Әлем • 23 Сәуір, 2019

«Терминаторларға» – тосқауыл

778 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде автономды қарулардан қауіптенген ғалымдар дабыл қағуда. Елордада өткен «Өлім қаупін туғызатын автономды қару жүйесі: алдын ала тосқауыл қою» атты аймақтық конференцияда осы мәселе кеңінен талқыланды.

«Терминаторларға» – тосқауыл

Іс-шараны «Жауынгер робот­тарға тыйым салу кампаниясы» үкіметтік емес ұйымдардың халық­аралық коалициясымен бірігіп, Халықаралық қауіпсіздік және сая­сат орталығы ұйымдастырды. Екі күнге жалғасқан жиынға Әзер­байжан, Армения, Беларусь, Мол­дова, Ресей, Қазақстан, Қырғыз­стан және Тәжікстан елдерінің сарапшы­лары қатысты.

Соңғы онжылдықта технология­ның қарқынды дамуы әскери қи­мыл­дардың бағытына да әсер ет­ті. Әлеуетті мемлекеттер­ қақ­ты­ғыс жағдайында адам шығынына ұшы­рамас үшін кез келген нүктені таң­дап, соққы жасай алатын толық­тай автономды қаруларды жасап шығаруға бейілді. Ондай мемлекеттер қатарында АҚШ, Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Ресей және Ұлыбритания елдері аталады. Қарудың мұндай жүйесі көптен бері БҰҰ алаңында талқыға салынып, халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтары бо­йынша халықаралық шарттардың сақталуы тұрғысында күрделі мә­селеге айналды.

Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының дирек­торы Әлім­жан Ахметовтің айтуынша,­ автономды қаруды жасау мен­ тарату халықаралық қауіп­сіз­дік­т­і тұрақсыздандырып, жа­һан­­­дық­­ қарулану жарысына­­ жол аша­ды. Соғыс кезінде алыс­тан бас­қа­рылатын жасанды интел­­­­­­лекті бар жойғыш роботтар әлде­кім­дерге тиімді болғанымен, дос пен дұш­панның ара-жігін білмей­тін «көзсіз батыр­лар» бейбіт тұрғын­дардың үрейін туғызады.

– Автономды қаруларды әске­ри әрекет мақсатында жасап шыға­ратыны туралы ешқандай тарап ашып айтпайды. Бірақ ұшатын қару түрлерінің бары жасырын емес. Оған көпке аян дрондар да мысал бола алады. Және ондай қару-жарақтардың толық немесе жартылай автономды екені де белгісіз. Оны анықтау – БҰҰ-ның жеке қарас­тыратын тағы бір мәселесі. Аза­маттық қоғамның ең басты мә­се­лесі – осындай қаруға тыйым сал­мағанның өзінде, бақылау орнату, деді Еуразия ғылыми-зерт­­­теу институтының аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбен.

Ал ресейлік «Этика және технология» талдау орталығының директоры Алена Попова: «Біздің мемлекет адам өміріне қауіпті автономды қаруларға қарсы әрі оларға тыйым салуды толық қолдамайды» деген пікір білдірді.

Бүгінде айтылған мәселе бойын­ша БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге ұсыныс әзірлеу үшін үкіметтік са­рапшылар тобы жұмыс істейді. Жауынгер роботтарға тыйым салуды қолдайтын белсенді мемлекеттер мұндай қару жүйесіне бақылауды күшейту жөнінде келіссөзді тезірек бас­тауға шақыруда. Дәлірек айтсақ, 28 мемлекет «терминаторларға» тос­қауыл қоюды көтеріп жүр. 2018 жылы Бельгия парламенті автономды қару түрлеріне шектеу қою туралы қарар қабылдады.

Адамзатқа зор қауіп төндіретін мұндай қару жүйесіне қатысты әлем­­нің әлеуетті технократтары­ өз­ ұстанымдарын білдірді. Мәсе­­лен,­ Google компаниясы қару­лан­дыру жүйесіне жасанды интел­лек­ті әзірлемеуді және жобаламау­ды өздеріне міндет деп санайды, сондай-ақ 200-ден аса тех­но­логиялық мекеме мен топтар мұн­дай қаруды жасамауға уәде берді. Бұған қоса, осыдан бір жарым жылдай бұрын ғылым мен техника саласында аттары шыққан 115 адам «ақылды» қаруларға қарсылық білдіріп, БҰҰ-ға ашық хат жолдады. Оның арасында SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаған Илон Маск және DeepMind басшысы Мұстафа Сүлейман бастаған белгілі адамдар бар. Олар оқ-дәрі мен ядролық қару сияқты қару жасауда үшінші революция жақындап келеді деп алаңдайды. Өйткені бағ­дарламаланған роботтар арам пиғылды тараптартың қолына тү­сіп қалу қаупі бар. Ондай жүйені бұ­зу­ға қауқарлы хаккерлер қашанда табылады.