Аймақтар • 25 Қаңтар, 2018

Вагон «жібіткіш» қондырғы іске қосылды

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуразиялық Топ (ERG) құрамын­дағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиа­лы – Ақсу ферроқорытпа зауытында қолға алынған жаңа жобаны «ERG коммерциялық орта­лығы» ЖШС және «ТрансКом» ЖШС бірлесе жүзеге асырды.

 

Вагон «жібіткіш» қондырғы іске қосылды

Іске қосылған инновациялық қон­дырғы қыс кезінде жүк вагондарында жолда қатып қалған жүктердің түсірілуін жеделдетіп, зауытқа жеткен кезде вагондардың тұрып қалу уақытын азайтатын көрінеді.

– Жалпы, әр кәсіпорында жүк тасушы вагондардың «жібіткіші» болу керек деген мәселе бұрыннан талқыланып келді, – дейді кәсіпорын директоры Сергей Прокопьев. – Шетел кәсіпорындарының тәжірибесі де зерттелді. Өткен күзде нақты шешімге келдік. Солтүстіктің суық ауа райына сай, қондырғыны орна­лас­тырудың тиімді орны, құрылымы мен қолданылатын жабдықтың түрі анықталды. 

Сөйтіп алғашқы кезегі пайдалануға берілген вагон «жібіткіш» алып қон­дырғы ішіне бірден 8 жүк вагоны тұратындай мүмкіндік туды. Нәти­жесін­де, вагон жақтаулары небары жар­ты сағатта 70оС дейін қызады. Авто­мат­тан­дырылған бақылау жүйесі қуатты реттеп отырады. Келесі кезекте қон­дырғы тәулігіне шикізат тиелген 50 жүк вагонын «жібітіп», жобалық қуатын­д­а жұмыс істей бастайды. Ерекше қондырғы кәсіпорынның өнімді жұмыс жасауына да аса қажет. Вагондарға тиелген шикізаттың тоқтаусыз жет­кізілуі, түсірілуі маңызды. Зауытта жыл сайын 1 миллион тоннадан аса фер­ро­қорытпа өндірілсе, қазір басым бөлі­гі алыс шетелдерге экспортталуда. Кәсіп­орында соңғы бірнеше жылдың ішін­де өндірістік, экологиялық және әлеу­меттік инвестициялық көптеген жоба­лар жүзеге асырылып келеді. Зауыт мамандары, жұмысшылары еңбек жетіс­тіктермен бірге, қыс кезінде жолдан келген шикізат тиеген жүк вагондарын «жібіткіш» сияқты инновациялық ше­шімдерді іздестіру жолында еңбек етуде.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Ақсу қаласы