Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Жол апаты азаймай тұр

564 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың алты айының өзінде еліміздің автожолдарында 3437 қылмыс тіркелген. Оның түрлері де көп. Оларға қарсы қолданылатын  заңдарымызға сай оны орындау үшін қызмет ететін құзыры мол құқық қорғау органдары да жетіп артылады. Тек нәтиже болса екен дейміз.

 

Жол апаты азаймай тұр

Жол бойындағы жағдайды жүр­гізушілер жақсы біле­ді. Күнбе-күн естігенде тұла­бой­ды­ түршіктіретін, жанды ті­тір­кендіретін жол-көлік апаты бә­рімізге таныс оқиғаға айналды. Мәселен, сөзіміз жа­лаң болмас үшін «Бүгінде жол бойындағы жалпы қыл­мыс­тылық жағдай қандай дең­гейде?» деген сұра­ғымызға ІІМ Жол әкімшілігі комитеті тө­ра­ғасының орынбасары қай­тарған жауабында: «Көлiк құ­ралдарын басқаратын адам­дардың жол жүрісі немесе кө­­­лiк құралдарын пайдалану қа­­ғи­­­даларын бұзуы (Қазақстан Рес­публикасы ҚК-нің 345-ба­бы) – 2516), депті. Өткен жы­лы бұл сан 2002 болса, биыл 2516-ға өсіп кеткен.

Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алко­голь­дік, есірткілік жә­не (немесе) уытқұмарлық ма­саң күйдегі адамның кө­лік құ­ралын жүргізуі де азай­ма­ған. Бұл көрсеткіш өткен жы­лы осы мез­гілде 1339 болса, биыл 1436-ға артыпты. Ал жүр­гі­зушінің жол-көлiк оқи­ғасы бол­ған жерден кетіп қалуы де­ген тіпті үйреншікті әдетке ай­налғандай. Бұл көрсеткіш те 2016 жылы 96 болса, биыл – 1436. Бұл нені білдіреді?

Әрине, адам саны көп және құ­рылымы да үлкен болған соң ІІМ сеніп тапсырылатын мін­деттер өте ауқымды дей­міз. Соның бірі осы жол жүрі­сі тәр­­­тібі түбегейлі бір жол­ға қо­­­йылса деген үміт болатын. Күт­кендегіміздей, жол және патруль­дік бақылау қызмет­тері бірікті. Енді осы орайда халық жол-патрульдік поли­циясы­ қыз­меті енгізілгелі бері қан­­дай өзгерістер мен оның тиімді тұстары байқалғанын білгісі келері де мәлім. Бұл мақсаттағы біздің сұрағымызға ІІМ Әкімшілік полиция ко­митеті төрағасының орынбасары Т.Мұсақановтың сө­­зін сол күйі келтірсек: «Жол және патрульдік поли­ция қыз­­меттерін біріктіру жал­­­пы па­трульдік-бекеттік жасақ­тардың тығыздығын, олар­­дың мо­биль­дігін және қыл­­мыстар мен құқық бұзу­шылықтар туралы келіп түсе­тін сигналдарға жедел ден қоюын арттыруға мүмкіндік бер­ді. Осы мән-жай қылмыстар мен жол-көлік оқи­ғаларының профилактикасына тиісінше ықпал етеді. Мысалы, қызмет­терді біріктіру бойынша жо­ба енгізілген сәт­тен бас­тап қо­ғам­дық орын­дардағы қыл­­мыс­тар мен жол-көлік оқи­­­ға­ларының саны тұрақты тө­мендеуде», дейді.

2017 жылғы 1 қаңтардан бас-тап ала таяқты жаза қол­­дануға тыйым салу құры­лым­дық реформаларды іске асы­ру жө­нін­дегі 2014-2015 жыл­дарға ар­налған жол картасын (Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1012 қаулы­сымен бекітілген) орындау үшін енгізілді. Осы секілді жа­ңа өзгерістер еліміздің автожолдарында жол жүрісіне қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлер санын 12 мыңнан 3 мыңға дейін азайтуға және себепсіз тоқтатулар санын қысқартуға, сөйтіп, жалпы жол жүрісіне қатысушылармен тікелей байланысты жоюға мүм­кіндік бергенін атап өту қа­жет. Дегенмен, осы ала таяққа қатысты жол қиылысындағы жүрісті реттеуге байланысты кейбір мәселелер туындағаны да бар. Бағдаршамдар істемей қалған кезде жол жүрісін қол­мен реттейтін полиция қыз­меткері алдағы көліктердің тасасында тұрғандықтан оның іс-әрекеті қиылыстағы кейбір жүр­гізушілерге көрінбеуі мүм­­кін. Ал ымырт әбден тая­­ғанда ғана оның не істеп тұр­­ғаны байқалады. Мұндай сәт­те жүргізуші қандай да бір жүр­гізу әрекетін толық жү­зеге асыруға немесе көлігін тоқ­татып үлгере алмай қалуы ық­ти­мал. Осындайда туындауы мүмкін келеңсіздіктердің ал­дын алу немесе болдырмау мақ­сатында қандай шаралар қарастырылып жатқандығы туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынба­сарынан сұрадық. Жол жү­рісін реттейтін реттеушінің кө­рі­нуін жақсарту мақсатында жарық шағылыстыратын күр­тешелер мен қолғаптардың жа­ңа үлгілері енді әзірленіп, олармен алдағы уақытта жол-пат­руль­дік полициясы қыз­мет­керлері жоспарлы тәртіпте жаб­­­дықталатын көрінеді.

Қазір жол жүрісін қадағалау авто-патрульдеу арқылы жүзе­ге асырылады. Өйткені, «Жол жүрісі» заңы бойынша енді жол тәртібін қадағалаушы по­­ли­­ция қызметкерлері арнайы көліктермен қозғалып, жол жү­рісі ережелерін сырт­­тай бақы­лауға тиіс. Қиы­лыс­тардағы, жол бо­йындағы арнайы бейне­тір­­кегіштер, ав­то­­матты суретке түсіру қон­дырғылары жол жүрісі қоз­ға­лысы ережелерінің бұ­зыл­ғанын анықтап бере алады. Сол мақсатта бес мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылған екен. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ішкі іс­тер органдары қоғамдық тәр­­­­тіпті сақтауда және жол қа­­уіп­сіздігін қамтамасыз ету­де сыртқы бақылау камера­лары мен басқа да техникалық құрал­дарды белсенді қолдана бастады. Оларды қолданған сәттен бастап полиция қыз­меткерінің жол бойында тұр­уын қысқарту мүмкіндігі пайда болды. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушыларға әкімшілік және қылмыстық өндіріс пен іс­тер бойынша бұл­тартпас ай­ғақ­ты базалар жинауда по­лицияның жұмысына бір­қатар тиімділікке қол жет­кізген көрінеді. Бірақ со­ған қа­рамастан жол бо­йын­­да тұра­­тын жол полиция қыз­мет­кер­лерінің саны азай­маған се­кіл­ді. Жол торуылдайтын ескі амал­дан арыл­ған жоқ па едік деп, осы мәсе­ленің анық-қа­ны­ғын білгісі келген адамдар редакциямызға жиі хабарласады.

Ал оның себебін біз де біл­гіміз келген. Т.Мұсақанов­тың жауабына сүйенсек, «Қа­зір­гі уақытта ішкі істер орган­да­ры жасақшалардан толықтай бас тарта алмайды. Себебі, бей­не­бақылау жүйесі көшелер мен басқа да қоғамдық орындар­ды толықтай қамтымайды. Одан басқа, көбінесе көлік құ­рал­­­­дарының тәртіпсіз жүр­гізушілері ЖЖҚ-ны бұзуға жол бе­реді. Бұл жол жүрісінің бас­қа қатысушыларына нақ­­ты қауіп тудырады. Осын­­­дай жағдайларда құ­қық бұ­зушылардың заңсыз әре­кет­терінің дереу жолын кесу және ұстау қажет» екен.

Жақында Мемлекет басшы­сы жол жүрісі саласындағы заң­наманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Рес­­пуб­­­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заңға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс­ке түзетулер енгі­зілді. Енді заң талаптарына мойын­сұнғысы келмейтін жүр­гі­зушілердің өрісі тарыла түспек. Бірқатар заң талаптары күшейтілді, қайсыбірі жеңілдетілді. Мәселен, мүге­дек жан көлікті спиртті ішім­дік ішіп жүргізетін болса, 3 жылға көлік құралын бас­қару құқығынан айырылады. Сол сияқты жүр­гізуші спирт­ті ішімдік ішсе және оны куәландырудан бас тарт­са, үш жылға дейін көлік жүр­гі­зу құқығынан айырыла­ды. Ал ішкі істер органдары қызмет­керлерінің әрекеттерін тіркеу үшін олар көлік құ­ра­лын­ тоқтатқан кезде жүргі­зуші­лерге суретке және бейне­тү­сірім жасауға құқық берілді. Осылайша заңдылықты сақтау мен жол бойында тәртіп болуы үшін барлық шаралар қарас­тырылуда. Алайда, жол жүрісі ережелерін бұзушыларға қашан тоқтам салынып, жол-көлік апатының қашан азаяры да белгісіз.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»