Аймақтар • 25 Қаңтар, 2018

Орал қаласында жаңа мектеп ашылды

1740 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласының іргесіндегі Деркөл кентінде 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1 434,1 млн. теңге мемлекет қаржысына көтерілген мектеп ғимараты «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған. «Альтаир» құрылыс компаниясы құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың наурыз айында бастаған еді. Міне, бір жыл ішінде 6 корпустан тұратын сәулетті ғимарат дайын болды.

Орал қаласында жаңа мектеп ашылды

600 оқушыға арналған мектепте барлығы - 56 оқу кабинеті бар. Оның 4-уі мулътимедиялық, 4-уі информатика кабинеттері болса, физика, биология, химия пəні кабинеттері арнайы зертханалармен жабдықталған. 25 оқушыға арналған оқу залымен қамтылған кітапхана, 200 орындық акт залы мен қос спорт зал, 130 орындық асхана оқушылардың алаңсыз оқуына, білім алуына толық мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу мақсатында арнайы 2 оқу шеберханасы да жасақталған. Жеті кабинет интерактивті тақтамен жабдықталса, мектеп радиосы үшін де бөлме арналған. Одан бөлек психолог, логопед және медқызметкерге де арнайы кабинеттер қарастырылған. Мектепте өнерлі балаларға арналған «Шабыт» орталығы да жұмыс жасамақ.

Жиналған қауымды айтулы шарамен құттықтаған Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінгендігіне тоқталды.

- Осындай мектеп ғимаратының салынуы - ең алдымен мемлекеттің зор қолдауының нəтижесі. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша облыста мектеп құрылысы үшін 3,5 млрд теңге бөлініп, барлығы 2400 балаға арналған 4 мектеп құрылысы қолға алынған еді. Соның бірін бүгін салтанатты жағдайда ашып отырмыз. Биыл Елбасы өзінің халыққа Жолдауында білім беру саласына ерекше тоқталды. Соның ішінде жаңартылған бағдарлама бойынша оқудан өткен мұғалімдердің жалақысын 30-50%-ға өсіру туралы айтты. Біз де өз тарапымыздан мұғалімдердің біліктілігін арттыру мəселесіне мəн береміз. Сондай-ақ мектептердің техникалық қамсыздандырылуы да ұдайы назарда. Облыс бойынша ауылдарда 223 шағын жинақталған мектеп бар. Биыл оларды сапалы электронды контентпен қамтитын боламыз. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектебінің арасындағы айырмашылықты азайтуға септігін тигізеді. Білімді ұрпақ – елдің болашағы. Тәуелсіздігімізді нығайтып, алға жетелейтін бүгінгі оқушылар. Сондықтан мемлекет олардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті жасап отыр, - деді Алтай Сейдірұлы.

Жаңа мектеп 500 баланы қабылдап отыр, мұнда 25 сынып ашылады. Сондай-ақ мектеп жанынан 100 балаға шағын орталық жұмыс жасайтын болады.

Айта кету керек, биыл Ақжайық, Бөрлі, Қазталов аудандарында да жаңа білім ошағының құрылысы жүруде. Жыл сайын мектеп оқушыларының саны да артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда облыс бойынша оқушылардың саны 48 мыңнан асса, оның 2900-ы тек соңғы бір ғана оқу жылында қосылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген
Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ