Медицина • 04 Қыркүйек, 2017

Хат қоржын (04.09.2017)

230 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқырман...

Хат қоржын (04.09.2017)

...үлгі тұтады

Ұлттық ойын ұлықталды 

 Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен және аудандық білім үйлестіру орталығының қолдауымен ұлттық тоғызқұмалақ ойынынан жастар арасында турнир болып өтті. Жарыстың мақсаты – Маңғыстау спортшыларының даңқты дәстүрлерін жалғастыру, жастар арасында тоғызқұмалақты насихаттау, татулықты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларды патриоттыққа тәрбиелеу, жас спортшылардың шеберлігін арттыру. Жарысқа 1999-2002 жылдары туған қыздар мен ұлдар қатысты. Аудан бойынша барлық ауылдардың командалары белсенді болып, әсіресе Тұщықұдық, Жармыш, Жыңғылды ауылдарынан келген командалар ойындары тартысты өтті. 

 Жарыстың мәресінде бірінші орынды Жармыш ауылының «Жармыш қырандары» командасы иеленсе, екінші орынды шетпелік «Алшын ұландары», ал үшінші орынды «Тұщықұдық тарландары» командасы місе тұтты. Белсенді жастар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы

...қынжылысын жеткізеді

Ауылдан көшіп кетушілер көп

Біздің ауылымыз Кеңқияқ кентінен оңтүстік шығысқа қарай үш шақырым жерде орналасқан. Іргемізге корейлердің басқаруына берілген мұнай-газ компаниясы тиіп тұр. Алайда аспаннан шұға жауса, одан құлға ұлтарақ та тимейді» дегендей, көгілдір отынның игілігін көретін түріміз жоқ. Осы бағытта жергілікті өкілетті органдарға айтқан өтініш-тілектеріміз аяқсыз қалып қоя береді. 

Бүгінгі заман бұрынғыдай қи, көмір, ағаш жағып отыратын кез емес. Біз тұратын Бәшенкөл ауылы суы тұщы, ежелден мал ұстауға қолайлы елді мекен болатын. Алайда ауылдағы бастауыш мектептің жабылу қаупі туып отырғандықтан әрі отын жағу машақатының ауырлығына байланысты өзге жаққа көшіп кетушілер қатары азая­р емес. Бұрын 200-ге тарта түтіні бар іргелі ауыл едік. Қазір содан небәрі 13 түтін ғана қалып отырмыз. Олардың бәрі өзім секілді көшіп-қонуға жағдайлары келе бермейтін жасы ұлғайған адамдар. Біздің осы жанайқайымызға құлақ асатын біреу табылар ма екен?

Қалжан КӨПТІЛЕУОВА, 
Бәшенкөл ауылының тұрғыны

Ақтөбе облысы,
Темір ауданы

...қауіп етеді

Діни ағым жарға жығады 

Ауылдағы бір әулеттің аялап отырған қызы тұрмысқа шығып, қосағы ұстанған діни ағымға кіруіне тура келген. Соның жақында күйеуі қайтыс болып, әлгі жігіттің «тамырластары» қайғы жамылған үйде жылауға тыйым салып, тез арада жерлеуге бұйрық берген. Қазақ халқы марқұмды шығарарда алыстағы ет жақын, ағайын-туыс, тамыр-таныстары келмейінше екі күндей күтеді емес пе?.. Онымен қоймай, күйеуінің бүкіл жора-жолдастары әлгі әйелді ықтиярынсыз теріс жолда жүрген тағы бір азаматқа тұрмысқа беріпті... 

Қоғамда діни наным-сенімді бұрмалаушылар сақал қойып, қысқа шалбар киініп, өздерін таза ислам дінінің белді мүшесі санайтын осындай азаматтар ертең қандай ұрпақ тәрбиелейді?! Таптаурын болған тағдыр, тас-талқаны шыққан отбасылар осыдан шықпасына кім кепіл?! Қазіргі алмағайып заманда теріс діннің жетегіне еріп, жиһад атын жамылып, шетел асып кеткен қандастардың қылығы жамбасымызға жарадай бататыны тағы бар. Адам баласы кінәні діннен емес – өзінен іздеп, өз-өзін тәрбиелеп отырса, мұндай сорақы қылықтар жасамас еді. Жалған діннің жетегіне ергендерді дер кезінде дұрыс жолға қоғам болып бұрмасақ, басқаларды жат ағымға үгіттеуге тырысатыны анық. 

Айман МҰҚЫШЕВА 
АСТАНА

...өтініш айтады

Әртістерден қатты қысылдық... 

Біз Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарашалаң ауылындағы мәдениет үйінде жергілікті жастардан құралған өнерпаздар түрлі шаралар ұйымдастырып, тұрғындардың көңілдерін көтеруді дәстүрге айналдырғанбыз. Алайда, біздің көңілімізді қынжылтатын мәселе – ауылымыздағы мәдениет үйі саналатын клубымыздың сын көтермейтін жағдайы. Әсіресе, қыс мезгілінде клубқа қанша от жаққанмен еш жылымайды. 

Өткенде аудандық білім бөлімінен ауылымызға «Тақия мен мафия» театры келіп өнер көрсетеді деген хабар жетті. Шалғайдағы ауылға әртістердің келетіні бізді қатты қуантқанымен, сын көтермейтін ауыл клубының жағдайын ойлап біраз әбігерленіп қалғанымыз рас. Сөйтіп, әртістердің өнерін ауылымыздағы №75 орта мектептің акт залында тамашаладық. 

Концерттен кейін театр ұжымы тағы да келіп өнер көрсетулерін сұраған тілегімізге алдағы уақытта үлкен қойылым әкелуге уәде беріп тарасты. Тек сол кезге дейін клубымыздың жағдайы жақсарып, басшылық ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ асып, қолға алынса екен дейміз. 

Айгүл КҮЗЕНОВА
Қызылорда облысы

...реніш білдіреді

Социализммен қоштаса алмай жүр

Осы уақытқа дейiн баспасөз беттерінде көше атауларын қазақшалау жайында талай рет оқырмандар өз пiкiрiн бiлдiріп келеді. Қарап отырсаңыз, қазақ жерiнде әлi күнге қазақша атау ала алмай келе жатқан көше, ауыл, аудан аттары жетерлiк екен. Солардың бiрi – Жетiсай қаласындағы 70 мыңға жуық тұрғыны бар Ленин көшесi. Қазақстан тәуелсiз ел атанғанына 25 жылдан асса да Жетiсай қаласы социализммен қоштаса алмай жүр. Менiң мысалға алып отырғаным – тек бiр ғана көше (тұрғыны ең көп көшенi айтып отырмын). Сенсеңiздер де, сенбесеңiздер де осы ауданның Мырзакент кентiнде Южный, Восточный, Энергетик, Аптечный деген мағынасыз көше атаулары да бар.

Жоғарыдағы басшылық тарапынан жекелеген көшелер мен нысандардың аттарын өзгерту туралы қаулы-қарарлар, тапсырмалар жоқ емес, бар екен. Бiрақ аудан, қала әкiмдiктерi бұл тапсырманы әзiрше қаперлерiне ала қоймаған сияқты.

Өскен ПIСТЕБЕК

Оңтүстiк Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы