Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2017

Диқанның кеусені мен қуанышы

648 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай ауданындағы «Жар­көл» жауапкер­шілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Ыбраш Естаев – облысқа белгілі диқан. Егін шаруа­шылығымен айналысқанына биыл 49 жыл болған екен. Бүгін облыста бірінші болып егін орағын аяқтағалы отыр. Германиялық қуатты GLAAS комбайны басын иіп піскен бітік бидайды ұстарадай сыпырып келеді. Өткен жылы мың гектар жерді парға қалдырған. Ты­ңай­ған жерге көктемде элиталы тұқым сепкен соң егін де тығыз өсті. Орақ басталғалы Ыбыкең астық алқабынан шыққысы келмейді. Бітік өскен егін – көз қуанышы. 

 

Диқанның кеусені мен қуанышы

– Биылғыдай ауа райы диқан өмі­рінде санаулы ғана болады. Жазда жаңбыр көп болды, бірақ уақытымен жауды. Жерге дәнді сіңіріп болған соң төпеп жауып берді, бұл егіннің шы­ғы­мына жақсы болды. Одан кейін жау­ған жауынның да, өлшеп бергендей, егінге ешқандай зияны тиген жоқ, жаңбыр әр жауып өткеннен кейін күн желкем, құрғақ болып отыр­­ды. Міне, енді орақ басталғалы ыс­тық болып тұр, бұл әр диқанның Ал­ла­дан тілейтіні емес пе? – дейді Ыб­раш Естайұлы.

Диқанның қуанатынындай бар. 13 мың гектардың 57 пайызын майлы, бұршақ дақылдарына бөліп, қалған 47 пайызына бидай сепкен болатын. Бидайдың әр гектарынан 19 центнерден өнім жинады, ал соңғы күнге қалдырған элиталы тұқым астығынан гектар айналымы 27-30 центнерден келіп жатыр.

Серіктестік жыл сайын майлы және бұршақты дақылдар үлесін көбейтіп келеді. Рапс, зығыр, күнбағысты осыдан төрт жыл бұрын еге бастады. Қазір оның күтіміне де, сатуына да маманданып алды. Сонымен қатар, нарық сұраныс жасап отырған чечевина, бұршақты соңғы жылдары қолға алды. Ал қышаны биыл бірінші рет септі.

− Майлы дақылдардан да гектар айналысы көңілдегідей, рапс гектарынан 19 центнерден, зығыр 17 центнерден, қыша 13 центнерден, бұршақ 14 центнерден айналды. Оларды алдымен жығып тастадық, 3-4 күнде кеуіп, жинауға қолайлы болып қалады. Тап-таза етіп жинап алдық, – деп қуанышын жасыра алмады диқан.

Жалпы, Ыбраш Естаевтың мұн­дай та­быстарға өзінің тәжірибесінің арқасында жетіп отырғанын айту керек. Оның комбайндары мен тракторларының, тұқым сепкіштерінің 90 пайызы шетелдік озық үлгідегі техникалар. Оның үстіне, биылғы күздің жауын-шашынсыз басталуы диқанның бағы деуге болады.

– Диқан үшін пісіп тұрған егінді жауын-шашыннан жинай алмаудан өткен қиындық жоқ. Мысалы, бір күн жаңбыр жауса, техникалар астық алқабында қайырлап үш күн тұрады. Ондайда пісіп тұрған қатты бидайдың шынылығы, жұмсақ бидайдың қамыр­лы­лығы кеми түседі, сапасын жоғалтады. Ауа райының құрғақ, ыстық болуы техникаларға да аса күш түсірмейді, – дейді серіктестік басшысы.

Бүгінде Ыбраш Естайұлының кеусені мен қуанышын облыстағы әр диқан басынан өткізіп жатыр. Жалпы, облыс аудандарының барлығында да биылғы егіннің көгі жаман болған жоқ, егін бітік шықты.

– Диқандар егінді сепкенде де, жинағанда да күннің қолайлылығын тілейді ғой. Диқанның сондай тілегі болып тұр. Облыс бойынша тамыздың 18-інен жаппай орақ басталған болатын. Қазір 4 192,3 мың гектар егістік алқабының 2 340,3 гектары толық жиналып алынды, яғни барлық астықтың 56 пайызы қамбада деген сөз. Ал өткен жылы дәл осы уақытта ылғалдың мол түсуіне байланысты қиындықтар болған еді. Мысалы, өткен жылғы орақ басталар күні жаңбыр бірге жауған еді. Соның салдарынан осы мерзімде бір күнде облыс бойынша 55 мың гектар алқаптың ғана астығы жиналатын, ал қазір бір күнде 224 мың гектарда дән қалмайды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы және прогрессивті технологиялар бөлімінің басшысы Сәлімжан Есенаманов.

Әсіресе, облыстың оңтүстігіндегі Аманкелді, Әулиекөл, Жанкелдин аудандары мәреге жақындап қалды. Оларда күннің ыстығына байланысты егін ертерек піседі, орақ та бұрын түседі. Сондықтан бүгін егін алқабының 77-80 пайызы жиналып болды. Ал облыстың солтүстік бөлігіндегі Сарыкөл, Қарабалық, Таранов, Денисов, Меңдіғара, Ұзынкөл аудандарында орақ тең жарыға келді. Техникасы мығым, жанар-жағармайы жеткілікті шаруашылықтарда диқан да, механизаторлар да еңбекке тоймайды. Таңның атысынан, күннің батысына, кейбір шаруашылықтарда түнгі уақытта да дала дүрілдеп, еңбек қайнап жатыр. Күннің құрғақшылығын тиімді пайдаланып қалу үшін облыстағы астыққа жаппай аттаныс нағыз жарысты, бәйгелі бәсекені елестетеді. Облыс бойынша гектар айналымы 10,8 центнерден келіп тұр, мамандардың пікірінше, диқан кеусені орта емес.

– Жанар-жағармай жөнінен ешқандай проблема жоқ, ол облыстың барлық аудандарына дер кезінде жеткізілген. Егер табиғат осылай құрғақ күнін беріп тұрса, облыс тамыздың 20-нан қалмай астық жинауды түгел аяқтайды, – дейді Сәлімжан Майлыбайұлы.

– Егін шаруашылығымен айналысқысы келген кәсіпкер үшін жиын-терін кезінде жанар-жағармай туралы әңгіме айту жараспайды. Өйткені қазір дағдарысты еңсере алмай жүрген 90-шы жылдар емес, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Сондықтан диқан техникасы мен жанар-жағармайын бүгін емес, алқаптың көгі енді көтеріліп келе жатқаннан ойлауы тиіс, – дейді Ыбраш Естаев.

– Қазір шаруашылықтар гербицид үшін субцидиясын алды, енді майлы дақылдар үшін сәл кешірек алады. Диқаншылықты бүгінде кәсіпкерлік деп ұғыну керек. Үнемдейтін жерінде үнемде, шаруашылыққа алдымен техника маңызды болса – техника ал, жанар-жағармайсыз қандай жұмысты да елестетуге болмайды. Сондықтан, кәнігі диқандар алдымен жанар-жағармайын, техникасын қамдайды,–дейді Сәлімжан Майлыбайұлы.

Астық алқабын әртараптандыру облыста бұрынғыға қарағанда жылдамырақ жүргізіліп келеді. Ол диқандарды кәсіпкерлікке, нарық сұранысын дәл сезінуге үйретеді. Мысалы, биыл барлығы 4 192,3 мың гектар алқапқа егін егілсе, соның 3 704,7 мың гектары бидайға тиесілі болды. Десек, бидай алқабы жылдан жылға тарылып келеді. Оның орнына экспортқа өтімді, өзімізде өңдеуге де сұранысы көп майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдастардың алқабы кеңейтілді. Сұлы – 60 мың, арпа 322 мың гектарға себілген болатын. Олардың түсімі жылдағыдан кем емес.   

Облыста картоп пен көкөніс, бақша өнімдері де жиналып жатыр. Картоптың 25 пайызы жиналды, бірақ астықпен салыстырғанда оларға асығыс жоқ, пісуіне қарай қазан айына дейін еркін қамбаға салып алуға болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы