Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

«Дала күні» келелі кеңеске айналды

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ильичевка ауылында өткен семинар-ке­ңес­те агроөнеркәсіп ке­ше­ніне қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, нақты шаралар белгіленді. 

 

«Дала күні» келелі кеңеске айналды

Бүгінде өңірде егін орағы қызу қарқын алған. Ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтер бойынша 4,2 миллион гектар алқаптың бестен бірі бастырылып, шы­ғымдылық 14,7 центнерден айналуда. Алқалы жиынға қа­тысушылар 2003 жылдан бері астық өсірумен айналысып келе жатқан «Агрофирма Эксимнан» ЖШС-нің танап­тарын аралап, жауапты нау­қанның барысымен танысты. Серіктестік директоры Тө­ле­ген Қонысбаев 30,5 мың гек­­тар алқапқа дәнді және май­­лы дақылдар өсірілгенін, егін­­шілік мәдениетін жетіл­дірудің озық әдіс-тәсілдерін ке­­ңі­нен қолданудың арқа­сын­да өнімділікті 25 центнер­ден кемітпеу міндеті тұр­ғанын әңгімеледі. 418 адам жұ­мыспен қамтылған. Май­лы дақылдардың – 65, ар­паның 50 пайызын бас­тырып үлгірген комбайншы­лар Петропавл қаласында шы­­­­ғарылатын «Sampo Asia» ком­­байнының жаткасы жа­сы­мықты жинауға қолайлы, ауа райын талғамайтын ар­тықшылықтарын айтып бер­ді. Шетелдік тех­никаларға қара­ғанда, бағасы қолжетімді. 

«Қазтехмаш», «Avagro», «Петропавл трактор зауыты» кә­сіпорындарының жоғары өнімді ауылшаруашылық техникалары қойылған көрмемен танысу кезінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов климаты қатал, құбылмалы, тәуе­келі көп өлкеде бидай сұр­пы­ның өсірілу технологиясын жан-жақты меңгерудің ма­ңыз­­дылығын атап көрсетті. Ал­дын ала болжам бойынша 6 мил­лион тоннаға жуық ел ри­зығы қамбаға құйылады, деп межеленген. Қытай, Иран, Ре­­сей секілді ірі державалар Қы­зыл­­жардың сапалы ас­ты­ғына қы­зығушылық танытып отыр.

– Отандық техникалар өнім­­ділік, дизель отынын үнем­­деу параметрлері жағы­нан шет­­елдікінен кем емес. Агро­құ­рылымдар тарапынан сұ­раныс артып келеді. Ен­дігі кезекте сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру керек, – дей келіп, Құмар Ірге­байұлы келесі жылы майлы дақылдар көлемін бір миллион гектарға дейін ұлғайту міндетін қойды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жайлы баяндап берді. Би­­ыл ауыл шаруашылығы са­ласына 32 миллиард теңге ин­­вестиция тартылған. Бұл – өткен жылға қарағанда 23 пайызға көп. Мемлекет тарапынан 44 миллиард теңгенің қаржылық қолдауы көрсетіліп, 66 пайызға игерілген. 843 техника сатып алынған. Жауапты науқанға 8 мыңнан астам техника бірлігі жұмылдырылса, 3 мыңдайы –жоғары өнімді егіс кешендері. 75 мың тонна арзандатылған жанар-жа­ғармай толық жеткізілген. Жал­пы, сыйымдылығы 3,4 миллион тонна болатын 49 элеватор астық қабылдауға әзір. Азық-түлік тағамдарының өндірісі 50 млрд теңгені құраған. 7 айда 26,4 мың тонна ет, 322,7 мың тонна сүт өндіріліп, тиісінше 20 және 34 пайызы өңдеуге жіберілген. Оның ай­туынша басқа салаларға қарағанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы әлі төмен. Агроқұрылым басшыларын еңбекақыны уақы­тылы төлеу, өзге де ынталандыру шараларын жүзеге асыру міндеттері тұр. 

АӨК-ке баламалы энергия­ны қолданудың әлеуеті жай­лы облыс әкімінің орынба­сары Антон Федяев есеп бер­ді. Соңғы кездері бу қа­зан­ды­қтарына көмірдің орнына сабанды қолдануға ұмтылыс бай­қалады. Оның тиімді жақ­тары аз емес. Ең бастысы, қоршаған ортаға зиянды зат­тардың таралуы азаяды. № 2 Пет­ропавл жылу электр ор­та­лығын қоспағанда облыс тұр­­ғындары бір жылда 410 мың, бюджеттік мекемелер 173 мың, заңды тұлғалар 153 мың, ор­талық қазандықтар 47 мың тонна көмір жағады. Енді осы қажеттілікті өтеуге 940 мың тонна сабан жеткілікті. Жыл сайын 4 миллион тоннаға жуық жиналатын сабанның бір бөлігі жерді құнарландыруға және мал шаруашылығына пайдаланылса, 40 пайызын отын ретінде жұмсауға болады. 

– ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесінде «жасыл» экономикаға айрықша назар аударылуы бекер емес. Уақыттың өзі дәстүрлі энергия көздерін тиімді пайдалануды талап етіп отыр. Дала жұ­мыс­тары қарсаңында өртелетін сабанды кәдемізге жарататын болсақ, екі жылда жарты миллиард теңге бюджет қаржысын үнемдей аламыз. Осы бағыттағы жұмысты жандан­дыру уақыт талабы, – деді аймақ басшысы. 

«Дала күні» аясында өт­­кен семинар-кеңесте егін ору науқанын жоғары ұй­ым­шылдықпен өткізуге ерек­ше көңіл бөлінді. Елімізде өндірілетін астықтың үштен бірі солтүстікқазақстандық диқандарға тиесілі. Барлық егістік жердің 770 мың гектары – майлы дақылдар. Бұр­шақ тұқымдары 196 мың гектарға жетеғабыл. Алғаш рет екі мың гек­тар алқапқа соя егілді. Астық өн­дірісін әртараптандыру–мә­селенің бір жағы. Майлы да­қылдар өсіру технология­сын енді игеріп жатқан ша­руашылықтар үшін оның өзіндік қиындықтары да жоқ емес. Қазіргі қарқынға қарағанда, асулар биігінен кө­рінеді деген сенім мол. Бұл ойды облыстық тәжі­рибе стансасының директоры Белгібай Қанафин де қол­дады. Ол дәнді және май­­лы дақылдарды жинау мен топырақты күзде өңдеу тех­нологияларының өзіндік ерек­­шеліктері туралы сөз қоз­ғаса, Анатолий Рафальский, Ер­ке­­бұлан Мәмбетов, Ген­на­дий Зенченко секілді ірі агро­құрылымдарға жетек­шілік ететін басшылар өз тәжіри­бе­лерін ортаға салды.

Жиынға қатысушылар мем­­лекет тарапынан сатып алы­натын бидай мен майлы да­қылдардың бағасы, қосалқы шаруашылықтардың өнiмдерiн өткiзу мәселелеріне қатысты сауалдар қойды.

Семинар-кеңесті қорытын­дылаған Қ.Ақсақалов АӨК саласында еңбекақыны өсіру, салық төлеу, жаңа жұмыс орын­­дарын ашу, қосалқы ша­руа­шылықтардың өнімдерін қабылдау, кооперативтер құру жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Өмір Есқали,

"Егемен Қазақстан"

Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы

Суреттерді түсірген 
Талғат ТӘНІБАЕВ