Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Жаңалық ауылында репрессия құрбандарына музей ашылды

1946 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей пайдалануға берілді.

Жаңалық ауылында репрессия құрбандарына музей ашылды

Қызыл террордың қанды қылышына іліккен 4 мыңнан астам жазықсыз құрбан осы Жаңалық ауылының маңына көмілген екен. Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы ауылдың маңы 1938 жылдары «үштіктің» шешімімен атылған адамдарды жерлейтін орынға айналыпты. 1988 жылдан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары басталғанда бұл маңға көмілген жазықсыз жандарды еске алу ісі де қолға алынған болатын. Ал Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Әділет» қоғамының мұрындық болуымен Жаңалық ауылында мемориалды ескерткіш кешені тұрғызылып, репрессия құрбандарына музей ашу мақсаты тұрды. Алайда, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей араға 20 жылдан астам уақыт салып, биыл қолданысқа берілді.

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен басталған құрылыс жұмыстарына 288 млн теңге қаражат бөлінген екен. Бір жыл ішінде салынған музейдің жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайды. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген 4 мыңнан аса саяси-қуғын сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылған.

- Бұл музей осыдан 20 жыл бұрын салынуы керек еді. Мемлекет Басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен кейін Алматы облысының әкімдігі музейдің құрылысын қолға алды. Осы жердің топырағын 1930 жылдардағы қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары, Алаш қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері жамылып жатыр. Олардың барлығы жазықсыз, ұлтына, еліне, жеріне адал болғаны үшін атылғандар, дейді «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы