Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Мәриямгүлді еске алуға арналады

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

– дейді КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова. Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер байқауы биыл 9-шы рет өткізілмек. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында ұйымдастырылып жатқан байқау қарсаңында елордадағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. 

 

Мәриямгүлді еске алуға арналады

Биылғы байқауға өз елімізден, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Армения және Болгариядан жиылған 40 шақты жас әнші қатыспақ. Қыркүйектің 5-і мен 10-ы аралығында өтетін бұл кон­курстың негізгі ерекшелігі – алдыңғы байқауларда жеңіске жеткен әншілердің қазылық етуі. Атап айтқанда, КСРО ха­лық әртісі және Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова төрағалық ететін қазылар алқасының құрамында «Астана опера» опера және балет театрының жетекші со­листері, Қазақстанның Еңбек сі­ңі­рген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин, Дина Хамзина және Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Альфия Каримова мен Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усманов бар.

Баспасөз мәслихатында Бибігүл Төлегенова осынау өнер бәйгесінің тарихы туралы әң­гі­мелей келе, оның негізін қала­ған өз қызы Мәриямгүл Тө­легенова екенін айтты. Егер ол тірі болғанында биыл 65 жасқа толады екен. Сондықтан дәл осы жолы өткізілетін байқау Мә­риямгүлді еске алуға арналат­ы­нын мәлімдеді. Сондай-ақ, да­рынды жас­тар жүлде алып ж­ататын бұл шараның олардың шығармашылық өміріндегі елеулі бір белес екенін де жеткізді. «Біздің байқауда топ жарған жастардың көпшілігі қазір жер жүзін аралап, өнер көрсетіп жүр. Қазіргі кезде өнеріңді танытудың жолы көп. Біздің жас кезімізде мұн­дай мүмкіндіктер жоқтың қа­сы еді», деді бұлбұл әнші. Ол сондай-ақ, жүлде қорының да қомақты екенін, бас жүлдеге 10 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы берілетінін алға тартты.

Байқау барысында жас орындаушылар классикалық әндерді де, халық әндерін де орындайтын болады. Бұл жағынан алғанда байқау қазақ музыкасының таңдаулы үлгілерін орындау мәдениетін жаңғыртуға да қызмет ет­пек. Сынақ іріктеу және ақ­тық кезеңдерден тұрып, барлық тың­­даулар Қарулы күштердің Ұлт­­тық әскери-патриоттық ор­та­лығында, көпшілік алдында өтпек. Жүзден жүйрік же­ңімпаздар 10 қыркүйекте «Қазақстан» орталық концерт залында марапатталады.

Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»