Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Темір жол рельстен басталады

344 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүниеде қандай нәрсенің де қадір-қасиетіне, оның артықшылығы мен өзгешелігіне тек салыстырмалы түрде баға беру арқылы көз жеткізуге болады. Мұндай салыстырмалы баға өзіміздің емес, өзгелердің аузынан шығып жатса белгілі бір тауар мен өнімнің құндылығы одан әрі арта түседі. Осы орайда Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты туралы жазуды қолға алған кезімізде ойымызға шекаралас Орынбор облысына жолымыз түскен кезде губернатор Юрий Бергтің осы қазақстандық іргелі кәсіпорын жөнінде білдірген биік бағасы ойымызға оралып еді. 

 

Темір жол рельстен басталады

Ресейде рельс шығара­тын екі зауыт бар. Оның бі­ріншісі «Еуразия» компаниялар тобының еншісіне кірсе, екіншісі Челябі қа­ла­сындағы Мечель зауыты. Бұл екеуі Ресейдің рельс нарығын қамтып отыр­ғанына да ешқандай таласым жоқ. Оның өнімдерінің са­пасы да жақсы. Соған қа­рамастан артықшылықты мен бәрібір Ақтөбе рельс ар­­қа­лықтары зауытына берген болар едім. Біз үшін оның орны бөлек әрі еш­қан­­дай баламасы да жоқ де­ген еді ол.

Расында да, губернатор­дың бұл сөзі біздің таң-тамаша қалдырды. Шека­ра­лас аймақ басшысы Ақтөбе рельс арқалық зауытының қан­дай артықшылығын мең­­зеп отыр екен деген ой­­ға келдік. Ендігі кезек­те біз осы мәселенің аста­рына ой жү­гірткенді жөн көре­міз. Алдымен айтарымыз, ресейлік рельстердің ұзындығы 100 метр болса, осы тектес қазақстандық өнім бұдан жиырма сантиметрге ұзын болып шық­ты. «Ақтөбе рельс ар­­қа­­лық­тары зауыты» ЖШС-нің бас директоры Андрей Кузьмин­ның айтуынша, кәсіпорын ең соңғы үлгідегі заманауи технологиялар бойынша қыз­­мет жасайды. Ол газет тіл­­шісіне өздері шығарған өнімдер нарықтағы ең жақ­­­сы бәсекеге қабілетті рельс­­тер екеніне ешқандай кү­­мән келтірмейтінін батыл түрде айтып берді. Отан­дық және шетелдік зерт­ханаларда өткізілген сы­нақтар нәти­жесі оның бұл тұжырымы шын­дық­қа сәй­кес екенін дәлелдей түседі.

Аталған зауыт индус­трия­­­­ланды­рудың алғашқы бес­жыл­дығы аясында елі­міз­де жүзеге асырылған бі­­­ре­­­гей жоба екені бел­гілі. Бү­­гін­гі күні зауыт өнім­­­де­рі экспортқа жол тарта бастады. Бұған қа­тысты алын­ған арнайы сертификат­тар Ақтөбе ре­льс­тері ұлттық және әлем­­­дік стандарттарға сәй­кес келетінін көрсетеді. Атал­­­ған отандық кәсіпорын Ре­сейдің мемлекеттік стан­­­дарт­­тарына сәйкес келе­тінін дәлелдейтін серти­фи­­каттарға да қол жет­кізіпті. Қа­зіргі кезде рельс арқа­лықтары зауытына қатысты Қазақстанның сертификаты Кеден одағы аумағы бойынша да іске асады. Мұның өзі зауыт өнімдерінің ау­қы­­­мын әжептәуір көте­руге сеп­тігін тигізіпті. Әрі ба­тыстағы және шығыс­тағы се­ріктестері үшін қазақ­стан­дық рельстердің сапасына деген сенімді нығайта тү­сіпті. Ал тұтастай алғанда Ақтөбе рельс арқалықтары зауы­тының өнімдері «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлт­тық компаниясының инвес­тициялық жобасының қа­тарына кіреді. Сондықтан да рельс­тер еліміздің аума­ғын­дағы магис­тральды те­мір жолдарға күрделі жөн­деулер жүргізуге пайда­ла­нылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ре­сейлік ше­неунік тұспалдаған бас­ты ар­тықшылықтың бірі – мұн­дағы рельсті қалып­тау тех­нологиясының өзгеше­лігі деуге болады.

Тағы бір көңіл аударар мә­­селе, үш жыл ішінде мем­­­лекет-жекеменшік әр­іп­­­­­­­тестігі аясында тұр­ғы­зылған зауыттың жалпы құнының отыз па-йызын құ­рылтайшылар жарғылық капиталға өздері салған. Ал негізгі жетпіс пайыздық үлес Қазақстанның Даму банкі мен «Сбербанк» қар­жы институттарынан несиеге алын­ған. Бұдан кейінгі ке­зеңде бірегей өндірістің басы-қасында жүргендер «Қазақстан темір жолы» ұлт­­­тық ком­­паниясымен ұзақ мерзімге келісімшарт жа­­саған екен. Осы бір де­ректен-ақ оқырмандар Қа­зақ­­­стан на­рығына рельсті Ақтөбе рельс арқалықтары зауыты жеткізіп бе­ретініне көздерін жеткізген шығар. Қазіргі кезде өндірістік ұжым то­лық жобалық қуат­тылыққа қол жет­кізу үшін еселі еңбек етуде. Бұл өте күр­делі үдеріс екені тек өн­дірісшілердің өздеріне ғана мәлім болса керек-ті. Олар бұл межені алдағы жылдың аяғына қарай алуды ойластырған. Бұл үшін әр күн сайын өндірілетін өнім мөлшерін көтеру шаралары белгіленген. Өткен жылдан бастап Ақтөбе рельс ар­­­қалықтары зауытының өнімдері Қа­зақстан темір жолына қа­расты «Алматы-Шу» ара­лығындағы желілер жобаларына және еліміздегі ірі инвестициялық жобаның бірі «Құрық» портына пайдаланылып келеді.

Түптей келгенде, Ре­­сей зауыттарымен салыс­ты­ра қарағанда отан­дық кә­сіпорынның артық­шы­лығы тек қалыптау ісі­мен әрі оның сапалық қа­сие­­тімен шектелмейді. Оның тағы бір өзгешелігі – ди­ф­ференциялдық термо­ны­ғайту арқылы рельстің бе­ріктігін күшейту желісі жа­салғанында дей­ді мамандар. Олардың тұжы­рымдарына сүйенсек, мұ­ның өзі әлемдік рельс өн­ді­рісіндегі ең соңғы тех­­нология көрінеді. Осы ар­қылы рельске ең қажетті ме­ханикалық сипаттар то­лықтай беріледі екен. Сон­дай-ақ, Ақтөбе зауытында қон­­дырғыларды автоматтандыру коэ­ф­фициенті 98,5 пайыз екені де оның басты бір артықшылығы деуге болады. Мұның мағынасын бейнелі түрде айтар болсақ, бір тетікті басқанда өндірістік желінің бір жағынан шикі­зат кіреді де, келесі жағынан дайын өнім шығады.

Әрине, мұның өзі өн­діріс үдерісіне адам мүлдем араласпайды деген ұғымды білдірмейді. Араласады. Тіпті кез келген сәтте араласа алады. Біз автоматтандыру жүйесін бі­рін­ші кезекте ақауларды көп болдырмау және күтпеген, кездейсоқ оқыс жағдайлардың алдын алу үшін құрдық. Қа­­­зіргі коэффициенттік жүйе ойдағыдай жұмыс жа­­­­сап тұр, дейді зауыт дирек­торы, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолы­нан «Жылдың ең үздік индустриялық жобасы» аталы­мы бойынша «Алтын са­па» сыйлығын иеленген Ан­дрей Кузьмин.

Ұзын сөздің қысқасы, Ақтөбе рельс арқалықтары зауытының өнім­деріне ТМД аумағында сұраныс өте жоғары. Қазіргі күні зауытта 800-ге жуық адам еңбек етеді. Мұн­дағы маман жұмысшылардың 99 пайы­зы жергілікті адамдар. Тағы бір жа­ғым­ды жайт, соңғы кезде кәсіпорын бас­шы­лығы тарапынан өн­діріске икемі мен бейімі бар жастарды жұмыс­қа алу­­ға басымдық берілген. Әрі олар­дың біліктілігін кө­теру үшін арнайы курстар ұйымдастырылып келеді.

Міне, отандық зауыттың осындай ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы айтқанда Орынбор облысы­ның губернаторы Юрий Бергктің қазақстандық зауыт жөніндегі жоғары ой-пікірі текке айтылмағанына тағы бір көз жеткізе түсеміз. Егер темір жолдың рельстен басталатынын ескерсек, Ақтөбе рельс арқалықтары зауытының ел өндірісіндегі орны мен салмағы көз алдымызда тұлғалана түседі.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Суретте: Ақтөбе рельс арқалықтары зауытынан көрініс