Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Ақиқат жоқшысы

4956 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікұлы туралы сыр-толғаныс.

Қазіргі қазақ әдебиетінің клас­сигі, Мемлекеттік сыйлық­тың лау­реаты Төлен Әбдік бұл күн­дері 75  жасқа толды. Жа­зу­­­шының қаламынан туған тұщым­ды дүниелер бүгінде ойлы оқыр­­манның рухани олжасы­на айналғаны әмбеге аян. Оның «Оң қол», «Тозақ оттары жы­мыңдайды», «Өліара», «Па­ра­сат майданы» сияқты сүйе­кті шығармалары халқымыз қа­шан­нан қастер тұтар сөз өнерінің алтын сөресінен ойып тұрып өз орнын алды. Біз қабырғалы қаламгерді осынау мерейтойымен құттықтай отырып, төмендегі мақаланы көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

Ақиқат жоқшысы

Бағаланбаған «Ақиқат»

«Тіршіліктің негізгі алғы шарты – ті­лек пен әрекет... Тілек пен әре­кет­­­ті тынымсыз қуалайтын күш – қа­­на­ғатсыздық. Ал қанағатсыздық өзі­­нен-өзі беймазалықты, жан азабын тудырады. Бұл – ешқашан да тоқ­та­ма­й­тын құбылыс. Себебі, адам ті­легі оры­ндалған бетте-ақ өзінің қа­жет­тілігін жо­ғалтады, әрекетсіздікке ті­р­е­­­леді. Сон­дықтан тағы да басқа тілек, бас­қа мұрат пайда болмақ. Әлгі процесс ба­сынан қайта басталады. Осылайша, ті­лек – әрекет, тілек – әрекет болып, мәң­гі қанағатсыздық тұңғиығына сүң­ги бермек, сүңги бермек. Олай болса, жан азабын тудырушы не? Ол – тір­шілікке тырмысу, бақытқа ұмтылу. Біз қанағатсыздық ауруымен ауырамыз. Және ол – ешқашан да жазылмайтын, туа біткен ауру...».

Бұл – жазушы Төлен Әбдікұлының «Ақиқат» хикаятындағы кейіпкер тұ­жы­рымы. Егер тереңірек ойлансақ, кейіп­кер тұжырымы ғана емес, біз «өмір заңдылығы» деп атайтын тір­ші­ліктің тынымсыз тынысы да осы тәріз­ді. Бәрімізді де өмір сүруге құлшын­ды­ратын, алға ұмтылдыратын, алыс­т­ан менмұндалап шақырар әлдебір мұ­ратқа жетелейтін – сол көкейімізді тес­кен, көкірегімізге орныққан, өзіміз «арман», «үміт», «мақсат» деп алуан түрлі ат қойған тілек пен әрекет. Оның бірін бағындырған соң, «болды, маған осы жетістік те аз емес» деп шүкіршілік еткен, өршелене өңмеңдеуін қойған пенде баласы бар ма? Қайдам. «Біз қанағатсыздық ауруымен ауыра­мыз» ғой. Ал қанағатсыздық бар жер­де бақыт қай­дан болсын? Кейбір қағанағы қарқ, сағанағы сарқ саналатын адамдардың сырттай бақытты болып көрінгенімен, ойы тиянақ таппай, жанұшыра аласұрып жүруі, керісінше, тұрмыс-тіршілігіне өзге жұрт аянышпен қарайтын қайсыбіреулердің жүрегі тыныш, сенімі берік, көңілі тоқ тәрізденуі де содан шығар.

«Ақиқат» – жазушы шығарма­шы­лығында ерекше орын алатын те­р­ең ойлы туынды. Осыдан қырық жыл бұрын жазылған хикаятты жалпы әдеби орта жылы қабылдаса да, көп ұзамай орыс тіліне аударылып, «Истина» деген атпен жарық көрсе де, бә­рі­бір өзіне лайық деңгейде жоғары бағасын алып, талдап-таразыланбаған секілді сезілетіні бар. «Ақиқатта» ай­ты­лған ойлар мен ұсынылған идеялар қоғамдық-әдеби пікірталастарға ұласып, жан-жақты талқылануы керек еді. Бірақ олай болмады. «Қазақ жазушысы қазақты ғана, ауылды ғана жазуы керек» дейтін қалыптасқан көзқарас, жазылмаған заң үстемдік еткен қоғамда «Ау, қазақ жазушысы философиялық-психологиялық тарапта тәуір ізденген екен, тосын ой айтып, бітімі бөлекше дүние жазған екен, қане, оқып шыққан соң кім қандай тұжырым түйді?» деп үн қатқан, ойласуға үндеген ешкім бола қойған жоқ.

Бірде Төлен ағадан: «Осы хикаяты­ңыз­дағы кейіпкер неге Роберт? Қазақ қоғамы ортасында ондай мәселелерді көтеру, ашық айтқызу үйлесімді шықпас деп ойладыңыз ба?» – деп сұрадым.

– Таңдап алған материалымның өзі тым еуропалық болды да, оны қазақ топырағына сыйғыза алмадым, – деді жа­зушы. – Философиялық толға­ныс­тарға барған алғашқы еңбегім ғой. Сол бағытта көп ізденіп жүрген кезім еді. Бірде полицияның жоғалып кеткен құпия құжаттарды табуына көмектескен Жерар Круазе деген голландиялық теле­пат, парапсихолог, көріпкел туралы оқыдым. Әлгі қағаздардың қайда жасырулы жатқанын бұл бойындағы әл­деб­ір тылсым қасиеттің күшімен кө­ре алады: қай қалада екені, үйдің қан­дай екені, терезесінің қандай екені, қай бөлмеде қандай сейфте тұрғаны... бәрі көз алдына ап-айқын келіп-ақ тұр. Бірақ нақты қай үй екенін білмейді. Полиция әлгінің суреттеуі арқылы екі жыл бойы іздеп, ақыры табады. Осы оқиғаны оқып, ойландым: бойыңда осындай көріпкелдік қасиеттің болуы, басқалардың көре алмайтын нәрсесін көре алу деген керемет артықшылық қой! Бірақ бұл артықшылық адамға бақыт әкеле ме, жоқ па? Бәріміз мына дүниеге пәк күйде, сәби санамен келдік. Есейе келе, маңдайымыз талай рет тасқа соғыла келе небір қиянатты, сатқындықты, қараулықты көрген кез­­де көңіліміз жабырқады, жанымыз ауырды, жүрегіміз сыр берді. Ал біз көрмейтінді көре алатын, біз сез­бей­­тінді сезе алатын телепаттарда не жан қалды сонда? Хикаятта «Тіршілік – ү­лкен аурухана» деген сөз бар. Кей­іп­кер сол «ауруханадан» қашып, жын­ды­ха­наға барып жатады. Кейін бір жерден Шопенгауэрдің тура солай айтқан сөзін оқып, таң қалдым. Өмірдің жақсы жағы да бар ғой, бірақ оның тереңіне бойлап, ойға берілген сайын әлгіндей ащы ақиқатқа кезігетінің рас...

«Ол есікті ашсаң, бақытсыз боласың»

Жалпы, «Ақиқаттың» идеясында екі бағыт бар. Бірі – бүкіл әділетсіздік (ол жаратылыс заңындағы болсын, адам болмысындағы кемшілік болсын, адамның өз қолымен жасалған қиянаттар болсын) атаулыға қарсы наразылық. Хикаятта: «Адамдар әділ болғысы келеді... Адам жыртқыш қой. Ең қатерлі жыртқыш. Жер бетіндегі парасат-санасы төменгі дәрежедегі хайуандарды өзіне кіріптар етіп, торда ұстайды, бұғаулайды, көлік етіп жегеді, өлтіріп, еттерін жейді (адамдардың бір-біріне жасайтын қиянатын былай қойғанда). Жылқының, сиырдың, қойдың етін жеу сол хайуандардың тұрғысынан қарағанда әділдік пе? «Сендер бізді неге жейсіңдер?.. Біздің сана дәрежеміздің төмендігінен бе? Кімнің сана дәрежесі биік болса, төмендегілерін талап, жей беруге болатынын қандай әділетке сыйғызуға болады?..» дер еді олар Құдай алдында. Ал егер осылай болуы тіршіліктің негізгі заңын құраса, онда ... бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істеймін десе де рұқсат. Ендеше, бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштінің зорлығы емес пе?» – деген ой айтылады. Жалпы, жазушының ойынша, наразылық идеясы – адамзаттың ақыл-ойының дамуына ықпал еткен күштердің бірі. Адам қиын­шылыққа, қиянатқа қарсы күре­су арқылы, яғни, наразылық идеясы арқылы жетілген.

Екінші бағыт – «Ақылдан азап» шегу. Тіршіліктің тереңде жатқан құпия сырын білу аса жақсы нәрсе емес. Оны білгеннен табарың – айықпас уайым, жан азабы. Сол себепті шығар, тіршілік ағысымен, су бетіне түскен жаңқадай жөңкіліп кете баратын адамдар өмір мәнін білуге ұмтылып, көп ойланып, жиі толғанатын жандарға қарағанда әлдеқайда бақытты, әлдеқайда алаңсыз ғұмыр кешеді. «Ақиқатта» Роберттің шешесін еске алатын тұсы бар. Сол жерде жазушы мұны да шебер тұспалдайды:

« – Содан әлгі адам, – дейтін шешесі баяу үнмен ертегісін жалғастырып, – жолау­шыны жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп, кір­гі­зеді де: «Қалаған шарабың мен тама­ғың­ды іш, сұлу кәнизактармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп, алтын сарайды тамашала. Тек мына тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Мұны ашсаң, бақытсыз боласың», – дейді.

– Неге? – дейді Роберт шыдай алмай.

– Өйткені, ол есікті ашуға болмайды. Оны ашсаң, бақытсыз боласың дейді, – деп қайталайтын шешесі».

Құдай берген қабілеті арқылы өзге­нің ойын оқып қоятын, кімнің көкейін­де не тұрғанын айтпай-ақ сезетін, кеше, бүрсігүні, былтыр, тіпті, бірнеше жыл бұрын не болып, не қойғанын оп-оңай көріп-білер көріпкелдігі бар телепат Роберт ақырында профессордың мұны өз мақсатына әншейін пайдаланып жүргенін, ал әйелінің әлдекіммен әуейі болып, мұның көзіне үнемі шөп салатынын, өмірінде ешқандай мән қалмағанын біледі. Сол кездегі оның қасіретті күйін сезінуі де сұмдық. Өйткені, ол «ашсаң, өзің бақытсыз болатын» әлгі есікті ашып қойды ғой! Ол өзі «білмеуге тиіс» жайттарды білді, жай адамның шектеулі мүмкіндігінен тыс дүниелерге куә болды, пенде баласы сол күйі сезбей де өтер тіршіліктің ащы ақиқатын көрді.

Көзқарас қақтығыстарының драмасы

Осы «Ақиқаттағы» терең толғаныс­тар жазушыны ақыры «Парасат майданын» жазуға алып барды. Ол адамның ішкі жан дүниесіне үңілуді, оның қалтарыс-қатпарларына бойлауды әрі қарай тереңдете түсті. Барлық пәле-жаланы басқадан, жаудан көру, тек өзгені кінәлау – қоғамның белгілі бір деңгейін көрсететін құбылыс. Адамның парасат дәрежесі көтерілген сайын оның ішкі жан арпалысы, өз ішіне көбірек үңілуі жиілейді. Көп нәрсе адам баласының кісілік дәрежесінің кемелденбегенінен, жетілмегенінен болып тұрғанын аңғарады.

«Парасат майданындағы» кейіп­кер­дің бейтаныс-пен хаттарын оқып отырған кезде, бір көзқарас екінші көзқарастан бүкіл дәлел-дәйегімен басым түсіп, «енді қарсы жақтың үні өшетін шығар» дей бергенімізде, ол бұдан да асып түсер уәжбен жауап қайтаратыны сүйсінтеді. Таразының екі басында екі түрлі ұстаным тұрады – өмірдегі қастерлі ұғымдарды, адами құн­дылықтарды идеал тұтатын, оның кірленуіне төзе алмайтын кіршіксіз таза көзқарас пен «бұл өмір дегенің о бастан-ақ опасыз жалған, дүниеде мәңгі қасиетті ештеңе жоқ» дейтін тұжы­рым. Хикаяттағы басты кейіпкер – өте таза, адал адам. Бірақ оның ішкі жан дүниесінде де тайталас бар, оның басында да өз ұстанымына кереғар ойлар жүр. Бірақ оны өзі сезбейді. Дүниені бұзатын сол қиямпұрыс қиялдың бәрі сыртта емес, өз ішінде, өз табиғатында екенін білген кезде, ол өмірден түңіледі.

– Менің шығармашылығымдағы көзқарас қақтығысы, ой айтысы, негізінде, «Біз үшеу едік» пьесасынан басталған. Онда да Мұрат пен Дариғаның, Мұрат пен Өмірбектің арасында пікір қайшылығы, ұстанымдар ұстасуы ұзаққа кетеді, бірін-бірі жеңісе алмайды. Анау өз ойын айтып болған кезде, залдағы жұрт «әй, енді мынау жауап таба алмас» дегенше болмай, бұл әлгіден де асырып уәж айтады. Асанәлі (Әшімұлы) айтып күлдіріп еді: «Өмірбектің сөзі жөн деп, соған жақтасып отырсақ, бір кезде Мұраттың дәлелі басып кетеді, қалай соның жағына шығып кеткенімізді байқамай қаламыз» деп. Мен «Парасат майданындағы» ой қақтығысы сол деңгейден де асып түсуі керек деп өзіме шарт қойдым. Бұл оңай шаруа болған жоқ. Өйткені, зұлымдық та – үлкен күш. Егер ол адалдықтан тез жеңіліп қалатын әлжуаз болса, осы күнге дейін жетпес еді, әділдіктен әлдеқашан жеңіліп тынар еді, – дейді Төлен ағаның өзі.

Т.Әбдікұлының қай шығармасы болсын, ойландырады, толғандырады, жүрегіңді қозғайды, жаныңды тазартады, рухыңды шыңдайды. Жазушының қабілетін әйгілеп, қарымын танытқан атақты «Оң қол» әңгімесіндегі махаббат желісін оқырман қауым жанына жақын тартып, алдыңғы лекке шығарып жібергені болмаса, ол да – терең ойға құрылған туынды. Біз «ғайбат сөз айтпа, ағат іс істеме, ешкімнің ала жібін аттама» деген үлкендердің тыйымын естіп, тәрбиесін көріп өстік. Алайда, бар пәле сөзден немесе іс-әрекеттен басталмайды, әу баста мидағы ойдан басталады. «Оң қолдағы» кейіпкер Алма – жақсы қыз, ниеті түзу, таза жан. Бірақ оның ата-тегіндегі бір адам кезінде өзіне-өзі қол салуға әрекеттенген, сондай жаман ойға барған. Уақытында жүзеге аспаған сол ниет араға бірнеше ұрпақ салып, қыз еркінен, қалауынан, табиғатынан тыс Алманың бойынан табылып отыр. Ол өзін-өзі өлтіру туралы ойламайды, бірақ генетикалық санаға сіңген баяғы жаман ой бұл ұйықтап жатқанда оң қол болып қылғындырады. Демек, адам ғайбат сөзден, ағат істен ғана емес, жаман ойдан да сақтануы керек. Әркім өзінің ісіне ғана емес, ойына да жауапты!

Әдебиеттің басты мұраты – адам жанын тазарту

«Тозақ оттары жымыңдайды» – Бразилиядағы үндіс тайпаларының аянышты тағдырын арқау еткенімен, астарында қазақ халқының басындағы сондай ахуалды меңзейтін шығарма. Төлен Әбдікұлы алғашында хикаятты қазақ даласындағы оқиға ретінде бергісі келген. Алайда, «қазақ халқына құрып кету қаупі төніп тұр, ол қауіпті ке­ңес өкіметі қолдан жасап отыр» деп қа­лай ашық жазады? Жазғанымен ба­сылмасы анық, тіпті, жолатпайтыны, өз басына бәле салатыны белгілі. Сосын «Жер бетінде тағдыры қазақтың тағдырына ұқсас халықтар көп қой, неге солардың бірін мысалға ала отырып, тұспалдап жазбасқа?» деген ойға келеді. Бұл да – «Ақиқат», «Парасат майданы» секілді ұлттық шеңберден шығып кеткен шығарма. Сондықтан ба, бастапқыда әдеби орта онша қабылдай қоймаған. Ал қазір, керісінше, жұрт жазушының осы шығармасын көп сұ­райды. Өткенде бір сайт «Тозақ оттары жымыңдайдыны» тіпті үндістер ту­ралы жазылған әлемдік үздік шығар­ма­лардың қатарына қосыпты.

Кейде баспасөз бетінен «Отызыншы жылдардың нәубеті, аштығы, қуғын-сүр­гіні туралы біздің әдебиет әлі еш­теңе жазған жоқ» деген пікірлерді оқып, таң қалатынымыз рас. Сонда олар Қажығали Мұханбетқалиұлының «Бұ­ра­л­аң жолы» мен «Ақырғы күнін», Төлен Әбдікұлының «Тұғыр мен ғұмыр», «Әке» хикаяттарын оқымаған ба? Басқасын былай қойғанда, ХХ ға­сыр­да қазақтың басынан қандай зобалаң өтті – соның бәрі қамтылған «Әкеде» бір ғана Жармағамбет тұқымының емес, ұлттың тұтас бір буынының қасіреті тұнып жатқан жоқ па? Оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген, бір ғана әулеттің тарихын айта отырып, өз дәуірінің бар шындығын жайып салған мұндай талантты туындылар біздің әдебиетте аса көп емес.

Төлен Әбдікұлының ұлттық сипат­та­ғы, қазақы құнары мол шығар­малары да жеткілікті: «Өліара» романы, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Оралу» се­кілді хикаят­тары, «Бассүйек», «Бір күндік ашу» тәрізді әңгімелері, т.б... «Қонақтар» деген әңгімесінде жазушы, тіпті, қазақтың басынан өтер ұлтсыздану халін алдын ала болжап қойғандай әсер қалдырады: жылына бір-ақ рет алатын еңбек демалысының тек бір (!) күнін ғана кәрі әке-шешесіне қиятын, әйелі қазақша білмейтін, соның тәрбиесімен орысшаланып бара жатқан баласы атасын, әжесін жатырқап, оларға жоламайтын, соған қарамастан өзін білімді, мәдениетті кісі санайтын Сапабектер кезінде аз болған жоқ. Олар қазір де жетерлік.

Бізде кейінгі уақытта «Кеңес дәуі­рінд­егі қазақ әдебиеті сол уақыттағы солақай саясаттың сойылын соқты» деген жалпылама пікір қалыптасып барады. Әрине, сол заманда оқылған, бірақ бүгін түкке де жарамай қалған, уақыт сынына төтеп бере алмаған кітаптар жеткілікті. Алайда, сол кезеңнің өзінде-ақ кеңес идеологиясын басы бүтін қабылдамаған, оған іштей қарсы болған, шығармашылығын таза сақтаған жазушылар да болды (Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тыным­бай Нұрмағамбетов, т.б.). Төлен Әбдік­ұлы – сол талантты шоғырдың ішіндегі шоқтығы биік қаламгер.

Жазушының ізгілікке іңкәр жүрек­тер­дің гимнін­дей «Біз үшеу едік» атты пьесасы қандай керемет! Марқұм Райымбек Сейітметовтің сахналауымен 5-6 жыл бойы Жастар театрының репертуарынан түскен жоқ. Әрдайым аншлаг. Бірде сол спектакльді көріп шыққан кинорежиссер Сламбек Тәуекелов әйе­лі екеуі Төлен ағамызбен кездесіп қа­лып: «Төке, сіздің пьесаңызды көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай таза­рып келе жатырмыз», – депті. Егер шы­ғар­маң адамды «кір жуғыш машина­дан шыққандай» тазар­ татын болса, авторға одан артық қандай бақыт керек? Әдебиеттің басты мұраты да – адам жанын тазарту ғой!

Бүкіл шығармашылығынан адам­дық­­тың, адалдық­тың самалы есіп тұра­тын, оқырманын қашан­да әділ­дікке, парасаттылыққа, шынайы­лық­­­қа жетелейтін, үнемі ақиқаттың жоқ­­шысы болып жүретін жазушы Тө­лен Әбдікұлының қаламы әлі де бабын­да, санасы сергек. «Көкейімде жаңа бір хикаяттың идеясы жүр» деді таяуда сөйлескенімізде. Демек, Төкеңді қайталап оқи жүріп, жаңа туындыларын күтеміз.

Сәкен СЫБАНБАЙ