Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Оқулықтардың мазмұны жаңарып, мұқабасы жұқарды...

7491 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Биыл жалпы білім беретін мектептердің оқу үрдісінде жаңалық көп. Оның бас­ты­сы – былтыр басталған жаңартылған білім жүйесіне көшудің жал­ға­­сатындығы. Биыл 2, 5, 7-сыныптар жаңа мазмұнға өтеді. Білім бағ­дар­­ламасындағы мұндай өзгерістер неден туындап отыр? Оқытудың жа­­ңа мазмұны елдің үмітін ақтай ала ма? Оқулықтардың салмағы мен са­пасы сын көтере ме? Осындай сан-салалы сұраққа жауап іздестіріп көр­ген едік.

 

Оқулықтардың мазмұны жаңарып, мұқабасы жұқарды...

Жаңартылған мазмұн сапаны жақсартады

Елімізде реформаға жиі ұшырай­тын екі сала болса, соның бірі – білім. Әй­теуір, осы салада өзгерістер бо­ла­ды да жатады. Былтыр жалпы бі­лім бе­ретін мектептердің оқу бағ­дар­­ла­масы жаңа мазмұнға көше бас­та­­ғанда қоғамның пікірі екіге жарыл­ды. Көп ата-ананың көкейінде «бұ­рын­нан қалыптасқан классикалық жүйе­мен оқыта берсе қайтеді, бәріміз де сонымен оқып-ақ адам болдық қой» деген ой тұрды. Алайда білім са­ласындағы мамандардың өз уәжі бар. Олардың пікірінше, білім сала­сы да бір орнында тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы керек. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы оқыту әдістемелеріне де тү­бе­гейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Осыған сәйкес білім бе­рудің бас-ты құралы – оқулықтар да заман талабына сай өзгеруі тиіс. Біз­дің сауалдарымызға жауап берген Білім және ғылым министрлігі «Оқу­лық» республикалық ғылыми-прак­ти­калық орталығының директоры Бей­біткүл Кәрімованың айтуынша, оқу­­лықтар оқушылардың бойына ру­хани құндылықтарды сіңіріп, ғы­лы­ми дүниетанымын кеңейтіп қа­на қоймай, заманға сай жаңаша көзқарас қалыптастырып, өздігінен із­дену, оқу қабілетін шыңдай алуы қа­жет. Осыған байланысты мектеп оқу­лықтарында теориялық материал­дар мен мәтіндердің көлемі азайтылып, оқып жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінен ойлануға және ізденуге же­телейтін шығармашылық тапсыр­ма­лар, тәжірибелік дағдыларын да­мы­туға бағытталған оқу материалда­ры көбейтілген. Мысалы, бұрынғы «Қазақ тілі» пәні оқулығында ереже­лер, ұғым-түсініктер көп болса, қа­зіргі оқулықта әртүрлі тақырыптағы мә­­тін көп, яғни оқушының жеке да­ра шы­ғармашылығын дамытатын жат­ты­ғу­ларға көбірек орын берілген.

Жаңартылған білім берудің басты ерек­шелігі – оқытудың шиыршық жүйе­­сімен жүргізілуі. Бұл дегеніңіз мек­тепте өткен тақырыптар 11 жыл бойы қайталанып, бала сыныпқа көш­кен сайын күрделеніп отырады. «Жа­ңартылған білім жүйесі – сапаға ба­ғытталған бағдарлама. Оқушыға са­палы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу, тә­жірибе жасау, жеке, жұппен және топ­пен жұмыс істей білу қарымын да­мытуға көмектеседі, Мысалы, бас­тауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламалары оқушыларды шынайы проблемаларды анықтап зерттеуге үйретеді», дейді Б.Кәрімова.

Жаңартылған мазмұн Үкімет қа­был­даған мемлекеттік жалпыға мін­дет­ті білім беру стандартына жә­не Білім және ғылым министрлігі бе­- кі­т­­­­кен типтік оқу бағдарламаларына сүйе­не отырып жасалған. Білім мен ғы­лымды дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасына сәйкес, 2016-2019 оқу жылдарында білім мазмұны толық жа­ңар­тылады. Жаңа стандарт бойынша, білім беру оқушыларымыздың жан-жақты сауаттылығын дамытуға ба­ғытталуы керек. Басқаша айтқанда, бұ­рын жеткіншектердің мектеп қа­­бырғасынан қандай білім алып шық­қаны маңызды болса, қазір сол білімді өмірде қалай жүзеге асыра алатыны бірінші кезекте қарастырылады.

Оқулықтар қатаң сүзгіден өткізіледі

Хош делік. Ал оқушыларды өз бетінше ізденуге, ақпараттарды сыни тұрғыдан ой елегінен өткізуге да-йындайтын жаңартылған мазмұнға оқу­лықтарымыз әзір ме? «Оқулық» рес­публикалық ғылыми-практикалық ор­талығы мамандарының айтуынша, оқу­лықтарды баспалар әзірлейді. Бү­гінде елімізде оқулық жазумен 20-ға жуық баспа айналысады екен, яғни бәсекелестік баршылық. Демек, әрбір баспа өз өнімін сапалы шыға­руға ұмтылады деген сөз. Сол бас­палардың жазған оқулықтары бі­лім беру ұйымдарына жеткенше са­раптаманың бірнеше сатысынан өте­тін көрінеді. «Оқулықтың сапалы жа­зылуы ең алдымен авторлардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Біздің орталық та оларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсетеді. Білім беру саласында болып жатқан жаңалықтардан педагогтар мен авторлар, сарапшылар қауымын хабардар етіп, жаңа талаптарды түсіндіру мақсатында жыл сайын семинарлар, оқыту курстарын, халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп келеміз», дейді орталық директоры.

Бейбіткүл Сәрсемханқызының айтуынша, оқулықтарды әзірлеу, сынақтан және сараптамадан өткі­зу министрлік арнайы бекіткен қағи­да­лар бойынша жүргізіледі. Оның ең бас­тысы – ғылыми-педагогикалық сарап­тама. Бұл – «Оқулық» ғылыми-прак­тикалық орталығының да негізгі қыз­меті. Сараптама сапалы болуы үшін орталықта білікті ғалымдардан, жо­ғары санатты мұғалімдерден және әдіс­керлерден құралған сарапшылар базасы жасақталыпты.

Орталыққа келіп түскен оқулық­тар­ға сарапшылар нақты критерий­лер бойынша ғылыми және педа­го­гикалық сараптама жүргізеді. Сарап­тама қорытындысынан кейін ескер­ту­ле­рі бар оқулықтар баспаларға қайта өң­деуге жіберіледі. Ал сараптама кри­терийлеріне мүлдем сәйкес келме­ген оқулықтар іріктеуден алынып тас­талады екен.           

Ережеге сәйкес, ғылыми-педа­го­гикалық сараптама кезінде оқу­лық­тар­дың жобасы «Оқулық» орта­лы­ғының «Қоғамдық бақылау» порталына орналастырылады. Бұл да сараптама жүр­гізудің негізгі міндетті бөлігі. Де­мек, оқу­лықтардың алғашқы нұсқасынан бас­тап, оның сапалы шығуына Қазақ­стан­ның әрбір азаматы атсалысып, ұсы­ныс-пікірін білдіре алады. Портал іс­ке қосылған екі жыл ішінде 2, 5, 7-сынып оқулықтарына қатысты жұ­рт­шылықтан 5 мыңнан аса ескерту мен ұсыныстар келіп түсіпті. Сын-ескер­тпелердің ешқайсысы ескерусіз қалмай, оқулықтарды өңдеу кезінде қаперге алынған. Сондықтан жаңадан жа­зылып жатқан оқулықтарды бір қарап шыққысы келгендердің www.expert.okulyk-edu.kz сайтына кіріп, пі­кір қалдыруына болады.

Бастауыш сыныптарға арналған  бір­ың­­ғай базалық оқулықтар енгізіле бас­т­ағаны белгілі, яғни 1- 4 сыныптар үшін әрбір пәннен бір ғана ең үздік оқулық таңдалып алынады. Бұл да қосымша жауапкершілік. Сондықтан бас­тауыш сынып оқулықтары сарап­т­а­маға қоса, кейбір мектептерде қанат­қақты жоба ретінде оқытыла бастаған. Былтырғы оқу жылында 1-сынып оқулықтары, биыл 2-сынып оқу­лықтары 30 мектепте сынақтан өт­кен.

Жалпы, негізгі және жалпы орта бі­лім беру деңгейлерінде бірыңғай ба­залық оқулықтар 2020 жылдан бас­­тап енгізілетін болады. Әзірше бұл дең­гейлерге арналған оқулықтар ба­ла­малы негізде қолға алынған.

Сонымен, алғашқы сараптамадан соң өңделіп, қайта сараптамадан табысты өткен оқулықтар пән­дік комиссия қарауына жіберіледі екен. Бұл комиссияның жұмысын Бі­лім жә­не ғылым министрлігі ұйымд­ас­т­ырады. Биыл Пәндік комиссия құ­рамы кеңейтіліп, оның құрамына оқу­лықтардың сапасын бағалау үшін Пар­ламент депутаттары, қоғамдық ұй­ым өкілдері, білікті ғалымдар мен ұс­таздардан тұратын 120-дан астам адам енген.

Оқулықтарды іріктеудің ең соңғы са­тысы – республикалық комиссия. Рес­­п­­убликалық комиссия пән­дік ко­мис­сия мүшелері ұсынған оқу­­лық­тар мен оқу-әдістемелік ке­шен­­де­рін білім беру ұйымдарына пай­да­лануға ұсыну туралы шешім қа­был­дайды.

Биылғы сараптама нәтижесі бо-йынша сараптамаға келіп түскен 2, 5, 7 – сыныптарға арналған 239 оқу­лық­тың ішінен 131 оқулық, яғни 54,8 пайызы 2017-2018 оқу жылында бі­лім беру ұйымдарына пайдалануға ұсы­нылған.

Оқушылардың сөмкесі жеңілдейді

Оқулықтардың салмағына қа­тыс­­ты да сын көп. Мектеп табал­ды­­рығын жаңадан аттаған кіп-кіш­кентай балдырған кітап толы ауыр сөмкесін әрең көтеріп бара жата­ды. Ба­ланың өзінен сөмкесі үл­кен. Тиісті та­лаптар бойынша 1-4 сынып­тар­дың оқулығы – 300 грамнан, 5-6 сы­ныптардың оқулығы – 400 грамнан, 7-9 сыныптар – 500 грамнан, 10-11 сынаптар 600 грамнан аспауы тиіс екен. Жалпы, оқулықтардың сал­мағына, қаріптердің көлеміне және безендірілуіне қойылатын талап­тар­ды белгілеу және орындалу­ын талап ету Денсаулық сақтау ми­- ­ни­с­тр­­­лігі Қоғамдық денсаулық сақ­тау комитетінің құзыретінде. Яғ­ни, бас­палар оқулықтарды әзірлеп бол­ған соң, оның санитарлық талап­тар­­ға сәйкестігін тексеру үшін осы ко­ми­тетке жібереді. Ондағылар егер оқулықтар барлық талап үдесі­нен шықса, оң қорытынды бере­ді. «Оқу­­­лық» республикалық ғыл­ы­ми-практикалық орталығы ма­ман­да­рының айтуынша, жаңа маз­мұн­дағы оқулықтардың ерекшелігі, оқу­лықтар мен жұмыс дәптерлері бір­неше бөлімге бөлінген, яғни оқу­шы алғашында бір кітапты ғана алып жүреді. Бұған қоса, оқушы дәп­терлерін мектеп шкафтарында қал­дырып кету мәселесі де ұсыныс ре­тінде айтылып жүр. Бұл да баланың иығына түсер салмақты азайтар еді. Жалпы, оқушы портфелінің ауыр­лығын оқу кестесін тиімді құру ар­қы­лы да ішінара реттестіріп шешуге бо­лады, дейді мамандар.

Қалай дегенде де, мазмұны жаңар­ған, мұқабасы жұқарған оқулықтардың оқу­шыларға қаншалықты сапалы бі­лім беретіні – алдағы уақыттың ен­ші­сінде. Мамандардың айтуынша, өткен оқу жылының соңында 1-сынып оқулықтарының сап­асы мен тиімділігіне монитори­нг жүр­гі­­зіліп, оған қатысқан 14 облыс пен Астана, Алматы қалала­ры­ның мұ­­ға­­лімдері оқулық мате­риал­да­ры­ның мазмұндық-логикалық бір­тұ­тас­тығына, жүйелілігі мен түсі­нік­ті­лігіне оң баға беріпті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»