Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Әлем кардиохирургтері Астанада бас қосты

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми іс-шаралары аясында өтіп жатқан Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальдық хирургтер қауымдастығының 27-ші конгресіне қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Әлем кардиохирургтері Астанада бас қосты

Конгреске Денсаулық сақ­тау министрі Е.Біртанов, көр­некті әлемдік деңгейдегі және қазақстандық кардиохирург­тер мен ғалымдар, денсау­лық сақтау саласының ұйым­дас­тырушылары, отандық және шетелдік сарапшылар, медицина қызметкерлері қатысты.

Мемлекеттік хатшы кон­грестің ашылу рәсімінде Қазақстан Президентінің фо­рум­ға қатысушыларға арнаған құт­тықтауын оқып берді. Онда халық денсаулығы мен ден­саулық сақтау саласын дамыту мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі екені атап өтілген. Қазақстан – бүкіл халық жоғары мамандандырылған тегін медициналық көмекке қол жеткізе алатын әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында кардиохирургиялық опера­ция­ның барлық түрі жасалады. Ол еліміздің ғана емес, әлем­дік кардиохирургияның көшбас­шысының біріне айналды. Адамзаттың денсаулығын жақ­сарту жолында өз білімі мен кәсібилігін іске асыруға дайын жетекші мамандардың басын қосқан жаһандық форум – соның айқын дәлелі.

Бүгінде «Денсаулық» бағдар­ламасының арқа­сын­да Қазақстанның кардио­хи­рур­гиялық қызметі қарқынды дамып келеді. Егер 90-шы жыл­дардың басында елде жүрекке жасалатын ашық операция саны жылына 500-ден аспаса, 2016 жылы 12 мыңнан асып түсті. Қазақстан кардиохирургияның даму деңгейі жөнінен озық 30 елдің тізіміне кіреді.

2010 жылы құрылған Ұлт­тық ғылыми кардиохирургия орталығы отандық кардиохи­рур­гияның көшбасшысы болып саналады. Бүгінге жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауға және емдеуге арналған 18 инновациялық технология енгізілді, әлемнің тек 20 елінде ғана жүргізілетін 2050 бірегей ота жасалды. Орталық жүрек алмастыруға арналған 55 операцияны табысты іске асырды.