Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

Қостанайда ХХХІІ облыстық «Тың-Целина» спартакиадасы өтті

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай өңірінде ХХХІІ облыстық «Тың-Целина» спартакиадасы дүрілдеп өтті. 

Қостанайда ХХХІІ облыстық «Тың-Целина» спартакиадасы өтті

Соңғы жылдары Қостанайда спортқа деген ықылас ерекше. Ол тек тұрғындар тарапынан ғана емес, олардың жаппай спортпен айналысуына жасалған жағ­дай­дан да көрініп отыр. Қостанайдағы орталық стадионның жөн­деліп, жаң­ғыртылуы, футбол алаңдарының ашылуы, спорт клуб­та­рының пайда болуы соның айқын көрінісі. Биыл қадасы қа­ғы­лғанына 60 жыл толған кеншілер қаласы – Рудный спарта­ки­а­да мекеніне айналғандай еді. Спорттық шара кеншілер қала­сы­ның мерейтойын одан сайын салтанаттандыра түсті. Үш күн бойы өткен жарыстар рудныйлықтардың қуанышына қуаныш қосып, тамаша демалыс сыйлады. 

Спартакиада – мықтыларды анық­тай­тын шара, күштілер ұстаханасы. Жыл бойы облыста барлық деңгейде өткен жарыстарға 48 мың спортшы қатысты. Солардың жүзден жүйріктері облыстық спартакиадаға жолдама алды. Жақсы істің артында да жақсы із қалады. Осы спартакиада мен тойдың алдында Рудный қаласындағы ең үлкен «Горняк» стадион-кешені қайта жөнделіп, жаңғыртылды. Сонда жұртшылық спартакиаданың ашылу, жабылу салтанаттарын, спорттың футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика секілді бұқаралық түрлерінен жарыстар қызығын тамашалады. Рудный тек кенімен, кеншілерімен ғана даңқты емес, спортшыларымен де елге, одан да тыс жерлерге дабысы жеткен қала. Рудныйлық атақты шаңғышы Иван Гаранин де, қос Олимпиаданың қола жүлдегері, атақты боксшы Иван Дычко да талай-талай облыстық жарыстарда шыңдалған болатын. Осы жолы спорттық мереке алауын жағу құрметі спорт ақсақалы Иван Гаранинге тиді. Ол спартакиаданың алдында ғана өзінің егде жасына қарамастан, қазақстандық шаңғы-роллер чемпионатынан алтын медальмен оралған еді. Иван Гаранин тек кеншілер қаласының ғана емес, еліміздің спорт мақтаныштарының бірі, спортшы жастардың үлгісі. 

– Әр жас спортқа, әр спортшы жеңіске ұмтылуы тиіс, – дейді Иван Иванович. 

Рудный қаласындағы спартакиадаға об­лыстың барлық шалғайынан 20 команда, жүздеген спортшы жинал­ды, спорттың 18 түрінен бәсеке байрағы көтерілді. Спар­такиада көбіне бұқаралық спорт жарыстарынан өтетін болғандықтан, командаларда гір көтеру спорты шет қалмапты. Олардың арасында облыстағы гір көтеру спорты мықтыларының бірі Илья Кангаш та болды. Ол жақында ғана осы спорт түрінен әлем чемпионатына қатысып, күміс медальмен оралған еді. 

– Спортты он жасымнан серік етіп келемін, алғашқыда хоккейді ұнаттым, кейінірек гір көтеруге ауыстым. Спарта­ки­адаға төртінші рет қатысып отырмын, бұл жарыс мықтылардың өсуіне мүмкіндік береді, – дейді Илья. 

Рудный қаласының 60 жылдық мерейтойы мен спартакиада қатар өтіп, бірін бірі толықтырды. Үш күн бойы кеншілер мен қала қонақтары спорттың түр-түрінен өткен жарыстар қызығын тамашалады. Спартакиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздар марапатталды. Командалық есепте бірінші орынды Қостанай қаласының спортшылары, екінші орынды рудныйлықтар, үшінші орынды Қостанай ауданы иеленді. Жарыстың аты – жарыс, онда жүйріктер анық­талады. Бірақ жаз қызығын үсте­ме­лей түсетін дүбірлі шарада спорт, жас­тық, денсаулық, саламатты өмір салтына бас иген әр қостанайлық жеңіске жетті. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,
Рудный қаласы