Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

5 күндік оқу аптасын енгізу қалай жүзеге асады?

1931 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқу жылы басталды. Ата-аналар Білім және ғылым министрлігінің былтырдан бері айтып келе жатқан жаңалық – мектептерде 5 күндік оқу аптасын енгізу мәселесіне қатысты «Бұл идея қашан іске асырылмақ?», «Оқу жылы қанша күнге ұзаруы мүмкін?» деген сауалдар қойып отыр. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі 5 күндік оқу аптасын енгізудің ең маңызды механизмдері жайлы түсініктеме берді. 

 

5 күндік оқу аптасын енгізу қалай жүзеге асады?

Ата-аналар мен оқушыларды каникулдар мерзімінің қысқаруы мүмкін деген ой мазалап отыр. 5 күндік оқу аптасына келер болсақ, оның енгізілуі үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалды. Бұл тұста ерекше атап өтер жайт – оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталып отыр. Оқу жылы еш өзгеріссіз, қыркүйекте басталып, әдеттегідей 25 мамыр күні аяқталмақ. Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарында 2017-2018 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» бұйрығы маусым айында шықты. Онда оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1- сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленген.

Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11 сыныптарда күзгі каникул – 7 күн, қысқы – 10 күн, көктемгі – 13 күн. Мектепалды даяр­лық сыныптарында күзгі каникул – 7 күн, қыс­қы – 14 күн, көктемгі – 15 күн, сондай-ақ, бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері ара­лығында 7 күндік қосымша каникул бел­гіленді.

Оқу жүктемесі азая ма?

Иә, балалар жүктемесін азайту бағытын­да да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Ес­теріңізде болса, былтыр ата-аналар қо­ғам­дастықтары мен сарапшылардың ұсыныс­тары бойынша үй тапсырмаларының көлемі азайтылған болатын.

Министрлік үй тапсырмаларын орындау бойынша методикалық ұсынымдарды бекітті. Демек, үй тапсырмаларын орындау­ға жұмсалатын уақыт, бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үштен бір бөлікке қысқармақ.

Үй тапсырмасын орындау уақыты 2-сыныпта 50 минуттан, 3-4 сыныптарда – 70 минут­тан, 5-6 сыныптарда – 90 минуттан, 7-9 сыныптарда - 110 минуттан, 10-11 сыныптарда 130 минуттан аспауы тиіс.

Үй тапсырмалары мереке күндеріне және каникул кездерінде берілмейді. Тек көркем әдебиетті оқуға, жобалық жұмыстарды орын­­дауға, математиканы тереңдетіп оқу­ға арналған есептерді шығаруға, сон­дай-ақ, 1-сынып оқушыларының 2-ші жар­ты­­жыл­дықтан бастап оқу дағдыларын жақсар­ту­ға қатысты тапсырмалар ғана ерекше жағ­дайлар ретінде қарастырылған.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бас­тап сабақ ұзақтығы 40 минут болмақ. Мұн­дай тәртіп Назарбаев зияткерлік мектеп­терінде қалыптасқан. Демек, 40 минуттық са­бақ кестесінде күніне 30 минут уақыт «бо­сайды». Сондықтан, қосымша сабақ қо­сылған жағдайдың өзінде оқушылар мектепте әдеттегіден тек 10 минут артық өткізіп, жүктемесі айтарлықтай өзгермейді.

5 күндік оқу аптасы жағдайында оқу бағдарламалары өзгеріске ұшырай ма? Бұл жағдай барлық мектептер мен сыныптарға қатысты ма?

Оқу бағдарламалары мен әрбір пән­ді меңгеруге бөлінген сағаттар саны өзгер­мейді. Жаңа санитарлық ережелер бо-йынша мектептердің 1-11 сыныптарында 5 күндік оқу аптасын енгізуге рұқсат беріледі. Бұл жалпы орта білім беретін және дарынды балаларға арналған мамандандырылған мек­тептердің барлығына да қатысты. Мектеп­тердегі оқу жүктемесінің көлемін 5 күндік оқу аптасына бөлу оңай. Гимназиялар мен лицейлердегі жағдай біршама күрделірек.

Бүгінгі жалпы білім беретін мектеп­тердегі үлгілік оқу жоспарларына сәй­кес, 1-11 сыныптардағы апталық оқу жүк­те­ме­сінің максималды шамасы 24 сағат­тан 39 сағатқа дейінгі мөлшерде. Жаңа сани­тарлық ережелерде осындай жүктеме қарастырылған.

Ал күнделікті жүктемені, басқаша айт­қанда – күніне қанша сабақ болу керектігін, әр мектеп өз мүмкіндіктері мен жағдайын ескере отырып, өздігінен белгілейді. Әрине, сабақ кестесі ата-аналар комитетімен ке­лісілуі тиіс. Бұл да мектептерде құрылып жат­қан қамқоршылық кеңестерінің, жалпы қоғамның өкілеттілігі мен жауапкершілігінің жыл­дан жылға артып келе жатқанының белгісі.

5 күндік оқу аптасын енгізу балалар сенбі күні оқымайды деген сөз бе?

5 күндік оқу аптасын енгізудің негізгі мә­ні – балаларға 2 күндік демалыс беру. Министрлік бұл үшін барлық қажетті жағ­дайлар мен мүмкіндіктердің болуын қам­тамасыз етеді. Біздің ойымызша, министрлік әр мектептің сабақ кестесін белгілеп, бекі­туге араласпауы тиіс. Бұл мәселені әрбір мек­теп өздігінен шешеді. Мысалға, мектепте бар­лық сабақтар бір ауысыммен өткізілсе немесе мектеп көлемі мен кабинеттер саны 5 күндік оқу аптасын екі ауысымда жүргізуге мүмкіндік берсе, онда мектеп басшылығы қамқоршылық кеңеспен немесе ата-аналар комитетімен келісіп, жаңа тәртіпке көшуді таңдай алады. Мектептердің басым көпшілігінің «бескүндікті» таңдау мүмкіндіктері бар. Оқу процесі үш ауысымда жүргізіліп жатқан мектептердің мұндай тәртіпке көше алмасы түсінікті.

Жоғарыда айтылғандай, гимназиялар мен лицейлерде 5 күндік оқу аптасын енгізу күр­делірек мәселе. Мұндай мектептерде негізгі жүктемеден бөлек гимназиялық және лицейлік компоненттер болады. Еліміздегі 7100 мектептің 300-ге жуығы гимназия мен лицейлер. Ондағы бастауыш сыныптарда 5 күндік оқу аптасын енгізу мүмкіндігі бар. Жоғары сыныптар жағдайына келер болсақ, гимназия-лицейлерде үйірмелік және жобалық жұмыстар көлемінің біршамасын сенбі күндеріне жүргізуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда біз сенбі күндеріне күрделі пәндерді қоймай, мәселен, дене шынықтыру, бастапқы әскери дайындық бойынша сабақтар мен үйірмелік жұмыстар, байқаулар мен экскурсиялар өткізуді ұсынамыз. Бұл тұста кейбір пәндер бойынша сабақтардың музейлер мен басқа да тарихи, мәдени нысандарда өткізу қажеттігін ескерсек, кейбір сабақтарды мектептен тыс жерлерде өткізу мүмкіндігі бар екендігін ұмытпаған жөн.