Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Өрт сөндірушілер жарыс жолында

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отпен «ойнауға» да болады екен. Олай дейтініміз – Маңғыстауда от пен судың арасында алқын-жұлқын жүгіріп, биік­ке өрмелеп, өртті ауыздықтаған топтар өзара сайысқа түсті. Бұл – Қазақстан Рес­публикасының өрттен құтқару спорты бойынша ерлер арасында XXIV жазғы чемпионаты және әйелдер ара­сындағы IV жазғы біріншілік. 

 

Өрт сөндірушілер жарыс жолында

Аталмыш спорт түрі өрт сөн­діру тәжіри­бе­сінде жеке түр­де де, топтық түрде де әр­түр­лі әдістерді орындауға негіз­делген. Қиын­дығы мол әрі жауап­ты қыз­меттің спорт түрінде өткі­зі­л­уіне қызығушылар мен қа­ты­суға ниет білдірушілер өте көп. Сай­ысқа іріктелген 18 топ­тың қатысуы – осының айғағы.

«Өрт сөндіру қызмет қана емес, өнер, спорт. «Апат айтып келмейді» дегендей, ма­ман­­дар келеңсіз жағдайларға әру­ақытта дай­ын болуы керек. Бү­гінгі сайыс осы дайындықты шыңдайтын, тәжірибе алма­сатын алаң болады деп сенеміз», дейді «Өрт сөндірушілер мен құт­қарушылардың спорт феде­ра­циясы» қоғамдық бір­лес­тігінің атқарушы директоры Дәурен Данаев.

Жарыс оқу мұнарасының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік ке­дергілері бар жолақтан өту, 4х100 метрге өрт сөндіру эста­ф­е­­тасы және жауынгерлік қа­­нат жаю сынды төрт кезеңнен тұ­рады.

Спортшылардың ептілігі, төзімділігі және қозғалыс үйлесімділігі секілді физика­лық қасиеттері жарыстың алғашқы күні Құ­рық ауылының стадионында 4х100 метрлік өрт сөн­діру эстафетасында сыналды. Әр­қай­­сысы 100 метрлік 4 ке­­зеңнен тұрып, спортшылар қол­дарында эстафеталарымен (өрт сөндіру оқпаны) төрт ке­зеңді жүріп өтті. Бірінші ке­зеңде спортшы үйшіктің ша­ты­рына тетік-сатының көмегі ар­қылы кө­те­ріледі, екінші кезең­де 2 метрлік дуалдан өтеді. Үшінші кезеңде түтікқұбырды қо­сақтап, бумнан жүгіріп өтіп, тү­тікқұбырды өрістетілуге жалғайды да, түтік­құ­бырлы жолаққа орналастырады. Мәреге же­тер төртінші кезең көріністік қозғалыспен аяқ­­талады – қатысушы өрт сөндіргішпен жай­пақ тетіктегі жанып жатқан сұйықтықты сөн­діреді.

Жарыстың алғашқы күнінің қорытын­ды­сы бойынша жалпы­командалық сынақта бірінші орынға Маңғыстау облысының ко­мандасы, екінші орынға Павлодар об­лысының командасы ие болса, Астана қала­сы-
н­ың құрама командасы үшінші орынға т­абан тіреді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы