егер осы тоқтамға жүгінер болсақ, “Қазығұрт” деген сөз “Киелі қасқыр” немесе “Билік жүргізуші, басшылық жасаушы қасқыр” деген мағынаға жақын­дайды. Ал көне түркі халқындағы тотемдік ұғымдардың ішінде ең алдымен қасқыр аталатынын еске алсақ, осы ойымыз бұдан да нақтылана түседі” (67-бет) дегеніне толықтыру ретінде мына ойды ортаға сала кеткіміз бар. Біздіңше, “Қазығұрт” атауының түп-тамыры тым тереңде болуға тиіс. Оның прототүркілік нұсқасы “Қаңғұқ-урт”, яғни қуыс (шұңқыр, үңгір) жұрт, басқаша айтқанда, “Ұлы құрсақ” екендігіне қарасақ та, Қазығұрт тауының алыстан алып қайыққа ұқсайтынына зер салсақ та, “қаңғұқтың” “қайұқ”, яғни “қайыққа” келетініне, ал “қадзұқ-урт” транскрипциясының “қазық жұртқа” жақындығына көңіл бөлсек те талай ойға қаламыз. Бас­қаша айтқанда, Қазығұрт адам­заттың орасан апаттан кейін қазық қаққан жұрты болып шығады. Оған жанаса тұрған жерге арғы баба­ла­ры­мыздың Ілінгір (Ленгер) деп ат қо­юында да мән бар: Нұқ пай­ғамбар кемесінің ілінгірі (якорь) сол жерге түскен... “Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған” деп келетін бағзы жыр баршаға белгілі. Нұқ пай­ғамбар кемесінің осы таудың шы­ңында тұрып қалуына бай­ланысты айтылатын аңызды автор жеріне жеткізе, әсерлі әңгімелеген. Бұл ара, әрине, Жер бетін сондай топан су расында қаптады ма, Нұқ жасаған кеме қай таудың басына қайырлады деп жататын тұс емес. Мұның ұшығына арғы-бергідегі бүкіл әлемнің ғалымдары шыға алған жоқ. Аңыздағыдай 40 күн жаңбыр жауса да сонша су жиналмайды, Нұқ пайғамбар жан-жануар, жәндіктердің 40 мың түрінен жұп-жұбымен алғанда кеменің көлемі кем қойғанда 198 900 текше метр болуға тиіс еді дегендердің сөзін де, Құран-Кәрімдегі: “Кеме әл-Жуди та­уы­ның үстіне келіп тоқтады” деген сөзге қарап, біздегі бір автор­лар­дың: “Әл-Жуди Тибет таулы қы­раты болуы мүмкін. Қазақ ше­жі­ре­лерінде Нұқтың кемесі Қазығұрт тауына жетіп тоқтаған деген аңыз шындыққа жатпайтын сияқты, өйткені оның биіктігі Тибет тау­ла­ры­нан төрт есе төмен”, деп жазуын да келтіріп жатпайық. Құдайдың құдіретіне  шек жоқ, демек, бұл аңызға шәк жоқ. Мәселе басқада. Мәселе – ежелгі бабаларымыз санасының  әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан сұлулығында, саралығында, дү­ние­нің жаратылысына, адам­заттың жер-жаһанға таратылысына қы­зық­қан, соны өзінше түсіндірген да­ра­лығында. Топан су, Нұқ кемесі жа­йын­дағы аңыздың алғашқы нұс­қасы Месопотамияда шығып, Грекиядан Үндістанға дейінгі талай елге, Кубаға, Бразилияға, Океа­ния­ға жетуіне қарасақ, Конфуцийге дейінгі қытай мифологиясында осындай кепті бастан кешкен Ну Уа (Ной, Нұқ) туралы айты­ла­ты­нына назар аударсақ, қазақ ми­фо­логиясының әлемдік сарындар ауанынан айнымайтынының өзі тәнті етеді. Тіпті кейбір ғалым­дарымыз: “Үндіарийлер өздерінің то­пан су туралы мифтерін про­тотүркілерден алып, өз талаптарына сай өзгерткен болып шығады”, деген пікірлер де айтып жүр. “Қазығұрт” кітабындағы тағы­лым­ды жайдың бірі ғана бұл. Киелі жер­дің кешегісі мен бүгінгісі жө­нінде егжей-тегжейлі әңгі­мелеген, әсем безендірілген кітап-альбом – Қазығұрт өңірінің тамаша шежіресі. Кітапты оқып шыққан адам бар қа­зақтың баласы Қазығұрт атын ай­рық­ша ардақтайтынының сыр-се­бебіне әбден қанығады, бір ғана өңі­рінің өзінде осынша тағылымды тарих тұнып тұрған туған елін бұ­рынғыдан да қадірлей түседі. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.