Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

Талайлы тағдырлар тоғысы

590 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарапайым қазақы ұғыммен «қарттар үйі» деп аталатын Ақтөбе облысының қарттар мен мүгедектер интернат үйі қарттарға қамқорлық көрсетуде жүйелі жұмыс істеп келеді. 

Талайлы тағдырлар тоғысы

Қаланың шеткері «Сүт за­уы­­ты» ауданында орналасқан қарттар үйінің ауласына аттаған­да-ақ мұнда жинақылық пен ұсынақтылықтың қолтаңбасы аң­ғарылды. Аулада артық-ауыс жат­қан зат жоқ, көшеттермен көмкерілген, әңгімелесіп оты­­ра­тын орындар таза. Ал салын­ғанына 45 жылдай уақыт болған интернат үйі ғимаратының іші де мұнтаздай. 

Интернат үйінің директо­ры Ермек Бейісқалиевтің ай­­туын­ша, бұл ғимарат сол кез­дің өлшемімен 300 тұрғынға ар­нал­­ған екен. Қазіргі стандарт бойын­ша мұндағы жатын бөл­мелері 250 тұрғынға сай ке­леді. Соның  150-і қарттар да, 100-і мүгедектер. Мұнда тұ­ра­тындардың алды 90 жастан асқан. Қамкөңіл қарттарды ба­ғып-күтуге, ден­саулығын қада­ғалауға бас дәрігер Гүлмира Нұр­тазина бастаған жеті дәрігер, 20 медбике қызмет етеді. Олар қарт­тар үйі тұрғындарының күн сайын денсаулығын тек­се­ріп, қажетсінгендерге медици­налық көмек көрсетіп, тексерулерден өтулеріне ұйытқы болады. Жалпы, қарттар үйінде 170 қызметкер жұмыс істейді. Соның барлығы осындағы қарт­тар мен мүгедектердің қа­жет­ті тұрмыстық жағдайын жа­сау­ға, олардың қалыпты өмі­рін қамтамасыз етуге ық­тиятты. Мұн­да төрт мезгіл та­мақ бері­леді. Киім-кешегі өз­дерінің қа­лау­­лары бойынша сатып алынады. Жуынатын орын бар. Тіпті тұр­ғындардың бірі өмірден озған жағ­дайда қамқоршысы жоқ болса, өз­дері ұжым ретінде, олардың ұлт­тық әдет-ғұрпына сай ақтық сапарға шығарып салады. Ауыр сырқаттарды арнайы жедел жәрдем көлігімен қалалық емханалардан медициналық тексеруден өткізу де қарттар үйі дәрігерлерінің міндетіне кі­реді. Қарттар үйінде спортпен айна­лысуға, физикалық ем алуға да жағ­дай бар.

– Ғимаратты өз күшімізбен же­ңіл-желпі жөндеп, ұстап отыр­­мыз. Облыс басшылы­ғы­нан ғима­раттың төбе жабындысын күрделі жөндеуге, есіктерін, еде­нін ауыстыруға 156 мил­лион теңге қаржы сұрал­ды. Жоба­лық-құрылыс құжат­тары дайын. Биыл қарт­тар үйіне 301 292 мың теңге бөлінді. Ғимарат газбен жылытылады, асхана да газбен жұ­мыс істейді. Газ плиталары, дер­бес жылу қазаны ауыс­ты­рылды. Жиһаздарды да үнем­дел­ген қаржы есебінен ішінара ауыс­тыруға қол жеткіздік, – дей­­­ді облыстық қарттар мен мү­ге­­­дектерге арналған интернат үйі­нің директоры Е. Бейіс­қалиев. 

Оның мәлімдеуінше, интер­натта көркемөнерпаздар үйір­­месі жұмыс істейді, зама­науи музыкалық аппарат са­тып алын­­­­­ған. Оған 15 адам қаты­са­­ды, әжелер ансамблі десе де бол­­ғандай. Мұнда сондай-ақ, қол­­өнерімен айналысатын­дар да, тігін тігетіндер де, тоқу­мен ай­­­налысатындар да бар. Ұжым­дағы ахуал­дың өзінен интернат үйі қыз­меткерлерінің қамкөңіл жан­­дардың көңілі көтеріңкі, жү­зі жарқын болуы­на жұмыла жұ­мыс істейтіні көрініп тұр.
– Бізде тұратын қарттар мен мүгедектердің әрқайсысының тағ­дыры атан түйеге жүк бол­ған­дай ауыр, әрқилы. Мұнда ешкім де еріккеннен келмейтіні белгілі. Сондықтан, оларға жы­лы көзқарас, ілтипатты қызмет көр­сету – басты міндет. Біздің қызметкерлердің бар­лығы дерлік психолог деу орын­ды. Олар өмір иықтарына арт­қан ауыр тағдырлы адам­дар­дың көңілін табуға тырысады, шама-шарқынша тұр­ғындардың қас-қабағына қарай­ды десем, артық айтқандық болмас. Осында тұратындардың ара­сынан көңілдері жарасып, от­басын құрып жатқандар да кез­деседі. Қазірдің өзінде он отбасы тұрады. Оларға бөлек бөлме бөліп, отбасылық өмір кешулеріне жағдай жасап отырмыз, – дейді ол. 

– Мен өз өмірімде үш рет тұр­­мыс құрдым. Жазмыш солай болған болар, әртүрлі жағ­дай­да бірге болуды жазбады. Ба­лаларым да болды. Бірақ, есейе келе олардан көз жазып қал­дым. Екінші жолдасымнан Сергей деген ұлым, Украинада болған соңғы төңкеріс кезінде Киевте тұрды, кейін хабар-ошар үзілді. Ал  Саша Ауған соғы­сы­на қатысқан-ды. Ресейдің Тверь қаласында тұратын. Одан да байланыс үзілді. Кезінде пә­те­ріне паналатып, оны маған қал­дырмақшы болған соңғы шалым мен Мәскеуге ауру апамды күтуге кеткенде,  жас келіншекті қолына кіргізіп алып, далада қалдырды. Сонан соң осында келуіме тура келді. Мен осында тұрған 20 жылға жуық уақытта жеті директор ауыс­ты. Ермек Сламғалиұлы өте қайырымды адам. Ойлайтыны біздің қамымыз, тіпті құдды өзі­нің ата-әжелері, бауырлары сияқты мәпелейді. Бір мың болғыр азамат, – дейді интернат үйінің  қарт тұрғындарының бірі Людмила Мартынюк.

– Мен Қобда ауданы Бегалы ауылының тумасымын. Кезінде кеңшарда жұмыс істедім, отбасылы да болдық. Екі балам қайтқан соң, әйелім бірге тұрғысы келмеді. 1997 жылы осында орналастым. Қалада інім тұрады, олардың өздері балалы-шағалы. Тұрақты келіп, жағдайымды біліп тұ­рады. Қазір Зина екеуміз бас құ­рап, бірге тұрып жатырмыз. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Қызметтеріне дән ризамыз.

Бұл осы интернат үйінің та­ғы бір тұрғыны Айтқали Мә­диев­тің пікірі.

Балаларына, немерелеріне басы артық салмақ болмас үшін ке­летіндер де кездесетін кө­рінеді. Интернат үйі тұрғын­дарының осында тұрып жатқа­ны үшін зейнетақысының белгі­лі бір бөлігі ұсталатын жаңа ере­же енгізілгеннен кейін кетіп қалып, туысқандарын саға­лаған­дардың өзі кейін қайта сұран­­ған жайттары да болыпты. Мұның өзі мұндағы тұрмыстық жағдайдың олардың көңілінен шығатынын аңғартса керек. Қарттар үйіндегі бар­лық жақсы жағдайдың өзі қазыналы қартың мен жанары жәутеңдеген мүге­дек туы­сыңды бауырға тарта­тын қазақы қасиетті алмастыра алмайтыны белгілі, әрине.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
журналист

 Ақтөбе