Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2018

Байқау жеңімпаздары марапатталды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының  Кітапханасы мен Қорының бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне арналған жыл сайынғы «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Назарбаев орталығында өткен марапаттау рәсіміне Парламент Сенатының депутаты, Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева, Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, сондай-ақ байқау комиссиясының мүшелері, белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. 

Байқау жеңімпаздары марапатталды

Салтанатты жиында құттық­тау сөз алған Елбасы Қорының директоры Д.Назарбаева: «Еліміз­дің ұлық мерекесі қарсаңында жүздесіп отырмыз. Баршаңызды құттықтаймын! 27 жыл ішінде елімізбен бірге ұлттық журналис­тикамыз да біраз сыннан өтті. Қазіргі таңда қоғам журналистерге үлкен сеніммен қарайды. Бұл – зор жетістік әрі жауапкершілік», дей келе, жеңімпаздарға шығар­машылық табыс тіледі. 

Ұйымдастырушылардың мәлі­ме­тінше, «Үздік теле­визиялық материал», «Үздік радио­мате­риал», «Газеттер мен журнал­дардағы үздік мақала», «Ғаламтор БАҚ-тағы үздік жарияланым» аталымдары бо­йынша жарияланатын байқау биыл елорданың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» номинациясы­мен толыққан. Жыл өткен сайын қоғам­­да аталған шара­ның таны­мал­ды­лығы артып, қатысу­шы­лар қата­­ры ұлғайып келеді.

Былтыр 447 жұ­мыс жолданса, биыл 120-дан аса БАҚ-тан 564 жұмыс қа­был­данған. Д.Назарбаева келіп түскен жұ­мыс­тардың саны ғана емес, сапасы да артқанын атап өтті. Осы жылғы жұмыстар егемен елі­­міз­дің жетістіктерін жет­кізу­дегі терең мазмұн, көр­­кемдік ше­бер­лік тұрғысынан  ерек­ше­ленді. Соны­мен қатар жобағ­а шетелдік жур­на­листер де қы­зы­­ғу­­шылық танытқан. Осыған орай, байқауға халықаралық дәреже беріліп, келесі жылы «Шетел­дік БАҚ-тағы үздік жұ­мы­с» жаңа номинациясы қосылмақ. 

Байқау қорытындысы бойынша телеарна, сайт, радио тілші­лерімен бірге, «Егемен Қазақ­­стан­» газеті саясат және құқық бөлі­мі­­нің меңгерушісі Жолдыбай Базар жүлделі ІІІ орынды иелен­ді. Сондай-ақ әріптесіміз – «Казах­станская правда» газеті­нің қызмет­кері Анас­­тасия Прилеп­ская да жеңімпаздар қатарынан табылды.

Биыл үшінші жыл ұйым­дасты­рылып жатқан сайыста жүл­­де ал­ған жеңімпаздарға 200 000, 500 000, 1 000 000 теңгеден сый­ақы, диплом мен төсбелгі табысталды. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»