Руханият • 25 Қаңтар, 2018

«Әлем жауынгерлерінің» қолтаңбасы

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде «Біз жасаймыз!» жастарға білім беру көркем жобасының мүшелерінің ұйымдастыруымен «Әлем жауынгерлері» атты көр­ме есігін келушілерге айқара ашты.

Көрмені музей директоры­ның орынбасары Бейбіт­қали Қақабаев залда орын алған әрбір шығар­ма­ның келушілер көкейіне сұлу­лық сәулесін ұялата алатынын сыр етіп жеткізді.

«Әлем жауынгерлерінің» қолтаңбасы

Орталық музей 2013 жылдан бері «Біз біргеміз!» студиясымен бірлесе отырып «Музей түні», «Наурыз бояулары», «Отбасымен музейге!» және басқа да тартымды жобаларды іске асырды.

Жоба жетекшісі Дина Мер­тенова Шет тілдері институ­тын тәмамдағаннан кейін бір­ден кәсіпкерлікпен айналысты. Дегенмен ол өзінің суретші екенін жан-тәнімен әрдайым сезінетін және сурет училищесінде оқыған жылдарын ыстық сезіммен жиі еске алатын. Біршама жыл өт­кенде кенеттен отбасы оған  моль­­берт, қылқалам мен бояулар ұсынып тосын сый жасады. Содан бері кескіндеме өнері оның өмірлік ісіне айналған, сөйтіп «Біз біргеміз!» атты көркемсурет студиясын ашты.

Украиналық суретші М.Скоб­­линскиймен кездескеннен кейін Дина кескіндемеде тың әрі бірегей, адамға шабыт беретін, бастысы, кенепке бояуды саусақпен жағу, масхитинмен және қылқаламдарды араластыра отырып сурет салу сияқты нәтижелі тәсіл арқылы адам сезі­мінің сан-алуандығын көр­сетуге болатынын байқады. 

«Алла прима» әдісі 1-3 сағат арасында толыққанды сурет салуға мүмкіндік беретін импрессионист суретшілердің шығармашылығында тұрақ­ты орнын тапты. Бұл майлы бояумен әп-сәтте сурет салып шығуға мүмкіндік беретін танымал тәсіл. Мұндай әдісті қол­данатын суретші бояу толық кеуіп болғанша суретін салып бітіреді.

Қазіргі кезде «Біз біргеміз!» сту­диясы өнерге немқұрайлы қара­майтын, өз дарындарының түрлі қырларын шыңдағысы келетін түрлі жастағы адамдарды біріктіре алды. Себебі шығармашылық ұшқынын әрбір адам бойынан табуға болады. Кенеп бетінде се­нім­ді сырғыған қылқалам қимы­лынан түрлі жолақтар, бояулар мен бейнелер пайда болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау да бір ғанибет. Күні кеше өнерден алшақ жүргеніңмен бүгін өзіңді кескіндеме өнерінде байқап көрген тіпті де ғанибет.

Жобаның мақсаты – майлы бояумен сурет салудың қыр-сырын үйрете отырып, адамның өзіне деген сенімін ояту.

Көрмеге түрлі жанрдағы — пейзаж, натюрморт, портрет және батик әдісінде салынған 50 шы­ғарма қойылды.

Сурет салуда академиялық білімдері болмағанымен, суретті жүрегімен және көңілінің сиқыр­лы сәулесі – дарын, шабыт және зор сүйіспеншілікпен сала­тын жан­дар. Өнерге деген сүйіспен­ші­лік бұл өнер иелерін «Әлем жауын­герлеріндей» сезіндіреді. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ