Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Кейкінің тағдыр-даласы

760 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Батырдың табаны тиген жерлерге баспасөз туры ұйымдастырылды

Кейкінің тағдыр-даласы

Еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр толды. Көп уақыт емес, бірақ қасиетті тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанда көп іс тындырылды. Соның бірі де бірегейі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, елдікті ерекше қастерлеуге бастау болатын бағдарлама.

Өткен ғасырдың бірінші ширегінде даланың бүтіндігі мен халқының бостандығы үшін басын тіккен Кейкі батырдың қасіретті тағдыры бүгін салтанат құрған тәуелсіздігіміздің қолға тиюі оңай болмағандығына айқын мысал. Кейкінің тағдыры жылқының жалында, түйенің қомында жүріп, ұлан-байтақ даланың әр қарысы үшін сыртқы жаумен күресіп өткен қазақ батырларының бейнесі дер едік. Халқымыз жүрегінің түкпіріне сақтап, ұмытпаған Кейкінің Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Ресей ғылым академиясының Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі – Кунсткамерада жатқан бас сүйегі елге жеткізіліп, батырдың бет әлпетін венгр антропологтарының қалпына келтіргені баршаға аян. Енді батырдың бас сүйегін туған жер қойнына тапсыру рәсімі өтетін күн де алыс емес. Осы тарихи оқиға қарсаңында Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы «Ауылым – алтын бесігім» әлеуметтік жобасының шеңберінде Кейкі батырдың табаны тиген тарихи жерлерге баспасөз турын ұйымдастырды.

Құлпытас тарихты кейінгіге жеткізеді

Құрамында жергілікті өлкетанушылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналис­тер, қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімі мамандары бар топтың алғашқы тоқтағаны Арқалық қаласы мен Амангелді ауданының ортасындағы Тасты ауылының тұсында, Арқалық-Торғай тас жолының бойында салынған Кейкі батырдың жаңа кесенесі болды. Бұл Кейкіге салынған екінші кесене. Сыртқы сұлбасы батырдың дулығасын елестететін ғимараттың құрылысы аяқталып, құрылысшылар айналасын абаттандыру ісіне кіріскен екен. Сары кірпіштен қаланған кесененің ішіне кіргенде биік күмбезіне қараған кісінің тақиясы түсердей. Баспасөз турына қатысқандардың бірі өлкетанушы Шөптібай Байділдиннен «Бұл жерден неге қышқылтым иіс шыққандай болады?» деп сұрады таңданысын жасыра алмай. Расында, оны сол жердегі топтың барлығы да сезген еді.

– Бұл – іркіттің сары суының иісі. Мына кесене кірпішін цементті іркіттің сары суы­на шылап өрді, бұл тарихи ғимараттарды өрудегі атам-заманнан қолданылған әдіс екен, – деп жауап берді өлкетанушы. Төрде қызыл гранитке латын әрпімен «Көкембайұлы Кейкі (Нұрмағанбет) Құлан қыпшақ 22.04.1922» деп жазылған, оның тұсына Кейкінің бас сүйегі жерленетін орын жасалған. Батырдың екі жағындағы қызыл гранитке латын әрпімен інісі Шұбар мен әйелі Ақжанға «Көкембайұлы Шұбар (Ермағанбет) Құлан қыпшақ 22.04.1922» , «Ақжансұлу Байшорақызы Найман 22.04.1922» деп жазған. Мемлекет 70 миллион теңгеден аса қаржыға салдырған сұлу кесенедегі осы жазуларда өкінішке қарай, бір асығыстық орын алған секілді. Кейкінің, інісінің, әйелінің аттары латын әрпімен жазылған. Латын әліпбиі бізде әлі ресми қабылданған жоқ қой? Әліпби қабылданғаннан кейін мына жазудың орфографиясы, емле қателері болып жатса ше? Екіншіден, Кейкі қай жылы, қай күні шейіт болды? Тасқа түскен «22.04.1922» деген мәлімет ақиқат па? Батыр туралы негізінен сол уақыт куәгерлерінің естеліктеріне сүйеніп жазылған мақалаларда, естеліктерде оның өлген уақыты туралы түрлі дерек бар, яғни 1924 жылғы сәуірде, 1923 жылғы сәуірде, 1922 жылы 4 сәуірде, 1922 жылғы 10 сәуірде екені жазылады.

Кейкіні көп жылдардан бері зерттеген журналист Мақсұтбек Сүлейменнің «Кейкі Көкембайұлы» деген кітабында батырдың өлген уақытын «1922 жылдың 29 наурызы» деп көрсетеді. Оған архивтен алынған нақты деректі куә етеді, ақиқат үшін соны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік: «Кейкі Көкембаевтың 1922 жылы 29 наурызда қаза тапқанына нақты дәлел, Торғайда төтенше тапсырмаларды орындайтын әскери бөлімнің (ЧОН) взвод командирі Стуканның Қостанайгубштабына жөнелткен №84 жеделхаты. Мұнда былай деп хабарланған: «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командованием отд. Командиром тов Дудина 200 верст от Тургая, расстрелян на месте и с ним 5 человек бандитов».

Автор әрі қарай мазмұны осы жеделхатта айтылған деректі нақтылай түсетін куәгерлердің сөзін келтіреді. Біздің мақсатымыз осы кезге дейін жазылған еңбектерге шолу жасау, саралау емес, кесенедегі гранит плитаға жазылған деректер ақиқатты айтса деген тілек еді. Тарихын тас­қа жазған халықпыз, кесенеге келіп, батыр бабасына құрмет көрсеткен кейінгі ұрпақ шындық іздейді. Қостанайлық өлкетанушы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып бірнеше жыл облыстық мемлекеттік архив директорының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет істеген кезінде Кейкіге байланыс­ты 6 құжат тапқан болатын. Әрине, ол басқа мақаланың жүгі. Қалқаман Хасенұлының ғалым ретіндегі пікірі де ой тастайды.

– Кейкіні зерттеу енді басталды десе болады. Сол аласапыран жылдары болған оқиғалардың куәгері дегенмен, адамның жадында барлығы да сол күйінше сақталмайды, 100 жылға жуық уақыт өтіп кетті, ауыздан ауызға тараған әңгімеде нақты оқиғаны әсірелеу, кеміту секілді бұрмалаушылықтар бола береді. Сондықтан, нақты архив құжаттарына сүйенген ғылыми сараптама, ғылыми қорытынды ғана батырға байланыс­ты деректерге нүкте қойса деп ойлаймыз. Кесенеге Кейкі туралы деректерді жазардан бұрын тарихшы ғалымдардың басын қосқан ғылыми-теориялық конференция өткізген дұрыс еді. Екіншіден, Кейкі туралы деректерді тек Қазақстаннан ғана емес, сырт жерлердегі архивтерден де іздей беру керек, – дейді Қалқаман Хасенұлы.

Бостандық үшін күрескен Кейкісін жүрегінің түбінде сақтауы – халықтың тәуелсіздікті, еркіндікті аңсауы еді. Кеңес Одағы жылдары қызыл империя қанша бұғаулағанмен, Кейкі туралы әңгіме ел ішінде жатқан жоқ, айтылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Алмас Әбсадық мұны заңдылық деп біледі.

– Кейкі туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгімелердің болуы, әсіреленуі, оның өліміне байланысты деректердің де түрліше жетуі халықтың батырына деген сағынышынан, оны өлімге, ауыр тағдырға қимағандығынан екені даусыз. Тіпті ел арасында Кейкі Қытайға өтіп кеткен, өлген оның інісі деген әңгімелер де жүрген. Алайда, кейінгі ұрпаққа Кейкі батыр туралы ақиқатты ғана жеткізу үшін ғалымдардың тер төгуіне тура келеді, – дейді Алмас Ахметұлы.

2007 жылы Әубәкір Қылышбайұлының ұйымдастыруымен салынған бұрынғы кесене жаңа кесенеден 300 метрдей жерде тұр. Бұл да халқының батырына деген сағынышының көрінісі дер едік. Оның ішінде батырдың сүйегі жоқ, кесененің төр жағына Жалаулыдағы Кейкінің қаны төгілді деген жерден әкелінген топырақ пен батырдың ескерткіш-бюсті қойылған. Ғимараттың сыртына Кейкінің салауаттарын, алдыңғы қабырғасындағы мәрмәр тасқа: «Сұлтан қайда сүйегін қорлатпайтын, Өлі-тірі аруақты сорлатпайтын, Халқы үшін қор болған қайран, Кейкі, Көрі де жоқ, соны ойлап жай таппаймын» деп аяқталатын Әубәкір Қылышбайұлы марқұмның екі ауыз өлеңі жазылған. Кесене батырдың сүйегі болмаса да, туған жеріндегі ұлы жолдың бойынан өткен жолаушылар оның аруағына құран бағыштап, ұмытпай жүрсін деген тілекпен салынған. Тағдырдың ісін қараңыз, даласын қорғап, халқының бостандығын аңсап басын тауға да, тасқа да ұрған батырдың екі кесенеде сүйегі түгел болмайын деп тұр...

Сарбаздарға рух берген мешіт

Мұнан кейін баспасөз турына қа­ты­су­шылар мінген жүрдек машиналар Амангелді ауданы орталығынан 220 шақырымнан аса жерде, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында орналасқан Дулығалы мешітін бағытқа алды.

– Баспасөз турын ұйымдастырып отырған «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ор­та­лығы Кейкі батыр өмірімен, күресімен бай­ланысты Дулығалы мешітінен басқа осы төңі­ректегі тарихи орындардың барлығын қам­ты­ды. Дулығалы мешітіне барудың сәті енді түсті, – дейді Арқалық қаласы ішкі сая­сат бө­лімінің басшысы Мәнсия Айтмағам­бетова.

Баспасөз туры құрамында болған өлке­та­нушы, Кейкі батыр туралы көп жылдар бойы там-тұмдап дерек жинаған, қолөнерші, оюшы Шөптібай Байділдин Дулығалы мешіті қазақ даласындағы қасиетті орынның бірі екенін айтты. Мұнда ишандар әулеті мешіт, медресе салып, жұртты имандылыққа ұйытып, діни білім берген.

– Басын Ұлытаудан алатын Дулығалы және Терісбұтақ өзендері қосылып, Ұлы Жыланшық өзеніне құяды. Ал ұзындығы 330 шақырым Жыланшық өзені жағасында Ахмет Байтұрсынов өскен Ақкөлге барып құяды. Мешіт Дулығалы өзенінің жағасында болғандықтан, Дулығалы деп аталған. Халық оны мұнан басқа Құлмұхаммед ишанның руына байланысты Бердікей ишандар мешіті және Қызыл мешіт деп үш түрлі атаған. Ел есінде қалған әңгіменің ізін бақсақ, Құлмұхаммед әкесінің ризашылымен жасөспірім шағында сауда керуендеріне ілесіп кетеді де, содан 14 жылдан кейін діни білімді болып оралады, – деп әңгіме тиегін ағытты Шөптібай Байділдин.

Құлмұхаммед келген соң, мешіт салуға кіріседі. Ол үшін тағы да Түркістанға барып, мешіт құрылысын үйреніп келіп, кірпіш құйып, күйдірсе керек. Алғашқы мешіт жергілікті жердің шымынан салынады, оны күмбездеуге келмейді, қар көміп қала бергендіктен, жаңа мешіт құрылысы қайтадан жүреді. Оған қажетті ағаш Аманқарағай мен Науырзымнан тасылады. Осы орманды алқаптардың мешіт тұрған жерден алыстығын есептегенде, көлеңкелеуге бұтасы жоқ иен далада құрылыс жүргізудің қандай мехнатты іс екенін елестету қиын емес. Ел аузында қалған деректерге қарағанда, мешіт пен медресе өткен ғасырдың бас кезінде басталып, 1920 жылдары бітсе керек. Бүгінде қабырғалары ғана қалған мешіттің кезінде еңселі ғимарат болғандығы білінеді. Қабырғалары саман шикі кесекпен өріліп, сырты күйдірілген қызыл кірпішпен қапталғаны көрініп тұр. Азан шақыратын мұнарасының жартысы ғана қалған. Мешіт тоғыз күмбезді болған, оның намаз және әйелдерге арналған бөлмелерінің, жуынатын орын, кітапханасының орны жатыр. Кеңес Одағы жылдарында сүріп тасталған медресе 24 бөлмеден тұрған дейді.

– Мешіт пен медресе өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жұмыс істеген. Одан дүрбелең басталған, қазақ даласын аштық жайлаған кезде ишандар әулеті күнкөріс қамымен оңтүстік жаққа бет алады. Біреулер ишандар әулеті қашып бара жатыр деп хабарлағаннан кейін, алдынан милиция шығып, қырып салған. Солардың арасында Сары ишанның аяғы ауыр әйелі аман қалады да, Мақтаралға жетіп қыз табады. Сол қыз – Нағима деген біздің жеңгеміз болып келетін, бір атадан қалған жалғыз қара еді. 2003 жылы Нағима жеңгемді осында ертіп келдім, жылағанда сай-сүйегіміз сырқырады, – деп қайырды Шөптібай аға. Құлмұхаммед Арыстанбайұлы пайғамбар жасына жетпей қайтқаннан кейін оған ел-жұрты кесене көтереді. Оның төр жағында Құлмұхаммед ишан мен төменгі жағына аталар ізін жалғастырған Қази ишан жерленген.

Осы төңіректің барлығы өткен ғасырдың басында Торғай уезіне қараған. Әбдіғапар ханның, Амангелдінің, Әліби Жанкелдин мен Кейкінің туған жері осы төңірек, бір-бірінен алыс емес. Дулығалы мешітін олардың барлығы да біліп, көріп өсті. Олар 1916 жылы көтеріліске аттанар алдында осы мешітте бас қосып, аруақтарға құран бағыштап, бата алып, Алладан медет сұраған. Сол жолы құрбандыққа сойылған қошқардың бас сүйегі Құлмұхаммед ишан кесенесінде 100 жылдан бері тұр. Екінші сүйек көтерілісшілер Торғайды алғанда сүйіншісіне сойылған қошқардың басы екен. Өткен жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы Дулығалы мешітіне Құрбан айт күндері келіп, құрбандыққа шалған ірі қараның басын да солардың қатарына қойған.

– Көтеріліс алдында осы мешітке 28 мың адам жиналған көрінеді. Содан іріктеліп 5 мың адам аттанған, олардың 200-і Кейкінің мергендері болған. Жиналған жұрттың барлығын әскерге қосуға шама келмеген, оларды тамақтандыру, киіндіру, қарумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес еді. Көтерілісшілерге осы маңдағы Бірәлі бай, Алтынбай бай, Болат әулие секілді тағы басқа да бай-қуатты адамдар көмек берген. Ел бірлігінің қандай болғанын қараңыз. Дулығалы мешіті көтерілісшілерге рух берген киелі орын. Ол жан-жағындағы Байқоңыр, Батпаққара, Торғай, Қарақұм, Ұлытау, Ырғыз секілді сол кездегі қалың ел жайлаған негізгі орталықтардан 100-200 шақырым арасындағы қашықтықта, нақ орталықта орналасқан. Биік қырқаның басында салынғандықтан, айналаның барлығы алақандағыдай көрінеді. Адамдар жердің шалғайлығына қарамастан осында жұма намазына келетін болған. Жұрт бір жағынан намазға келсе, екінші жағынан ақпарат алмасатын, мәдени орталық та осы мешіт-медресе еді, – дейді ишандар әулетінің ұрпағы Құлсейіт Туғанбаев.

Қазір осы жерде ұлытаулық Тойшыбек Бектұрсынов «Ұлар» шаруа қожалығын дөңгелетіп отыр. Ишандар әулетінің ұрпағы Тойшыбекті осы мешіт пен аталар кесенесінің бүгінгі шырақшысы десе артық емес. Жазымен жер шалғайлығына қарамастан кесенеге тәу етуге, құран бағыштауға келіп-кетіп жататын адамдарды күтіп алып, шығарып салып, мешіт пен медресе тарихын айтып отырады.

Өткенге салауат. Бұл мешіттің, халқына руханият нұрын сепкен ишандар тарихын да «мың өліп, мың тірілген» халқымыз тарихынан бөліп қарауға болмайды. Қазір мешітті орнына келтіріп, қайта салу жұмыстарының басталғаны көңілге демеу. Дулығалы мешітінің ел тарихындағы маңызды орны бар екендігін анықтауға көп күш жұмсаған ардақты азамат Мәкен Төрегелдиннің ұйымдастыруымен құрылған «Дулығалы» қоғамдық қорының қаржысына мердігерлер жұмысын бастап та кетіпті. Өзен жағасында құрылысшылар кесек құйып жатыр.

– Биыл кесек құйып, оны күйдіреміз. Осы жерде пеш салынады, көмір әкелінеді. Күн суығанша үлгерсек, мешіттің орнын тазалаймыз. Келесі жылы құрылыс басталады. Мешіттің бастапқы сәулеті дәлдікпен қалпына келтіріледі, – дейді құрылысшылар бригадасының бригадирі Нәбижан Юлдашев. Демек, қазақ даласының рухани орталығының бірі болған, имандылыққа ұйытып, діни білім, халқымыздың бостандығы үшін күрескендерге рух берген мешіттің қалпына келгенін көретін уақыт та алыс емес.

Кейкінің сүйегі неге табылмайды?

Баспасөз турына қатысқандардың тағы бір басты бағытының бірі Жалаулыдағы Кейкі батыр оққа ұшты, опат болды деген жер еді. Дулығадан кері жүріп отырып, жолда 90-шы жылдары ел көтеріле көшіп кеткен «Родник» кеңшары ораласқан Родник (Рахмет) ауылынан өтіп, Жалаулыға жеттік. 1964 жылы жезқазғандық, Кейкі батырдың рулас ағайыны болып келетін Әбу Қарақожин осы жерден өтетін жолдың бойын темір шарбақпен қоршап, Кейкіге құлпытас орнатқан болатын. Шөптібай Байділдиннің жазуынша, ол Кейкінің көзін көргендерді, жалпы ауыл ақсақалдарын жинап ас беріп, атасының аруағына құран бағыштатқан. Темір шарбақтың ішіне сүйектерді жинап, ақ матаға орап көмді деген де дерек бар. Биыл жаздың басында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарихшылардың ұлттық конгресі, Түркі академиясы қолдап, жолға шыққан «Туған жерім – алтын бесігім» атты ақпараттық-танымдық экспедиция Кейкі батырдың дене сүйегін іздеуді бас­ты мақсат етіп қойған еді. Археолог Ұлан Үмітқалиевтің басшылығымен қазу жұмыстары сол қоршаудан басталған екен. Бірақ бір аптаға созылған жұмыс нәтижесіз аяқталған болатын, батырдың сүйегі табылмаған. Өлкетанушы Шөптібай Байділдин сүйекті іздеудің жеткілікті дәрежеде ұйымдастырылмағанын айтады.

– Жер қазушыларға жағдайдың жасалмағаны өз алдына, ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз, сүйекті табуға мүмкіндігі мол заманауи құралдар неге әкелінбеді? Археологтың пайдаланған георадарына көңіл толған жоқ. Ауданнан әкелінген техника да ақаулы болып, қайтадан аудан орталығына сүйретіп зорға жеткізілді, – дейді Шөптібай Байділдин.

Баспасөз туры құрамында болған ар­қалықтық өлкетанушы Құлсейіт Туғанбайдың балалық шағы дәл осы Жалаулыда өтіпті, ал әжесі Салиха Жаншуаққызы Кейкінің көзін көрген екен. Кейкі қызылдармен атысып, оққа ұшқан сәттің куәгері, оқиға болған үй­дің иесі Жәкеннің қызы Бижамал әжейді де Құлсейіт көріп өскен. Сол қанды оқиға ту­ра­лы Бижамал әжесінен талай естігеннін айтты.

– Менің әжем Салиха Жаншуаққызы Кейкінің төртбақ, бетінде әулиеден қалған дағы бар, түсі суық адам екенін айтатын. Ол кісі «Кейкі келе жатыр дегенде байлар етек-жеңін жинай бастайтын. Небір байлар болды ғой. Малшысының жыл бойғы еңбегіне қозылы қой ғана беретін, кейде мал шығыны болған жылы «қасқыр жеп қойған» деп, пейілі тарылып, оның өзін бермей қояды екен. Кейкі алдына осындай жағдайды айтып, жылап барған кісінің сөзін жерге тастамайды екен, байға барып, алашағын өсімімен алып беріп отырған. Әділеттілік үшін неден де болса қаймықпаған кісі, байлар оның батырлығынан да, әділдігінен де аяғын тартқан» деп отыратын. Соның барлығы да Кейкінің қара халыққа жамандық істемегенінің, қайта халқы үшін өзінше күрескенінің арқасы, – дейді Құлсейіт Аманкелдіұлы.

Балалық шағы Жәкен деген кісінің қызыл үйі тұрған нақ осы жерде өткен Құлсейіт Аманкелдіұлы Әбу Қарақожин қойған темір шарбақтың неге кейіннен орнатылған ескерткіш белгінің қасына келіп қалғанына таңғалды. Шарбақ әуелде ойда, жолдың бойындағы аласа төмпектің үстінде тұрған. Бұл маңның шөбі жазда өртеніп кеткендіктен, сүйекті іздеген маусым айындай емес, айналадағы ой-шұңқырдың барлығы анық көрінеді. Құлсейіт шарбақтың бұрынғы тұрған жерін де көрсетті. Бұл жерде Кейкі мен оның жанындағы адамдарды, әйелі Ақжанды, інісі Түскенді Торғай уезінің әскери комиссары М.Дудин отрядының қалай азаптап өлтіргені туралы талай жазылды. Одан кейін қорқып қалған ауыл адамдарының жайрап жатқан мәйіттерді жыраға апарып көме салғаны сол күндер куәларының айтуынан белгілі. «Сүйекті қазір шөп өртеніп, жер жалаңаштанғаннан кейін тағы бір іздеп көрер ме еді» деген ой Жалаулыға барған жанның барлығын мазалайтындай. Әттең, батырдың бас сүйегін жер қойнына тапсыруды ресімдеу күні де жақын қалды, уақыт тығыздығы тағы бар. Ал Шөптібай Байділдин мен Құлсейіт Туғанбай Кейкіні зерттеу енді басталғанын, сүйекті іздеуді де тоқтатпайтынын айтып отыр.

Торғай даласы тұнған тарих

Жалаулыдан шыққан соң қайтарда Шөптібай Байділдин жер аттарын «Бірәлінің тақыры», одан ұзай бере «Бірәлінің сасығы» деп айтып отырды. Бірәлі осы өңірді жайлаған атақты бай, байлық атасы Нұрымнан, әкесі Бектастан бері үзілмеген. Оның баласы Сұлтан Бектасов Амангелді батырдың серігі, хатшысы болған, ол осы жерде 12 бөлмелі қызыл үй, өзеннің екінші бетінде Бірәлінің Мейірман деген ұлы 8 бөлмелі үй салдырған екен. Олардың барлығының қазір орны ғана жатыр. Енді көшпелі қазақ құрылыс салмады деп көріңіз. Оған ұлы даладағы кесенелер де айғақ. Торғай өңірінде кесенені «там» деп те атайды. Жол бойындағы Әйгісінің Ахметінің, Бектастың, Бірәлі байдың анасы Шөженің тамдары тұсынан құран бағыштап өттік.

– Мынау Шаңсуат деген терең су, осыған Бірәлінің бес мың жылқысы құлағанда, мына судағы ауланбаған алып алабұғалар тайларды тартып кетеді екен. Осыларды шалдардан еститін едік, – дейді Шөптібай аға әңгімесімен жол қысқартып.

Ал даланың шөбі мамыр, маусым айларындағыдай емес, күйіңкіреп кетсе де, Құлсейіт далада өсіп тұрған шөптердің атын «жусан, қызыл изен, құлқайыр, қарғатұяқ, мия, боз, итсигек, қына, ақ қына, жыңғыл, қараот, қияқ» деп, ұзын-сонар тізбелеуден жалықпайды. Машинаның алдынан киіктер орғып, жөңкіді. Осы даламен бірге жасап келе жатқан ботагөз көктемге аман жеткен сайын қуанатын болдық. Киік те даланың бір тарихына айналып барады...

Баспасөз турының көліктері Көшімбектің Обалысы деп аталатын жазықтағы Көшімбек бидің кесенесіне тоқтады. Иманов селолық округіндегі тұрғындардың күшімен қайтадан, жеңіл-желпі жөнделген биік, сегіз қырлы кесене қызыл кірпіштен салынған. Тұрғанына бір ғасырға жуықтаса да ғимарат жақсы сақталған. Онда Амангелді батырдың немере ағасы, яғни әкесі Үдербайдың Балық деген бауырынан туатын Көшімбек би жатыр. 1850 жылы туып, 1925 жылы қайтыс болған Көшімбек «тура биде туған жоқ» ұстанымын бек ұстанған, әділ билігімен ерекшеленген, Рахмет болыстың халыққа жасаған озбырлығына шыдамай, оның үстінен арыз жазып, уезд бастығына барған адам.

Мұнан кейінгі нысан жол бойындағы Амангелді батырдың екінші рет жерленген жеріне қойылған белгі еді. Батыр Бегімбет алакөлі деген жердегі қорымға екінші рет жерленеді. Үшінші рет сүйегі Амангелді селосындағы қорымға, төртінші рет село орталығындағы өзінің 100 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің астына қайта қойылды.

– Кеңес Одағы кезіндегі коммунистік партия саясатының салдары ғой. Аруақты әурелеп, батырдың сүйегін төрт рет жерледі. Амангелдіге кесене де, құлпытас та бұйырмады осы күнге дейін. Бұл да болашақта ойланатын шаруа, – деді Шөптібай Байділдин ой салып.

«Жас ұланның» жақсы істері

Баспасөз турын аяқтай келе, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының игі істерін айтпай кетуге болмайды. Елена Цвентух басқаратын орталықта жыл бойы балалармен түрлі бағытта жұмыстар қайнап жатады. Соның бірі де, бірегейі де жас ұрпаққа туған жер тарихын, туған өлкенің табиғатын таныту жұмыстары. Орталық Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғырудың талаптарына дәл жауап беретін «Ауылым – алтын бесігім» жобасын 2009 жылдан бастап үзбей жалғастырып келеді.

– 2009 жылы біз экспедиция ұйым­дас­тырғанда өлкетанушы Шөптібай Байділдинді кеңесші етіп алдық. Содан бері орталық онымен байланысын үзген жоқ. Біз сол жылы Кейкі батырдың атын алғаш естідік, бұл біз үшін үлкен жаңалық болды. Содан бері Кейкі батыр туралы жұмыстар жалғасын тапты. Ол күрескен, қаза болған жерлерге бардық. Тіпті жеке таныстарымызды салып, Кунсткамерада бас сүйектің жатқанын, оның нөміріне дейін білдік. Кейкі туралы материалдар жинадық. Біз 2011 жылы Арқалық қаласында Кейкіге ескерткіш орнатуға мұрындық болдық. Оның қаржысын Торғай боксит кені басқармасының жетекшісі Виктор Родин көтерді. Кейкінің бас сүйегі еліне келіп, туған жеріне жерленетін болды. Бұл халықтың рухын көтереді деп білеміз. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру үшін батырдың кесенесі экскурсия нысанына айналары сөзсіз, – дейді Елена Семеновна.

Расында, туған жердің ұлылары мен жақсылары халқына мәңгі қызмет етеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай – Арқалық – Амангелді – Жыланшық бойы – Ұлытау жері – Арқалық – Қостанай