Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2017

Бизнесті қолдау қарқын алып келеді

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде бизнесті қолдау, индус­трияны дамыту мақсатында көптеген жұмыс атқарылып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің дамуын қамтамасыз етіп, жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны анық. Ал бүгінде Жамбыл облысында мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолға алынып жатқан индустрияландыру жұмыстары да оң нәтижесін беруде. 

 

Бизнесті қолдау қарқын алып келеді

Қазірде өңірде бизнесті қолдау қарқын алып келеді. Осы мақсатта Тараз металлургиялық зауыты базасында индустриялық аймақ ашылды. Индустриялық аймақтың басты мақсаты – өз бизнесін дамытуға ниет еткен кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасай отырып, шығындарының аз болуын да қамтамасыз ету. Сондай-ақ, облыста жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепші болып, технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістің дамуына өз септігін тигізеді. Бұл да елімізде қолға алынып отырған индустрияландыру ісінің игілігін көрсетеді. Ал жаңа ашылып отырған индустриялық аймақтың басты ерекшелігі қандай және оның міндеті не болмақ? Сондай-ақ, мамандар үшін қаншалықты жағдай жасалған?

 Шет мемлекеттер мен өзге облыстардан инвес-тициялар тарту, өнеркәсіп саласындағы өңіраралық, мемлекетаралық даму және өнеркәсіптік ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру аталған аймақтың маңызды міндеті болмақ. Индустриялық алаң дайын өндірістік инфрақұрылымға ие болғандықтан, өнеркәсіптік нысандардың жұмысын қолдауға мүмкіндік береді. Мұнда 63 мың шаршы метрден астам өндірістік, әкімшілік және қоймалық ғимараттары бар аймақ жылумен, газбен және сумен жабдықталған, электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның негізгі технологиялық цехтарына кіруге мүмкіндігі бар темір жолдар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, автомобиль магистраліне еркін қол жеткізу де қиындық тудырмайды. Интернет және байланыс қызметтері жоғары қарқында жұмыс істесе, медициналық жәрдем беру және қоғамдық тамақтандыру қызметтері қолжетімді, дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тимур Жанке.

 Тараз металлургиялық зауыты инфрақұрылымының жалпы қуаты сағатына 500 мВт астам электр энергиясын тұтынатын жабдықтарына қызмет көрсетуге қауқарлы. Индустриялық аймақ Тараз қаласының өнеркәсіптік бөлігінде орналасқан. Аталған аймаққа зауыттан арнайы өндірістік және әкімшілік ғимараттар мен қоймалар орналасқан 41 гектар алаң бөлінген. Бұдан басқа аймақта зауыттағы құрылыс-монтаж, металл құрастыру және монтаждау, темірді өңдеу, механикалық өңдеу, сондай-ақ, арнайы техникалармен жабдықталған автопарк бар. Сонымен қатар, индустриялық парктің дамуына орай шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен ынтымақтастық жөнінде бағдарлама да іске қосылған. Жуық арада бизнес-инкубаторды іске қосу жоспарланып отыр. Енді аталмыш жобаға алаңы 7000 шаршы метрден астам ғимарат берілетін болады.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

 Жамбыл облысы