Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

Тәртіпке бағынған құл болмайды

13381 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақ даласында түрме болмаған» дейді. Бірақ, бұл заң болмаған деген сөз емес. Алайда, ол күннің заңы бүгінге жүрмейді, ол анық. 

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Әр заман өзіне сай заңдық нормаларды, құқықтық ережелерді тудырады. Конституция талаптары мен заңдардың сақталуын қадағалап, азаматтардың құқықтарының қорғалып, міндеттерінің сақталуын назарда ұстау заң шығарушы һәм орын­даушы органдардың жұмысына тікелей байланысты. Әсіресе, шекарамызды бейбіт ниетті елдің бәріне айқара ашып, ашық саясат ұстанып отырған уақытта сырттан келетін түрлі ықпалдарға бой бермей, тыныштықты сақтап қалу да басты мәселе. Былайғы кезде «Құдай күнімізді салмасын!» деп тіпә-тіпәлап баққанымызбен, заң қадағалаушы органдарға күніміздің бір түсетіні анық. Интернет дамып, ақпарат алмасу аса шапшаңдықпен жүріп жатқан қоғамда прокуратура қызметкерлеріне де жаңармай болмайтыны анық. Бұл тұрғыда өз міндеттерін атқаруда Алматы облысының прокуратура қызметкерлері бірқатар шаруаларды қолға алыпты.

Бұл тақырыптағы әңгімені күні кеше ғана ашылып, жұмысын бас­тап жатқан «Азаматтарды қабылдау орталығынан» бастауға болады. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы прокуратура қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Бұл орталықтың ең бір артықшылығы – бұған дейін азаматтар прокурорға тек арыздана алатын болса, ендігіде прокуро­рмен бірге керекті құжаттарын ресім­деу құқығына ие болды. Құқы­ғының қорғалуын қалап келген әр жүгі­нушіге арнайы консультация беретін, ісінің оңалуы үшін бағыт-бағдар сілтей­тін орталық заман ағымына икемделіп, жаңа форматта жұмыс істейді. Соның бірі – арыз, шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор.

«Басты құндылық – адам» деген ұстанымдағы қоғамда өмір сүріп отырмыз. Ата Заң солай дейді. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адам­ның өмiрi, құқықтарының сақталуы. Сондықтан, Алматы облысының про­ку­рорлары әрдайым әлеуметтік, заң­дық тұрғыда қорғауға мұқтаж аза­мат­тардың құқықтарын қорғауға бағыт­талған жұмыстарға да көңіл бөле­ді. Әлеу­меттік аз қамтылған отбасылар немесе физикалық мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға көмек көрсетіп, қол­дау таныту ауадай қажет. 2016 жыл­ғы қазан айынан бастап қолға алын­ған «Мүмкіндігі шектеулі азамат­тарды жұмыспен қамту» жобасы осы уақыт аралығында 700 адамды жұмыс­қа тұрғызған. Облыстық прокуратура қызметкерлерінің бұл бастамасы ал­дағы уақтта да жалғасын табады деп отыр. Бір жылға жетпейтін уақыт аралығында 700 адамды жұмысқа тұрғызу аз жетістік емес. 

Сонымен қатар, облыстық прокуратура жетім балалардың мәселесін ше­шу­ге де атсалысып, қамқорлық көрсету жағынан қалыс қалмауға тырысады. Қазіргі таңда облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 мыңнан астам бала бар, оның 500-і жетім балаларға арналған үйлерде тәрбиеленіп жатыр. Халық тығыз орналасқан, адам саны салыстырмалы түрде көп саналатын Алматы облысы бойынша жыл сайын 350-ге жуық бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалады екен. Бұл статистика жүректі ауыртпай қоймайды. Осы мәселені шешу мақсатында облыстық әкімдік пен прокуратура бірлесе отырып «Балалар үйісіз Жетісу» жобасын қолға алған. Жобаның атынан-ақ белгілі, мұндағы мақсат әр балаға отбасы махаббатын сезіндіру, психологиялық қысымнан арылуына көмектесу, өзін өзгелерден кем санап, қор санап өспеуіне, қо­ғаммен, айналасымен қалыпты, тұ­рақты қатынас орнатуына мүмкіндік бе­ру. Аталған жоба аясында биыл 120 баланы патронаттық тәрбиеге ор­наластыруға облыстық бюджеттен 140 миллион теңге, 20 отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашуға 90 миллион теңге бөлінген. 

Ағымдағы жылы прокуратура қыз­меткерлерінің көмегімен 100 бала отба­сылық тәрбиеге орналастырылып, соның нәтижесінде облыстағы бала­лар­ға арналған 1 балалар үйінің саны қыс­қартылды. Бұл бағыттағы жұмыс осы қарқында жүзеге асырыла берсе, шынымен де Жетісу өлкесінде «жетім», «балалар үйі» деген сөздер жойылады деп сенуге болады. 

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда да прокуратура қызметкерлері аз еңбектенбеген. Мәселен, Талдықорған қаласында «Қа­уіп­сіз қала» жобасы жүзеге асуда. Бұл шара да азаматтардың өмірін сақ­тап, құқығын қорғауға бағытталған. Про­куратура мен Талдықорған қаласы­ның қоғамдық палатасы өзара бірлесе отырып іске асырып жатқан жоба аясында қала тұрғындарымен бейресми түрде жүздесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында өзара пікір алмасады. Жұмыстан тыс кезеңде атқарылатын бұл шара халықтың құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімін арттыратыны сөзсіз. 

Сонымен қатар, облыстық прокуратура жол апатының алдын алатын «Менің жолым» жобасын да іске асыруда. Өкінішке қарай, Алматы облысы соңғы жылдары жол апаты статистикасы бойынша көшбасшылар қатарында тұр. Ағымдағы жылдың өзінде 968 жол апаты болып, онда 191 адамның өмірі қиылды, ал 1316 азамат түрлі деңгейдегі жарақат алған. Бұл көлік жүргізушілердің алаңғасарлығы мен жол ережелерін бұзуынан болған қателік екені де аян. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында прокуратура қызметкерлері жол апаты көп болатын жерлерде ақпараттық стендтердің орнатылуына ұйытқы болды. Сонымен қатар, «Жаяу жүргінші», «Жылдамдық режімі» атты рейдтер де жүргізіліп тұрады. 

Тәртіп бұзылмас үшін қоғамда ты­ныш­тық болу керек. Дамыған, өскен-өнген елдерде заң, қоғамдық тәртіп сақтаушы органдар қызметкерлерінің жұмысы жеңілдеу болады деседі. Өйт­кені, бәрі өз орнында, бәрі өзіне керек­ті дүниемен қамтылған, әркімнің өз міндеті бар. Біздің қоғам да әлгі бір сапы­рылысқан кезеңмен салыстырғанда тын­шып, бір арнаға түсіп қалды. Қыл­мыс та бұрынғыдан азайған дейді статистика. Заңнан қорыққаннан ғана емес, заңды сыйлағаннан қылмыс жаса­­майтын деңгейге жетсек, онда аты­мыздың алысқа шабары сөзсіз. Қазақстан азаматтарының заңды сыйлап, өз еркімен тәртіпке бағынуына ықпал ету үшін заң қызметкерлерінің халықпен жақындасуы, өздеріне деген сенімнің артуына ықпал етпегі ләзім. Сонда ғана торға түсіп, өмір бойы бір қателігінің құлы болып, қорлықпен өтіп жатқан тағдырларға араша түсуге болады. Сонда ғана былайғы жұрттың заң органдарына іші жылып, жеке бас мәселесін сенімді түрде айта алады. 

Рас, қазақ даласында түрме болма­ған. Бірақ, қылмыс жасалмаған деу артық. Қылмыс орын алған жерде – өлім бар. Өлім бар жерде – жетімдік бар. Жетімі болғанмен, қазақта «балалар үйі» деген ұғым көкейге қонбаған. Әрине, кісі есігінде күнелтіп, күң, құл ретінде жүрген көгенкөздер болмаған десек, қисынсыз шығары анық. Анығы, «балалар үйі» – біздің лексиконымызға жаңа дәуір енгізген сөз. Заман ағымына ілесу деген соңынан ере беру дегенді білдірмесе керек, қарсы тұрып, уақыт ұсынған мәселелердің шешімін табу да ертеңнің алдындағы бүгіннің борышы. Бұл тұрғыда, өз міндетін атқарып қана қоймай, өзге де мәселелерді шешуге атсалысам дегендерді қолдау, өзгеге үлгі ету бір парыз. «Түрмелер босап, балалар үйі азайса» деген тілектің өзі не тұрады. 

Жоғарыда көрсетілген жобалар мен атқарылған істер облыс прокура­турасының Конституцияда, заңдар мен жарлықтарда, заңға тәуелді өзге де актілер аясында құқықтық тәртіпті нығайту жұмыстарын жүргізіп, халыққа бір табан жақындап келе жатқанын көрсетеді.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы