Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Әкімдер әскерге барған ба?

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халық сыншы. Өзіне қызмет етіп жүрген әкімдердің әрекеті мен әңгімесіне, тіпті түр-тұлғасына қарап баға беретіндер көп. Ұзақ ойланатын, сылбыр қимылдайтындарын сынап жатады. Кездесуге кешігіп келетіндеріне, көпшілікті күттіріп қоятындарына «әй, осы әкім, әскерге бармаған-ау» деп кейістік білдіріп жататындар да аз емес. Иә, әскери қызмет биік моральдық-этикалық өнегені, темірдей тәртіпке көніп, күні-түні елге қызмет етуді, кез келген жаннан қажыр-қайрат пен зор табандылықты талап етеді. Қарапайым халықтың белгіленген уақыттан кешігіп жүретін әкімнің әскерге бармағанын айтып, темірдей тәртіпті талап етуі де орынды. Әсіресе, айтқан жерден аулақ, төтенше жағдайларда әкімдерге әскери дағды қажет-ақ.

 

Әкімдер әскерге барған ба?

«Апат айтып келмейді» дейді. Еліміздің бірқатар аймақтарында көктемде елді мекендер тасқын судан зардап шекті. Осындай, тосыннан келген қиын жағдайда ауыл адамдарының абдырап қалмай, бір кісідей жұмылып, қарсы тұруы, тіршілік қамын жасауы маңызды. Бүкіл жағдайдың қиындап кетпеуіне жергілікті әкімнің дұрыс іс-әрекеті оң ықпалын тигізері анық. Қауіп төнгенде әкім мен төтенше жағдай қызметшілері дер кезінде жетіп, қажетті қызмет көрсетуі тиіс. Өйткені, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етуді ұйымдастыру, өз құзыретi шегiнде әскери мiндеттiлiк пен қызметті, жұмылдыру дайындығы мен оған қатысты мәселелер жөнiнде­гi заңнамалардың орындалуын ұйым­дастыру және қамтамасыз ету, азамат­тық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету – қала, аудан әкімдерінің функционалдық міндеттерінің бірі.

Ал осындай міндеттерді орындау­да әкімдердің әскери дайындығы қай деңгейде? Әскерге бару – әр ер азаматтың Отан алдындағы борышы. Жауапты міндеті. Жоғарыда айтып өткен міндеттерді орындауда әкімдердің әскери қызметте болғаны өздері үшін өте пайдалы. Жалпы қаруды тануды, саптық  даярлықты меңгеру, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттап, әскери жарғының не екенін түсініп, аймақты барлау әдісін, қару қолданудың  қатаң қағидаларын меңге­ріп, шапшаң, ширақ қимылдауды мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәні үйретеді. Ал әскери борышын өтеуге келген әрбір азамат мектепте алған дайындығын жетілдіре, шыңдала түсері анық. Әскерде болған әкім кез келген төтенше жағдайда шұ­ғыл шешім қабылдап, барлық шараны дұрыс ұйымдастыра алары күмәнсіз.

Осы орайда біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қала  әкімдерінің әскери қызметін зерделеп көрген едік. Анық болғаны, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан, қала әкімдерінің жетеуі әскерге барса, қалғаны бармаған. Нақтырақ айтсақ, әскерге барған әкім­дер: Бақтияр Мамаев – Сайрам ауданы­ның әкімі, қазір запастағы лейтенант. Қайрат Әбдуәлиев – Сарыағаш ауда­нының әкімі, запастағы лейтенант. Бұхарбай Парманов – Төлеби ауданының әкімі, аға сержант. Әліпбек Өсербаев – Түркістан қаласының әкімі, запастағы аға лейтенант. Әбдібақыт Мақұлбаев – Кентау қаласының әкімі, запастағы аға лейтанант. Бақытбек Танагөзов – Бәйдібек ауданының әкімі, запастағы аға лейтанант. Рашид Қайып­жанов – Ордабасы ауданының әкімі, аға сержант.

Әскерге бармаған әкімдердің де әскери шені бар. Мысалы, Төлеген Тел­ға­раев, Қазығұрт ауданының әкімі, запас­тағы лейтенант. Ғалым Исмаилов, Мақта­арал ауданының әкімі, запастағы аға лей­тенант. Ерлан Айтаханов, Отырар ауда­нының әкімі, запастағы лейтенант. Нұрбол Тұрашбеков, Түл­кібас ауданы­ның әкімі, запастағы лейтенант. Ғаби­долла Әбдірахымов, Шымкент қала­сының әкімі, запастағы аға лейтенант. Салы­хан Полатов, Созақ ауданының әкімі, запастағы аға лейтанант. Болатбек Қыс­тауов, Шардара ауданының әкімі, запас­тағы лейтанант. Мұрат Қадірбек, Арыс қаласының әкімі, қатардағы жауынгер.

Әрине, әкімдерге «сендер әскерде болмадыңдар» деп ешкім кінә таға алмас. Отансүйгіштік, патриоттық се­зім, елге адал қызмет ету секілді шы­­­­найы қасиеттер әскерге барғанда бо­­лып, бармағанда мүлдем жоқ деген­ түсінік қате. Ондай қасиет әрбір адамның жүре­гінде жүреді. Онымен тұрмай, жоғары оқу орындарының кейбірінде әскери факультеттер бар. Әскерге бармағанымен лейтенант, аға лейтенант шеніндегі әкімдер сол факультетті тәмамдағаны анық. Бұл орайда, қатардағы жауынгер, Арыс қаласының әкімі М.Қадірбек белгілі бір жағдайларда майорлар мен подполковниктерге өзінен шені жоғары екеніне қарамастан тапсырма беріп жүрсе, бұл әскери қызмет емес, мемлекеттік қызметтегі іс-әрекеті екені мәлім.

Әкімдер ғана емес, ат жалын тартып туған ұл болғаннан кейін, азаматтық борышты өтеу, «тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға» әскери антты қабылдау маңызды. Әскерге жарамсыз жағдай болған күннің өзінде бұл антты білу, біздіңше, әрбір ел азаматы үшін міндетті. Себебі әскери ант – тек әскерге барып борыш өтеу емес, елдің ішінде жүріп тыныштық үшін күресу, қолдан келсе азаматтық көмек көрсету. 

Осы арада есімізге «Аяз би» ертегісі түсіп отыр. Бұл ертегіні ауыл, аудан, қала, облыс басқарып жүрген әкімдердің де оқығанына күмәніміз жоқ. Дегенмен, «отызында орда бұзып, қырқында қамал алған» бүгінгі әкімдерде босағаға ілетін жыртық тон мен жамау тымақ болмағаны анық.  Заман басқа. Ал енді тәубесінен жаңылмас үшін сенім білдірген елі мен Елбасы екенін әрдайым есіне алып, жанынан табылар Ата Заңды қайта парақтап шығатын болар. Ертегідегі бас кейіпкердің әрекетін біз әңгімелеген жайтқа қатыстыра айтсақ, әр әкімнің босағасында әскери киімі ілулі тұрса, үнемі өзінің физикалық қалыбына мән беріп, ширақтығымен, сымбатымен, темірдей тәртібімен жұртқа үлгі көрсетер ме еді  деген ой келеді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті салған

Айдарбек Ғазизұлы,
«Егемен Қазақстан»