Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Дуадақ деген бір құс бар

2273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дуадақ дегенде қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұловтың бір шығармасы ойға оралады. Қазіргідей емес, Кеңес Одағында шетелге шығу өте қиын. Қырық сүзгіден өткізіледі, делегация құрамына міндетті түрде «салпаңқұлақ» енгізіледі. Тек, спортшылар мен спорт журналистеріне сәл еркіндік берілген. Осылайша, Кеңес Одағының бір топ журналисі Еуропадағы бір жарысты жазуға барады. Ол жақта тағамдар сылдыр сұйық, әйтеуір жігіттер қатты қызылсырайды.

 

Дуадақ деген бір құс бар

Содан делегацияны бастап жүр­ген шетелдікке кеңестік жур­налистер жарыстан бос уа­қытта бізді тамақ сататын дү­кенге ертіп баршы деп өтінеді. Дү­кенде сыртына алтын жалатып қойғандай дуадақ көзімізге оттай басылды. Сол жерде жеп қоятындай сілекейімізді жұтып әрең тұрмыз. Ақша қосып, сатып алып қонақүйге келдік те үш-төрт жігіт сол заматта бұ­­тарлап жеп қойдық дейді. Де­легацияның жетекшісі келеді. Аң-таң. Дуадақ жоқ. Қайда деп сұрайды. Бұлар «кейінірек жей­міз деп тығып қойдық» деген сияқ­ты уәж айтады.Өмір бақи ет жеп өскен, бәстессе бір ту қой­дың етін жалғыз өзі жеп қоятын та­мақсаулары бар қазақ сияқты ха­лықтың баласына аты-заты құс еті деген не?!

Бәйдібек ауданынан арнайы жер телімін алып, дуадақ өсіріп жат­қан араб ағайындардың ке­ше­ніне барғанда осы оқиға ойға орал­ған. Миыққа еріксіз күлкі үйірілген.

Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылына тиесілі жерден 900 гектарды жалға алып дуадақ өсіріп жатқан кешен Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхы Халифа Бен Зайд әл-Нахайян негізін қа­лаған халықаралық қордың қаржысына салынған. Оның жұмысын ұлы шейх Мұхамед Ахмет жалғастырып келеді. Халықаралық қордың мақсаты дуадақ құсын қорғау, оларды көбейту. Оңтүстікте жұмысын 2010 жылда бастаған, соңғы үш жылда жыл сайын 600-дей дуа­дақты еркіндікке жіберіп келген кешеннің тарихы да қызық.

Дуадақ тұқымы тұздай құрып ба­ра жатқан құс, сондықтан да «Қы­зыл кітапқа» енгізілген. Екі мы­ңыншы жылдардың аяғы. Ол кез­де Созақ ауданының әкімі Со­зақбай Әбдіқұлов.

– Бір күні кеште кабинетіме жұ­пынылау киінген, арсың-гүрсің қимылдайтын жігіт кірді, деп еске алады С.Әбдіқұлов. – Сөзі ірі, көсіп-көсіп сөйлейді. Ұқ­қа­ным Созақ даласынан дуа­дақ аулап, жұмыртқасын жи­науға рұқсаты бар.

Атақты Асанәлі Әшімов «Со­­зақ­тың шырақшысы» атан­дырған Созақбай Әбдіқұлов ыр­­шып түседі. Онсыз да аз қал­ған дуадақты құртайын деп жүр­сіңдер ме деп ренжиді. Жігіт атын атаған министрлікке телефон шалса, әлгінің айтқанының бә­рі рас.

Осылайша, әлгі арсың-гүрсің жігіт бастаған топ Бетбақдалаға тор құрып, дуадақтар ұстайды, жұ­мыртқасын теріп алады. Бүгінде Қазақстанға әйгілі кешен жұмысын осылай бастаған екен.

БАӘ-нің шейхы негізін қа­ла­ған халықаралық қор Абу Дабиден бөлек Марокко және Қазақстанда дуадақтың санын кө­бейтумен айналысып жа­тыр. Бетбақдаладағы жа­байы құстардан алынған жұ­мыртқалар балапанға айналып, көбейіп келеді. Мұндағы ор­талық дуадақтарды қорғау халықаралық қорымен тығыз жұмыс жасайды. Шетелден ар­найы шақырылған орнитологтар жергілікті мамандарға дуадақтарды қалай  күтіп-бап­тау­дың жайын үйретеді.

Біз сөзге тартқан жауапты маман Роман Бакиев дуадақтар өте сақ болады дейді. Сондықтан өзге дыбыстарға бейім болу үшін тұқымбаққа жасанды дауыстар қосулы тұрады. Тұқымбақ компьютермен басқарылады. Дуадақтар алаңсыз өсу үшін барлық жағдай жасалған.

Шаруашылықты басқарушы Ромейн Гера дуадақтарды жер­сін­діруге Бәйдібек ауданының таң­далынып алғанын айтады. Бетбақдаладан бөлек, БАӘ-ден де дуадақтар әкелінген.

Биылғы жыл соңына дейін дуадақтардың саны 3800-ге же­тер деген болжам бар. Тұ­қымбақта шетелден арнайы кел­ген 8 маман жұмыс жасайды. Ал жергілікті жерден 150-ден ас­там адам нәпақасын тауып жүр.

Құс өсіруші Асанхан Ахме­тов құстарды күтіп баптауда арнаулы курстардан өткендігін айтады. Дуадақты өздеріне үйрету үшін әуезді ән қойып, сеніміне кіруге тырысады екен.

Көктемнің алғашқы айларынан бастап дуадақтар «күй-ойнаққа» түседі. Қораздары қоқиланып мекиендерге ұнауға тырысып билейді. Мекиендер жұмыртқаны 20-30 күндей шайқайды. Балапандары өзге құстардай емес ширақ.

– Дуадақ өсiмдiктермен, кө­біне ұсақ жәндiктермен қорек­тенедi. Ұнға түскен пiте, құрт, шегiртке сияқты жемтiк­тердi өзiмiзде өндiрiлiп, арнайы дайындаймыз. Қазақтар дуадақты «шөл тауығы», «тоқ­ты­балақ», «қозы­балақ» деп те атайды. Бiздiң өсiрiп отырған құ­сы­мыз сол «қозыбалаққа» ке­лiң­кiрейдi. Егер нақтылап айт­сақ, бiз бұларды «ұшатын қой» деп атаймыз, – дейдi ша­руа­шылықтың атқарушы директоры Роман Бакиев.

2010 жылы жұмысын баста­ған тұқымбаққа арабтар 3,5 млрд теңге инвестиция салған. Ке­лер жылы негізгі жұмыстар аяқталмақ. Осы мақсаттарға жал­пы 13 млрд теңге инвестиция салынады. Бұл кезеңде 400-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Дуадақты дала санитары де­се де болады. Арамшөптермен бір­­ге егіс алқаптарын басып қа­ла­­тын құрт сияқты зиянкес­термен көректенеді. Сонымен қатар ұнға түсетін піте сүйікті тағамдары. Жоңышқа да сүйікті асы. Сондықтан соңғы екеуі тұқымбақта өсіріледі.

Әсілінде, арабтар ертеден дуа­дақты аулауды үлкен мереке көрген. Соңында тұқымын құртып жібере жаздаған шақта ғана ес жиып, өсіруді мақсат еткен екен. Енді араб шейхтары Қазақстанда да дуадақ аулағысы ке­леді. Бірақ, келі­сімшарт бо­йынша әуелі өсуі­не жағдай жасауы керек. Ал­да­ғы уақыттарда жыл са­йын тұқымбақтан он­мыңдаған дуа­дақ еркіндікке жібе­ріледі. Жыл сайын жалға алған жер мен салыққа қыруар қаржы құйып отырған  араб инвес­торлары осындай сауапты іспен айналысып жатыр. Құдай қаласа, Бетбақдала үлкендігі кішігірім тоқты-торымдай дуадақтардың мекеніне айналмақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы