Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Бәсеке жаңашылдыққа бастайды

643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялау арқылы әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын айқындап берді.

Бәсеке жаңашылдыққа бастайды

Екі тарау мен алты тармаққа, алты бағытта құрылған бұл бағ­дарламада иірімі терең идео­ло­гиялық ойлар мен келешек да­муы­мыздың сара бағытын ай­қын­дап берген нақты шешімдер қамтылған. Атап айтқанда, «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екін­ші бөлімдегі ойлар мен идеялар тұжы­рымдамасы санадан тәуелсіз, адамның түйсігі арқылы жүзеге асырылатын рухани шыңдалу мен бұрынғы заманнан бері қалып­тасқан ұлттық тұтастықты нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.

 Еліміздің келешегіне жол көр­сететін бағдаршам – бәсекеге қабілет­тілік. Ол саясатта, эконо­ми­када, руханиятта, яғни барлық са­лада болуы керек. Бәсеке болмаған жер­де бірізділік белең алып, елдің ертеңгі күнге деген сенімі жоғала бастайды. Бәсеке болған жер­де жақсылыққа ұмтылып, жаман­шылықтан арылып, санамызды дамытамыз. Барлығы санадан басталады. Сол себепті сана түзелуі керек. Сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыру қажет.

Президентіміз ұлттық сана­ны жаңғыртқанда өзіміздің қазақ­стандық дербес даму үлгі­сін қалыптастыруымыз қажет екен­дігін атап өтті. Бұл – қазақтың бар­лық ұлттық салт-дәстүрлерін, мем­л­екеттік тіліміз бен ділімізді, әде­биетіміз бен мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту.

Халқымыздың ұлт­тық санасы мен саяси мәдениетінің маңызы қаншалықты зор болса, сол ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтарымыздың дамуына қосқан билердің үлесі де соншалықты ұлан-ғайыр. Көне дәуірлерден келе жатқан хандар билігі мен билер институты ел мен жердің, ұлттың мүддесі үшін қызмет етті. Олар дәстүрлі қазақ қоғамындағы қарапайым тәртіптен бастап, қылмыстық істерге дейінгі аралықтағы құн, жесір, мал, жер дауларына қатысты мәселелерді қарап, әділ шешімдер шығарып отырған. Сөйтіп, дара билікті дана билікпен ұштастырған дарабоз билеріміз заңгерлікпен қатар қорғаушы, дипломат, тәрбиеші рөлін де қоса атқарған.

Билер сөз құдіретін тиімді пай­даланып, шешімдер шығар­ғанда мүдделі тұлғалардың ғана емес, оған қатысушы жұртқа да тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерді айтып, олардың сана-сезімі мен мінез-құлқына сіңіруін, іс-әрекетінде қолдану жолдарын қарастырған. 
Қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген судьялар осы билердің жалғасы болып табылады. Кешегі билер тәріздес судья ең алдымен әділдік пен турашылдықтың жар­шысы болуға тиіс. «Тура биде ту­ған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп дана халқымыз айтқандай, судья өзінің қызметіне ешкімнің, оның ішінде туыстарының, доста­ры­ның немесе таныстарының ара­ласуына жол бермеуі тиіс. Бү­гінгі таңда судья әрдайым өз қызметінде Ата Заңымыздан басқа, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын, жалпыға бірдей адамгершілік нормалары мен мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Судья – Қазақстан Рес­пуб­­ликасындағы сот билігінің өкілі болуына байланысты, сот құрылымында барлық деңгейдегі судьялар айрықша орын алады. Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша соттың қызметіне қалай да болсын араласуға жол берілмейді және ол үшін заң бойынша жауапкершілік қа­растырылған. Ал судья өз кезе­гінде сот төрелігін іске асыру бары­сын­да Конституция мен заңдарға ғана бағынышты болуы, басқаша айтқанда, оның тек заңға тәуелді болуы сот әділдігінің шынайы көрінісін көрсететіндігін ұмытпау керек.

Қазіргі заманғы ұлттың дамуы­ның маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот жүйесі. Ал тәуелсіз және әділетті сот – құ­қық­­тық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемде бірде-бір ең дамы­ған мем­лекеттерде қолайлы ин­вес­ти­ция­лық жағдайдың да, азамат­тар­дың да жағдайларының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес. Демек, азаматтарымыз туындаған дау­лары мен мәселелерін тек сот жүйесі арқылы шешіп, өз құқық­та­рын осы орган арқылы ғана қорғай алады. Осыдан биліктің бір тармағы – сот билігінің қоғамдағы алатын ерекше орнын көруге болады. Бұған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «...Ең бас­тысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы халықтың ожданы», деген сөзі дәлел. Халқы заңын сый­лай­тын, сотына сенетін қоғам – ең да­мыған қоғам. Сот жүйесі мен судья­лардың мәртебесі туралы рефор­малар заман талабына сай қызмет етуде. 

Мемлекет басшысы осы мақа­ласында «Ұлттық код, ұлттық мәде­ниет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деп қадап айтты.

Ұлттық мәдениеттің гүлде­нуі мен адамдардың тарихи қалып­тас­қан тұрақты қауым­дас­тығы ретін­де ұлттың өзінің болашағы ана тіл­дің дамуымен, оның қоғамдық қыз­метінің кеңеюімен тығыз байланысты. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік тал бесіктегі тәрбиеден басталуы тиіс.

Елбасының осы стратегиялық мақаласында аталған баста­ма­лардың әр азаматтың санасында орын алуы үшін барлық мем­ле­кеттік және мемлекеттік емес орган­дар, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері атсал­ы­су­да. Осы орайда, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Жоғарғы сотының төр­ағасы Қ.Мәмидің бастамасымен «Рухани жаңғыру – Мәңгілік ел болудың кепілі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өзекті пікірлер айтылған болатын. Дөң­ге­лек үстел барысында ұлттық сана­ны дамытудың нақты жолдары ұсы­нылып, ұлттық кодты сақтау қа­жеттігі баяндалды. Ежелгі қазақ билерінің рөліне ерекше мән беріліп, ол еліміздегі бүгінгі сот билігінің бастау көзі, оның ай­ны­мас бірегей жүйесі екеніне жә­не оның дамуы бүкіл сот саласына бағдар болғаны туралы сөз қозғалған. Осының негізінде, облыс­тық соттарға қазақтың би­лер сотын ұлттық құндылықтар ре­тін­де тануды және оны кеңінен на­сихаттауды жаңғырту, халыққа паш ету мақсаты бар тиісті тап­сыр­малар берілді. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Елбасының «Рухани жаң­­ғыруы» біздің тарих толқы­­нындағы ұстанымымыз бен бағдарымыз болуы тиіс. Нұр­сұлтан Әбішұлы айтқандай, ұлт­тық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғы­ларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Нәтижесінде жақын болашақта еліміз біртұтас ұлт ретінде өркениет көшінің алдыңғы қатарына қосылатынына сенімдіміз.

Сәкен АБДОЛЛА, 
Қазақстан Республикасы 
Әскери сотының төрағасы