Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Ақтауда жаңа трансформаторлық зауыт іске қосылды

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында №6 өндірістік аймақтың №65 ғимараты аумағында электр қалқан жабдықтарын және трансформаторлық қосалқы станцияларды, бетон корпусындағы қосалқы станцияларды және 6–10-35 кВ кернеу класының шкафтық құрылымдарын өндіретін Ақтау трансформаторлық зауыты ашылды. Бұл жоба Маңғыстау облысының Индустрияландыру картасына енгізілген.

Ақтауда жаңа трансформаторлық зауыт іске қосылды

Жобалық қуатқа шыққан кезде жалпы жылдық көлем 6 млрд. теңгені құрайды, сондай-ақ зауыттың ашылуы шамамен 150 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл Маңғыстау өңіріндегі электр машина жасау саласының ең қысқа мерзімде салынған жалғыз кәсіпорны, жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды.

Зауыт жоғары технологиялық еуропалық жабдықтармен жабдықталған.  Бірақ бұл ретте қазақстандық қамтуды оқшаулау 90 пайызды құрайды. Ақтау трансформаторлық қосалқы станциясының барлық жиынтықтары Қазақстанда, ал оның бір бөлігі Alageum Electric холдингінің басқа кәсіпорындарында өндірілген.

Өндіріс жүйесі автоматтандырылған және компьютерлермен басқарылады. «Зауыт жыл сайын 4 мың трансформаторлық қосалқы станцияны, яғни күніне 20 бірлікті шығаруға есептелген.

-Бұл көлемнің бір бөлігі Маңғыстау облысының барлық қажеттіліктерін және осы өнім түріндегі таяу шетел нарықтарын жабу үшін жеткілікті, сондықтан 50 пайыз өнім экспортқа - Түркменстан, Әзірбайжан және Иранға жіберілмек. Сонымен қатар, өңірдегі «Ақтау» теңіз порты мен Қазақстан-Түрікменстан теміржол жолы» сынды логистикалық мүмкіндік біздің экспортқа шығуымызға жол ашады, дейді жаңа зауыт Бас директоры Олжас Есіркепов.

Бас директордың айтуынша, кәсіпорынның өз әзірлемелері жолға қойылған, жергілікті жоғары оқу орындарымен және колледждермен заманауи жоғары технологиялық қондырғыларда жұмыс істеу үшін мамандар даярлау бойынша дуальді оқыту жүйесі туралы меморандум жасасу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, экономистер Иран мен Каспий маңы бассейнінің барлық елдерінің экономикалық белсенділігіне байланысты трансформаторлар мен басқа да электр машина жасау өнімдеріне сұраныстың өсуін болжап отыр.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы