Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

"Нұрлы жер". Павлодарда 106 отбасы қоныс тойын тойлады

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» холдингінің ен­шілес ұйымы саналатын Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкінің салымшылары қоныс тойын тойлауда. Облыс орталығындағы «Сары­арқа» шағын ауданын­да 9 қабатты жарқыраған жаңа 2 тұрғын үйден бағ­дарлама аясында 106 от­басының өз пәтерлеріне қол­дары жетті.  

 

"Нұрлы жер". Павлодарда 106 отбасы қоныс тойын тойлады

– Тұрғындар жинаған ақша­ларына пәтер алып, ерекше қуа­нышты. Бұл мемлекеттік қол­даудың, салымшылардың тілек-талап, еңбектерінің нәти­жесі. Барлығы кезінде депозит ашып, тұрақты түрде ақша салып отырды. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Баспана» бірыңғай тарифтік бағдарламасын іске қосу арқылы тағы да жеңіл, тиім­ді жолдарын жасауда. Енді банк салымшылары қанша жыл ақша жинап, қандай пайызбен тұрғын үй заемын алатындарын өздері шешеді, – дейді банктің жергілікті филиалының директоры Талғат Байылов.

Жаңа үйдегі пәтердің бір шаршы метрі 140 000 теңгені құрайды. Баспанаға ие болу үшін банк клиенттеріне пәтер құны­ның 30 пайызына тең қара­жатты есеп-шоттарында жинау керек. 

Мысалы, Наталья Недиль­коның отбасы құны 8,4 миллион теңге тұратын 2 бөлмелі пәтер үшін 6 жыл бойы ақша жинапты. Жинағандары 4,2 миллион теңге. Жетпейтін қаражатты банк 6 жылға тұрғын үй заемы түрінде береді. Несие бойынша ай сайын 68 мың теңге төлейді.
2009 жылдан бері банкке қа­ра­­­жат жинаған салымшы Ләз­зәт Сембекова да пәтер алып, қуа­ныш­ты көңіл күйде. 

– Жыл басынан бері өңір­де 109 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Қазір «Са­ры­арқа» шағын ауданында аума­ғы 24 мың шаршы метр болатын 360 пәтерлі үш үй салынуда. Осындай әсем, сапалы үйлер тұр­ғызған құрылысшыларға да рахмет. Қоныс тойы құтты болсын! – деді облыс әкімі Б. Бақауов. 

Жергілікті филиал мәлі­метінше, қазір өңірдің әрбір 15-ші тұрғыны үйге деп ақша жи­­найды. Қазіргі жинақтаушы қор 21,6 млрд теңгені құрайды. Сон­дықтан, банк қолжетімді бағамен тағы да тұрғын үйлер салмақшы. Өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жеке тұрғын үйлердің де құрылысы басталды. Бұл жоба үшін облыс орталығында, Ақсуда, Екі­бастұзда жер телімдері бөлінуде.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

ПАВЛОДАР

Суретті түсірген 
Валерий БУГАЕВ