Сайлау • 23 Мамыр, 2019

Қоғамдық штабтардың іс-қимылы ширақ

1136 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президенттіктен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары заңға сәйкес жүріп жатыр. Аймақтардағы сайлауалды қоғамдық штабтар жергілікті тұрғындарға өздерінің кандидаттары ұстанған басты бағыттарды жан-жақты түсіндіруде.

Қоғамдық штабтардың  іс-қимылы ширақ

«Ақ жол» демократиялық партия­сынан президенттікке кандидат Дания Еспаева сенім білдірілген өкілдерімен бірге Қарағанды өңіріне барды. Партия төрағасы, кандидаттың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Азат Перуашев бастаған насихатшылар тобы­ның қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев, партия төр­аға­сының орынбасары Дмитрий Васильев бар.

Кездесу барысында қарағандылық кәсіпкерлер президенттіктен үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысып, өздерінің ойларымен бөлісті. Қозғалған тақырыптар елдегі шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және салықты азайту жөнінде болды. Кәсіпкерлер аймақтағы жеке бизнестің ахуалын айтып түсіндірді. Партияның Қарағанды облыстық филиалының дерегіне сәйкес, былтыр мемлекеттік органдар тарапынан көрген әкімшілік қысым, заңсыз тексерулер және басқа да құқық бұзушылықтар туралы 800-дей кәсіпкер шағымданған екен. А.Перуашев осындай жұмыс сапарлары арқылы назар аударарлық өзекті мәселелерден хабардар болып, шешу жолдарын қарас­тыратындарын мәлімдеді.

Д.Еспаеваның сайлауалды бағдар­ламасымен Қарағанды турбоме­хани­калық зауыты да танысты. Кәсіпорын жылу-электр стансасы құрылғыларын жөндеу, қосалқы жабдықтарын даярлау саласында 25 жылдан аса уақыт жұмыс істейді. Осы жыл аралығында түрлі қуаттағы 400-дей турбина жөндеуден өтті. Зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында кандидат отандық бизнесті қолдау, ішкі нарықта қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беру туралы ойларын жеткізіп, шетелдік ком­паниялардың өзі қазақстандық шағын және орта бизнестің қызметін пайдалануы тиіс екенін айтты. Сайлауалды штаб мүшелері көпшіліктің мазалаған сұрақ­тарына жауап берді.


*  *  *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің сенім білдірілген адамдары Семей облысында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Бұл өңірде кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы таныстырылған келесі орын ғасырға жуық тарихы бар «Ұн-құрамажем» зауыты болды. Бүгінде бұл кәсіпорын маңай­дағы ауылдардан шикізат жинап, айына 15 мың тонна да­йын өнім шығарады.

Қазақстан өңдеу өнеркәсібіндегі әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерінің тек 30 пайызға жуығы ғана өңделеді. Ал егер осы бағытты жандандыратын болсақ, әр ауылда кемінде бір өңдеу цехы жұмыс істеп тұрар еді. «Ауыл» партиясынан президенттікке кандидат Т.Рақымбековтің бағдарламасын­дағы осы және өзге де мәселелер Семей өңірінде қызу талқыланды. Кандидат кәсіпорындар мәселесін жиі көтеріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын ұсынады. Ол ауыл шаруашылығын экономика­ның драйверіне айналдырамыз десек, ең ал­ды­мен шалғай ауылдардағы шағын қожалықтарды көтеру керек деп есеп­тейді. Кандидаттың басты ұстанымдарын жеткізген сенім білдірілген адамдар «Ауыл деген сөздің ішіне бәрі сыяды. Ол – эконо­микамыздың негізі, өндірістің оша­­ғы және рухани байлықтың қайнар көзі. Сон­дықтан ауыл мәселесіне бейжай қарау­ға болмайды», деді.

Сонымен қатар Тараз қаласында «Ауыл» партиясы атынан президенттікке кандидат Т.Рақымбековті қолдауға арналған концерт өтті. Концертке про­фессор-оқытушылар құрамы, пар­тия­­ның саяси кеңес мүшелері, қала тұрғындары, жастар қатысты. Кон­цертті партияның Жамбыл облыстық филиа­лының саяси кеңес мүшесі Нұр­лан Балғабаев ашты. Ол өз сөзінде канди­даттың өмір жолына, сайлауалды бағдар­ламаларына тоқталып, барлық қатысу­шыларды дауыс беру кезінде кандидатқа қолдау көрсетуге шақырды.


Есептен шығару куәлігі

1. Есептен шығару куәлігін сайлаушы өзінің болатын орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына тіркеу орны бойынша учаскелік сайлау комиссиясы береді. Сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
2. Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін көрсеткеннен кейін учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні сайлаушыны өзі болатын жердегі сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.
3. Бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі табыс етілмейді.
4. Есептен шығару куәлігін толтыру сайлаушының қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізіледі.


*  *  *

Кәсіподақтар федерациясы ұсынған президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың сенім білдірілген адамдары тарихи шаһар – Түркістандағы «Игілік ата» мешітінде кәсіподақ ардагерлерімен және жамағатпен кездесу өткізді. Онда ұзын-ырғасы 100 адам бас қосты. Жиында кандидаттың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов сайлау науқанының маңыздылығына тоқ­талып, азаматтарды саяси додада өз таңдауын жасауға шақырды. А.Тас­пиховтың тұғырнамасын таныстырып шығып, ондағы еңбек адамы­ның құқық­тары мен мүддесі жан-жақты талқыланған тармақтарды тарқатып айтты.

Ал кандидатқа қолдау көрсетіп жүрген белсенді жастар Түркістандағы А.Ясауи кесенесіне зиярат ете келген азаматтарға, сондай-ақ Орталық саябақ, «Рәміздер алаңы» аллеясы, Орталық базар сияқты халық көп шоғырланған орындарға барып, үміткердің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атымен аталатын саябақта «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС жұмысшыларымен кездесу өтті. 200 адам қатысқан іс-шарада Б.Бекжанов көпшілікті сай­лауға аса жауапкершілікпен қарап, дауыс беруге үндеді. Үміткердің тұғыр­намасымен таныстырған штаб басшысы А.Таспиховтың басты ұстанымы қарапайым еңбек адамына жасалуы тиіс қамқорлық екенін атап өтті. Жиында сөз алған Құрылыс кешені жəне ТКШ қызметкерлері кəсіподағының төрағасы Абдурайра Манахов елімізге, халыққа аянбай қызмет ететін кандидатты таңдау əрбір Қазақстан азаматының борышы екенін атап көрсетті. Көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған тұщымды жауап алған жұмысшылар елеулі саяси додаға бейжай қара­майт­ындықтарын жеткізді.


*  *  *

Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан президент­тік­ке кандидат ретінде тіркел­ген Жамбыл Ахметбеков кеше Қызылорда облысына атбасын бұрып, Талсуат ауы­лын­дағы «Талсуат» оңалту орта­лығында қызметкерлермен, емделу­шілермен және зейнет­кер­лермен кездесті. Орталық басшысы қонақтарға мекеме өзінің тиімді емдеу әдісімен танымал екенін, заманауи техникалармен жабдықталғанын мәлімдеді. Кандидат ем-дом орталығының жұмысымен танысып шығып, өзінің сайлауалды тұғырнамасын кеңінен ашып көрсетті. Ол біздің қоғамға батыс мәдениетінің кері әсеріне ерекше тоқталып, қылмыскер олигархтардың елге қайтарылуын және сотқа тартылуын талап ете­тінін мәлімдеді. Сондай-ақ үміткер партия және оның Мәжі­лістегі фракциясы саясаттың бел ор­тасында жүріп, еңбек адамы, оның өмірі, зияткерлігі, мәде­ниеті мен саламаттылығы, ел мен қоғамға қызмет етуге деген ұм­ты­лысы болуын талап ету­ді жалғастыратынын атап өтті. Одан кейін ұлттық саясат, жастардың пат­риот­тық тәрбиесі, зейнетақы, еңбек ардагерлері мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мәселелері де талқыланды.

Кездесу соңында кандидат қатысу­шыларға алғыс білдіріп, емделушілерге зор денсаулық пен сәттілік тіледі. Қызыл­орда облыстық сайлауалды штабының же­тек­­шісі Талғат Телеубаев партия адам өмі­рінің сапасын арттыру бойынша мем­лекеттік саясаттың іске асырып жат­қан стратегиялық басымдықтарын қол­­­дайтынын және медицина саласы қызмет­кер­лерімен қатар халық салауаты үшін еңбек етуді борыш санайтынын атап өтті.

Бұл іс-шарадан бір күн бұрын Т.Телеу­баев штаб өкілдерімен бірге об­лыстық Медицина орталығының қыз­мет­керлерімен кездесіп, партия­ның жұмысшылар мүддесін мемлекет­тік деңгейде қорғайтынын айтқан еді. Соның ішінде ақ халаттылардың әл-ауқатын көтеру мәселелерін ерекше атап өтті.

*  *  *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері бай тарихы бар, қарқынды дамып келе жатқан Атырау облысына барды. Алғашқы кездесу Атырау қала­сындағы Махамбет Өтемісұлы атын­­дағы қазақ драма театрында өтті. Кездесуде қала халқы өздерін тол­ған­дырып жүрген басты мәселелер, оның ішінде тұрғындарды әлеуметтік қол­дауға қатысты ақпараттар алды. Штаб мүше­лері аталған мәселенің Қ.Тоқаевтың бағдар­ламасында негізгі басымдыққа ие екенін жеткізді. Бағдарламада әлеуметтік саланы дамытуға қосымша 2 трлн теңгеден аса қаржы бөлу ұсынылып отыр. Сонымен қатар аз қамтылған, көп балалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салу көзделген. «Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі, барлық санаттағы мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан толыққанды көмек көрсету жоспарланып отыр. Ал еңбек етуге қабілетті тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтылып, еңбегіне лайық жалақы алуы тиіс делінген», деді штаб жетекшісі М.Әшімбаев.

Кандидаттың сайлауалды бағдар­ламасының «Әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесі» деп аталатын тарауын­да «Аз қамтылған және көп балалы от­басыларға, мүмкіндігі шектеулі адам­дарға, барлық санаттағы мұқтаж адам­дарға берілетін әлеуметтік көмектің ауқымын кеңейтеміз. Атаулы әлеуметтік көмектің ашықтығын және мақсаттылығын арттырып, оны алу уақытын қысқартамыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, оның сапасын арттырамыз. Зейнетақы реформасын жалғастырып, зейнеткер­леріміз­дің өмір сүру сапасын жақсар­тамыз», деп көрсетілген.

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриот­тық қозғалысынан пре­зи­­денттікке кандидат Әмір­жан Қосанов елордада орналасқан респуб­ликалық штаб кеңсесінде Желто­қсан оқиғасының қатысу­шы­ларымен кездесті. Кандидат пен оның сенім білдірілген адам­дары кездесу кезінде сайлауал­ды тұғырнаманың негізгі бағыт­тарын атап өтіп, қонақтар құжат­ты толықтыруға қатысты өз идея­­ларымен бөлісті. Желтоқ­сан­шы­лармен кездесуде кандидат Ә.Қосанов өзінің жуық арадағы жоспарларымен бөлісті, штаб жұ­мысы жөнінде айтты, ор­тақ қоғамдық мәселелерді талқы­лады. Кандидат жиынға кел­ген желтоқсаншылардың қолдауына ие болды.

Ал кандидаттың қоғамдық штабы­ның жетекшісі Дәурен Бабамұратов сайлау заң­на­масына қатысты қиын­дық­тарға ұшырап қалмас үшін, аза­маттардың қол­дауын біл­діру жолдарына қатыс­ты бейне­үн­деу жарияла­ды. Он­да «Үгіт-наси­хат материал­дарының дайын­далуы заңмен қатаң реттелген. Дәл сол уа­қыт­та әлеуметтік желілерде әртүрлі «мемдер», плакаттар және басқа кандидаттардың ар-намысына тиетін материал­дар жасалып, олар шынайы өмірде әр жерге жапсырыла бастаған. Бұл жағдайдың бізге зияны тиюі әбден мүмкін, себебі заңға қайшы келетін тұс­тары бар. Дәл осындай жағдай рұқсат етілмеген шерулерге де қатысты. Қалыптасқан жағ­дайда заңсыз болып табылатын әрекеттерді әлеуметтік желі беттерінен өшіруді, не өзгертуді сұрауымыз мүмкін», делінген.

Сонымен қатар канди­дат­тың Батыс Қазақстан об­лы­сындағы қоғамдық штабының өкілдері халықтың мәселелерін талқылау үшін тұрғындар­ды қабылдады. Сенім білді­ріл­ген адамдар үміт­кер­дің ұс­танымдарымен және сай­лауалды бағдарламасының негіз­гі бағыттарымен таныстырып, қарапайым азаматтардың пікі­рін білді. Жиналғандарды ал­дағы сайлауға белсенді қаты­суға шақырды.

*  *  *

«Ұлы дала қырандары» рес­пуб­ликалық қозғалысы атынан сайлауға түсіп жатқан Сәдібек Түгел Алматыда тоғыз­құма­лақтан өткен турнирге қатыс­ты. Сайысты кандидаттың сол қаладағы сайлауалды штабы ұйым­дастырды. Додаға тоғыз­құ­малақ­тан Алматы қала­лық феде­рациясының пре­зиденті Еркебұлан Халелов қатысты.

«Қазақстанда тоғызқұмалақ жақсы дамыған, қазір 20-30 мемлекетке кеңінен тараған. Біздің еліміздің командасы өте жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Өзім бас болып Алматыдағы Арбатта былтыр жаз бойы тоғызқұмалақты үйренгісі келетіндерге тегін үйреттік. Бұл жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға арналған ойын түрі болғандықтан, тек ресми ғана емес, бұқаралық сипатқа ие болса деймін. Осы бағытта ұлттық ойын түрлеріне баса көңіл бөліп отырған С.Түгелдің сайлауалды бағдарламасын­да­ғы ұлттық құндылықтарды жас буын бойына дарытып, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу деген ұстанымдары көңіліме қонады», деді Е.Халелов.

Турнирге қатысушылар­мен бірге қоғам қайраткері, жазушы С.Түгелдің өзі де тоғызқұмалақ ойнап, жастарды жеңіске жігерлендірді. Ол тоғызқұмалақпен жас буын мектеп қабырғасында айналысып, бұқаралық ойын тү­ріне айналуына «Ұлы дала қыран­дары» республикалық қозға­лысы айрықша назар аударатынын жеткізді. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің турнирге қатысқан студенттері Сара Жеткерген, Аружан Нар­тай, Гүлбану Мадияр және Ал­маты халық­аралық сервис және менедж­мент колледжінің сту­­денттері Давид Василенко, Әл­жан Жұбанғалиев, Алматы ақпа­рат техникалық колледжінің сту­денті Данил Захаровтар үздік ойын үлгісін көрсетті. Ресми деректер бойынша елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асса, олардың шамамен 9 мыңы – кәсіби спортшылар, 190 мыңы – мектеп жасындағы балалар.


Дайындаған Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»