Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Берекелі, мерекелі Қостанай!

615 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда көрікімен және тазалығымен ерекшеленетін Қос­танай қаласы биыл өзінің 138 жылдығын атап өтті. Қос­та­найлықтардың жыл сайын сүй­ікті қаласының туған күнін атап өтуі тамаша дәстүрге ай­нал­ған. 

Берекелі, мерекелі Қостанай!

Табиғаттың толысып, ми­уаның, бақшаның піскен кезі қа­ланың көркін ғана келтіріп ға­на қоймайды, молшылықты да, байлықты да паш еткендей болады. Қостанай тойы ай­­на­ла бау-бақтарда өсетін кө­кө­­ністердің, гүлдердің, же­міс­тердің көрмесінсіз өткен емес. Бұл жолы да бау-бақша көр­месі мерекеге жиналғандарға қуа­ныш сыйлады, саябақ ұс­тай­тындардың мерейін өсірді, ме­реке көркін асыра түсті. Қа­зақстанның солтүстігі деме­се­ңіз, Қостанайда да табаға шы­жғыр­ғандай ыстықтар болып тұ­рады. Қала тойы күні болған ыс­тықты да қостанайлықтар жа­зымен күткен екен. Ал сол­түс­тіктің жаңбырлы, шыб­ынсыз жаз болып тұратын ауа райына бейімделген жеміс-жидек –Тобыл өңірінің бір байлығы. Қа­ла күнінде өткен «Алтын ал­ма-2017» фестивалі осы ойы­мыздың айғағындай болды. Әри­не, қостанайлық сорттар Ал­матының апортымен таласа ал­мас, дегенмен дәмі тіл үйіреді.

– Алмасыз Қостанай жазын қалай елестете аласың? Алма­ның сортын ешкім түгелдеп са­нап бере алмайтын шығар, өте кең жайылған жеміс ғой. Қос­т­анайда алманың «уралочка» сорты өспейтін бау жоқ деу­ге болады. Алманың бұл тү­рі күзге қарай піседі, жесең де тәтті, қысқа сақтау үшін түр­­лі­ше өңдеуге де болады, то­сап қай­­натасың да, компот жа­ба­сың ба, кептіресің бе – бә­рі­не де қолайлы. Қостанайлық  бақшашылар алма түрлерін шелек­теп әкеліпті, қандай сұлулық де­сең­ші!–деп таңданысын жа­сы­ра ал­­мады Қостанай қала­сы­ның тұр­ғыны Меңзада Қал­ма­ғам­бетқызы.

Жыл сайын қала мерекесінде кол­лекция жинаушылардың көр­месін ұйымдастыру дәстүрі бар. Биыл кезек самаурын, үтік жи­нау­шыларға тиіпті. Алтынай Ама­нованың үйінде басқаға болмаса да самаурынға орын табылады. Ол тұрмысқа шыққанда еншісіне берген самаурынды кү­тіп ұстады. Одан кейін анасы бір самаурын, достары да бір самаурын сыйлады. Осыдан кей­ін өзі самаурын жинауды әдет­ке айналдырды. Дүкенде, бі­реудің үйінде самаурын көрсе ай­налшықтап шыға алмайтын. Қа­зір Аманов­тар­дың үйінде мыс са­мау­ры­н­нан бастап сувенир сама­у­рынға дейін осы бұ­й­ым­­­ның жүзге тарта түрі бар. Оны қала мерекесінде қызықтағандар да көп болды.

Күннің ыстығына қарамастан қала мерекесінің қызығы күні бойы толастамады. Мереке шең­бе­рінде өткен кішкентай бүл­дір­шіндердің «Кішкентай мисс» бай­қауы да рухани азық сыйлады. Қыз баланың тәрбиесін паш ет­кен байқауға 7 мен 9 жас ара­лы­ғындағы 7 қыз бала қа­тыс­ты.

– Байқау мақсаты – жүлделі орын­дарға таласу емес, мерекеге жиналғандарға, әсіресе ата-аналарға қуаныш сыйлау еді. Қала күні шеңберіндегі бұл бай­қауды біз әр баланың ба­ла­­лық шақтың бақытын се­зі­н­уіне айналдыруды жөн көр­дік. Сондықтан бұл байқауда жүл­де­лі орындар болмайды, аталым бой­ынша барлық қатысушы бүл­діршіндерге ойыншықтар мен кітаптар сыйладық,–дейді «Ми­рас» мәдениет үйінің директоры Свет­лана Петрова.

«Кішкентай мисс» байқауына ата-аналармен қатар қыздар оқи­тын мектептер де атсалысты. Өнерімен сахна сәніне айналған кішкентай қатысушылар Ақбаян Жұмаш, Диана Кичкайло, Вик­то­рия Морщакова, Зара Алтын­баева, Амира Жарасбай, Дарья Шевченко, Анастасия Иванова байқауды нағыз мерекеге айналдырды.

Мерекенің сәні қашанда ән мен күй емес пе? Күні бойы қа­­ла орталығындағы сахнада «Кар­­навал» би ансамблі, джаз-бенд, облыстық филармонияның әр­тістері мен көркемөнерпаздар ұжым­дары, «Алтын микрофон» балалар республикалық бай­қауының қостанайлық жүл­де­гер­лері өнер көрігін қыз­дыр­ды. Мереке шеңберінде Кав­каз халықтары мәдениетінің фес­тивалі өткен болатын. Оған елі­міз­дің түрлі қалаларынан кел­ген өнерпаздар қатысты. Тау хал­­қының делебені қоздыратын биі мереке қызығын үстемелей түсті.

– Біз Кавказ халықтарының өнер фестивалін қатарынан бес жыл бойы өткізіп келеміз. Би­ыл оны Қостанай қаласының ме­ре­ке­сіне орайластырдық. Тау хал­ық­тарының биі кімге де болса ұнайды,–дейді Достық үй­і­нің баспасөз хатшысы Зүлфия На­биева.

Мереке спорт жарыстарынсыз да болған жоқ. Машинаны тар­ту, қой көтеріп тұрып, жүре­сі­нен жаттығулар жасау секілді халықтық ойындар да жұртты қы­зыққа бөледі. Мерекеде балалар салған сурет бақытты елдің тыныш, молшылық өмірінен хабар бергендей болады.

Облыс әкімі Архимед Мұха­мбетов қостанайлықтар мен қа­ла қонақтарын мерекемен құт­тықтады. Әкім сөзінде Қос­танай қаласының жыл сайын өсіп, өркендеп, гүлденіп ке­ле жатқанын тілге тиек етті. Ол туған жерді гүлдендіруге еңбегі сің­ген қостанайлықтар: мем­ле­кеттік қызмет ардагерлері Са­­быржан Ахметовке, Вера Се­ме­новаға, Қазақстанның ха­лық ақыны Әсия Беркеноваға, ша­руашылық ұйымдастырушы Өмірзақ Ихтиляповке «Қостанай облысының құрметті азама­ты» төсбелгісін табыс етті. Соны­мен қатар заңгер Тұрсынбай Жар­мұхамедов, спорт ардагері Ол­жабай Сәрсенбаев, кәсіпкер Сергей Сотников «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атанды.

Еліміздің астық державасы Қостанай облысының басты қаласы – Қостанайдың мерекесі тәуелсіз еліміздің өркендеуін паш етті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

 ҚОСТАНАЙ

Суреттерді түсірген
Николай СОЛОВЬЕВ