Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Бабалар өсиетінің баянды жолы

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халқымызға  үлкен серпіліс туғызды. Рухани дүниемізді жаңғыртты. Болашаққа  деген сенімімізді нықтады.

Бабалар өсиетінің баянды жолы

Елбасы қай мәселені қозғаса да ұлттық құнды­лығымыздың өзегін сақтауды ескертуден танбайды.  Сондықтан да « ... рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күні мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы», «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діні ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», деп атап көрсетеді.

Енді Елбасы таңдауының әрбір тарауына қысқаша ой жүгіртіп көрелік.

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады», – дейді Елбасы. Шын мәнінде адамдардың бір-бірімен, тіпті ұжымдар мен өндірістік кәсіпорындар, шаруашылық құрылымдары арасында бәсекелестік болмайынша, атқарылып жатқан істерден нәтиже күту де мүмкін емес. Сондықтан қазіргі заман талабына сай озық технологияларды игеру, бірнеше тілдерді меңгеру, ең бастысы, мәдени болмысымызды жаңғырту әрбір қазақстандықтың төл міндеті болмақ.

 «Прагматизм, – дейді Елбасы, – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз». Бұған түсінік беріп жатудың өзі артық сияқты. Расында да біздің қоғамымызда да күнделікті тұрмысымызда қол жеткен табыстарға тоқмейілсу, масаттану, кеудемсоқтық әрекеттердің құбылыстарын, аста-төк ысырапшылдықтың болып жатқанын күн сайын кездестіріп жүрміз. Сондықтан кім-кім де «Асқанды да көргенбіз, тасқанды да көргенбіз, Асып-тасып ақыры сасқанды да көргенбіз» деген халықтық нақылды және «Судың да сұрауы бар» деген сөзді естен шығармағандары абзал.

Мақаланың ең өзекті мәселелерінің бірі – ұлттық бірегей­лікті сақтау. Елбасы «Ұлттық жаңғыру деген ұғым­ның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді», дейді. Мұның өзі қазір әртүрлі қызылды-жасылды басылымдарда андыздап жүрген алуан түрлі сұрақтарға жауап береді.

Біз өз жерімізде өзгелермен иықтаса жүріп қайткенде ұлттық қасиеттерімізді сақтап қала аламыз, қайткенде ұлт болып қала аламыз, міне, Елбасы осы мәселелерге ашық жауап берген: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Бұдан артық қалай айтуға болады? Осы орайда Мемлекет басшысы қалыптасқан кейбір әрекеттерден арылу қажеттігін де ескертеді. Демек, билік пен зиялы қауым арасындағы жершілдік, жүзшілдік, тамыр-таныстық, сыбайластық әрекеттер кейінгі буынға таралмауы керек. Ең басты қағидат − ұлттық мәдениетті қалыптастыру. Бұған қажеттерді әлдебір шетелдерден іздеп әуреленудің қажеті жоқ. Өзіміздің өткен абыздарымыз бен даналарымыздың өсиетнамаларының өзі жетіп жатыр. Егер әрбір қазақстандық бабалар өсиетін балаларының санасына құйса, сонда ғана біздің ұлттық кодымыз қалыптасады.

Елбасының елімізді эволюциялық жолмен дамыту жөніндегі нақты пайымдары, салмақты ойлары, қойған міндеттері ешкімді енжар қалдырмаса керек. Ашық қоғам, ашық сана қалыптастырудағы әлемдік тәжірибелерді пайдалану керектігін айтқан Мемлекет басшысы бұл орайда да ұлттық қағидаларымыздан ажырамау керектігін қатаң ескертеді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары таяу жылдарда нақты жүзеге асатын болса, біз келешек ұрпақтың мүлде жаңа сипатқа ие боларына сенімдіміз. Сөз жоқ, дүние бір орнында тұрмайды. Алдағы жүз жылдықтарда адамзаттың жаңа дәуірі басталады. Ол кезде қазіргі құндылықтарымыздың мүлде кәдеге жарамауы да мүмкін. Демек, Елбасының бұл еңбегі біз көріп-білген адамзат дәуірі адамдарын қалыптастырудың әліпбиі десек те қателеспейміз. 

Закария СИСЕНҒАЛИ,
Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы

Батыс Қазақстан облысы