Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Қайрат Әбдірахманов Ұлыбритания Мемлекеттік министрімен кездесті

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі сэр Алан Данканмен кездесу өткізді, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.

Қайрат Әбдірахманов Ұлыбритания Мемлекеттік министрімен кездесті

Кездесу барысында тараптар елдеріміз арасында қалыптасқан стратегиялық серіктестік мәтінінде екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық саласында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуына ерекше көңіл бөлінді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының сәтті түрде іске қосылуы ризашылықпен аталып кетті. Британдық саяси қайраткер Қазақстанды ЭКСПО-2017 көрмесін ойдағыдай өткізгенімен құттықтады. Астанадағы Ұлыбританияның павильоны аталған елдің болашақ энергиясының дамуына қосып отырған үлесі айқын. 

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігін және бұл маңызды халықаралық құрылымдағы еліміздің 2018 жылы төрағалығын ескере отырып, халықаралық күн тәртібінің ең өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Тараптар Сириядағы ахуалды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен өтетін Астана процесінің түрлі аспектілерін жіті қарастырды.

Британ тарапының назары Төмен байытылған уран банкінің ғимаратын ашу қарсаңында Мемлекет басшысының ядролық қарусыздандыру және ядролық қаруды сынауға тыйым салу арқылы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жаһандық бастамаларына аударылды.

Сонымен бірге, түрлі деңгейде жоспар­ланған екіжақты кездесулер мен іс-шаралар кестесі, сондай-ақ, бірқатар халықаралық құрылымдарға сайлау үдерісі талқыланды.