Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2017

Ақтөбе облысында жаңа мектептер ашылды

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Ақтөбе аймағындағы мектептер 132 мыңнан астам оқу­­шыны қабылдаған болса, олар­дың 16 мыңнан астамы мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүл­діршіндер. Яғни білім беру ғимараттарына «тарыдай болып кіргендер». Өмір бір орнын­да тұрмайды. Ол үнемі алға қа­рай үздіксіз даму, жылжу, өсу үстін­де. Соған сәйкес мектептерде бі­лім алатын оқушылардың саны да жыл сайын одан әрі арта тү­су­де.

Ақтөбе облысында жаңа мектептер ашылды

Өзге өңірлермен салыс­ты­ра қарағанда бұл оң үрдістің гео­­метриялық қарқыны Ақтөбе аймағында басым екені айқын байқалады. Осындай жағымды, оң демографиялық және агломе­рациялық өсім мен фактор алдын ала мұқият ескерілген өңірде қазіргі күні 25 жалпы орта білім беретін мектептің құрылысы қар­қынды жүргізіліп келеді. Ал­дағы оқу жылынан бастап 11 мың­ға жуық баланың ойдағыдай білім алуына арналған мектеп ғимараттары құрылысына 25 миллиард теңгеден астам қомақ­ты қаражат бөлінген. 

Ал күні кеше ғана еліміздің түк­пір-түкпіріндегі мектептерде қоңырау соғылып, жаңа оқу жы­лы басталып кеткені мәлім. Қо­ңырау сыңғырымен бірге мыңдаған ақтөбелік өрендер оқу­­ды сыңғырлаған су жаңа ғи­ма­­раттарда бастауға мүмкіндік ал­ды. Жүздері қуа­ныштан жайна­ған жас ұландардың осы мерейлі де бақытты сәттеріне Ақтөбе об­лы­­сының әкімі Бердібек Сапар­баев ортақтасып, олардың алдағы қадамдарына сәт-сапар тіледі. 

Айталық бүгінгі күні облыс орталы­ғында құрылыс кеңінен қанат жайған аудандардың бірі  «Батыс-2» тұрғын үй аумағы болса, бұл жерде тұрғындар са­нының өсуіне орай жаңа мек­теп ғимараттарының бой көте­руі қажеттігі ешқандай талас ту­ғызбайды. Солай болды да. Осын­дағы 320 және 620 оқушыға ар­налған жаңа мектептер сапалы білім беру нормалары мен жо­ғары стандарттарға сәйкес тұрғызылған. 

Жаңа білім беру нысандары ең соңғы үлгідегі жаңа технологиялармен, оқу кабинеттерімен, компьютер-кітапханалармен жаб­дықталған. Сонымен бірге спорт және мәжіліс залдары, мульти­медиялық құрал-жабдық­тарымен интерактивті тақталар да жаңа мектеп ғимараттарының бәсі мен мәртебесін биіктете түсе­ді. Дәл осындай оқу ғи­ма­­ратының бірі Ақтөбе қаласының ірге­сіндегі Нокин ауылында да бой көтеріп, білім күні есігін айқара ашты. 

Жаңа оқу жылында жаңа мек­теп ғимараттарының пайда­лануға берілу рәсімі шалғайдағы Шалқар, Ырғыз, Ойыл және Мұ­ғал­жар аудандарын да өткізілді. Олардың әрқайсысы 600 оқушыға ар­нал­ған. Осы орайда елдің шеті мен жел­дің өтінде орналасқан аудандарда тұрғызылған бүгінгі заманның биік талаптарына толықтай жауап бере алатын бі­лім беру нысандары облыстағы апат­ты жағдайда тұрған және үш ауысымдық білім беретін мектептерді айта кетудің өзі үлкен мәртебе. 

Осылайша облыста аталған санаттағы мектептерді жою жө­нін­дегі белгіленген іс-шара­лар мен кешенді жұмыстар әжеп­тәуір шешімін тапты деп түйін жа­сауға толық негіз бар. Сөз соңында Ақтөбе аймағында бі­лім күні оқу­шылар мен ата-ана­лардың және ұстаздардың қуа­ныштарын көл-көсір қылған жа­ңа мектеп ғимараттары Елбасы белгілеп берген «Нұрлы жол» бағ­дарла­масының тигізген шапағаты еке­нін оқушылар назарына беруді бас­ты парызымыздың бірі деп білеміз.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы

Суретте: Жаңа мектептердің ашы­­­­лу рә­сімінен көрініс