Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2017

Қандастарға жасалған қамқорлық

495 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Нар өркештенген тау етегін бөктерлей жүріп келеміз. Ғаламат дүниенің жұмбақ сырын ішіне бүккен алып таулар маңғаздана керіліп бізге міз бағар емес. Облыс орталығынан төрт жүз, төрт жүз елу шақырымдай жол жүргеннен кейін, ақ шаңқан үйлері бар ауылға кезіктік. Бұл мамыражай малын бағып, айранын ұйытып, сүтін сауып, еңбегінің арқасында құт пен береке тауып отырған Өзбекстан Республикасы Үшқұдық ауданына қарасты Жүзқұдық елді мекені екен.

Қандастарға жасалған қамқорлық

Қазақтың қонақжай кейпімен алдымыздан нан-тұз алып шыққан ауыл тұрғындары салғаннан-ақ көркі көңіл тойғызарлықтай болып тұрған жаңа нысанға шақырды. Айналасы екі-үш жылдың беде­рін­де адам айтса нанғысыз өзгер­ген Жүзқұдық аулының жаңа кей­­­пін көріп, ерекше сезімге бөлен­дік. Жолсоқты болып келген біз­­ді алғаш таңғалдырған нәрсе әуе­лете шырқалған әсем әннің келісті ырғағы болды. Әсіресе «Шухрат» медалінің иегері, Ас­та­нада өткен «Шәмші әндері» фес­тивалінің жеңімпазы Сержан Жанахметовтің орындауындағы «Жүзқұдық» әні тыңдаушысын елі­тіп, тұңғиық тереңіне тартты. Орындаушысы келіссе әннің де ажары ашыла түседі екен-ау, шіркін!.. 

 Астанадан  жеткен сый

Содан соң облыс әкімі, Олий Мажлис Сенатының мүшесі Қа­бул Тұрсыновпен бірге Қазақ­­стан­ның Өзбекстандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Ерік Өтем­баев сал­танатты түрде №2 мек­теп­тің ашылу лентасын кесті. Жа­ңа нысанды ашу салтанатында елші қандастарымызға жасалған қамқорлыққа риза екенін, Алла жазса, бүгін ашылу салтанаты болып жатқан бұл мектептен та­­лай мықтылар шығатынына шү­бәсінің жоқ екенін ерекше се­німмен айтты. 

Жаңа қонысқа жалаң қол­мен ба­руды әбес санайтын қа­зақ қашанда ғимарат иесіне тар­ту-таралғы жасауды әдетке ай­нал­дырған. Қазақтың белгілі ақы­ны Қадыр Мырза Әлі: 

Қазақ осы біле білген бағаны,
Қазақ осы сыйлай білген ағаны. 
Қара да тұр, 
Кетеріңде ол саған, 
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады, 

– деген жыр қатарларын бекерге айтпаса керек. Ташкенттен «қандастарымнан хабар алайын», деп арнайы келген елші ауыл балаларына арнап «ақылды тақта», планшет, жаңалықтар таб­­лосын, тағы басқа да мектеп оқушыларына қажетті заманауи технологияның соңғы құралдарын тарту етті.

 Қалың жұртты қуантқан қамқорлық

Үшқұдық ауданы, «Боздөң» ауылдық азаматтар жиынына қарасты Жүзқұдық елді меке­нінде өткен мерекелік шараға рес­публикалық қазақ ұлттық мә­дени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов пен Низами атын­­дағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университитеттің қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Ергеш Абдувалитов та қатысқан бо­ла­тын. Олар Жүзқұдықтағы жа­ңа №2 жалпы орта білім бере­тін мектептің ашылуымен жұрт­шылықты құттықтап, мәдени орталық пен университеттің атынан қазақ ақын-жазушыларының 500-ге жуық кітабын тарту етті. Осы күнге дейін 30 балаға арналған 40 орынды мектеп, 14 балаға арналған 12 бөлмелі балабақша құрылғанын ешқайда естімегенбіз, дейді ауыл тұрғын­дары. Төрт айдың ішінде үлкен өзгерістер болды. Мектеп «ZioNET» тар­­мағына қосылуы да біз үшін үлкен жаңалық. 

 Риза пейіл 

Ел зиялылары тарапынан бе­­­ріл­ген сый-сияпатқа қа­лың жұрт­­шылықтың атынан «Боздөң» ауылдық азаматтар жиы­нының төрайымы Мейрамгүл Жал­ғас­баева шексіз рақметін айтты. Төрайым сөзінің соңында «Ел бір­лігі мен ынтымағына көз тиме­сін!» деген ақжарма пейілін де біл­­діріп өтті.
Қағаберісте мектеп өмірінен ха­бардар болуды мансұқ етіп, мек­теп оқу бөлімінің меңгерушісі Мер­генбай Төрешовті сөзге тарт­тық. 

– Бұрын тозығы жеткен мектепте балаларға білім беретінбіз. Ескінің аты ескі емес пе? Бүгінгі күннің талабына сай білім беруге мүмкіндігіміз жоқ болатын. Оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» де­гендей, маман оқытушылар да тапшы еді. Міне, биыл өтіні­шіміз Өзбекстан басшысының құлағына же­тіп, жаңа оқу орнына қол жет­кіздік. Мектебімізде бүгінде 31 оқушы бар. Оларға тәжірибелі оқытушылар сабақ береді. 

Өзбекстанда адам денсаулы­ғын сақтау ең негізгі салалардың бірі. Қоғамның басқа тармақтары сияқты өркен жайған бұл сала соңғы жылдары көз көріп, құлақ естімеген соны белестерді бағындырды. 

Мың жылдықты Лұқпан Хәкім ілімі иемденді, ендігі мың жыл­дық менікі, деген екен медицина ғылымдарының атасы Ибн Сина. Айтса айтқандай-ақ, бұл күнде ғұламаның сөзінің растығын заманның өзі айғақтап тұрғандай.

«Боздөң» ауылдық азаматтар жиынына қарасты Жүзқұдық елді мекеніндегі ауылдық дәрігерлік пункт тұрғындарға тұрақты қыз­мет етеді. Емхана 2011 жылы На­уаи кен металлургия комби­на­ты тарапынан қайта жөнделіп, жа­ңа­дан құрылды. Қазір емхана Жүзқұдықтағы 281 тұрғынға қалт­қысыз қызмет етеді. Кең аулаға орналасқан көрікті ғимарат ағымдағы жылы да күрделі жөн­деуден өтіпті.

 Халық үшін қалтқысыз қызмет

Осы орайда сөзге араласқан аудандық медицина бірлестігінің бас дәрігері Зафар Расулов жуырда осы емханаға «Саламаттық-2» бағдарламасы бойынша үкімет тарапынан зертханалық жиһаздар, ЭКГ аппараты, автоклав, тоңазыт­қыш, ультрадыбыс аппараты, гине­кологиялық жиһаздар беріл­генін айтты. Енді, дертті жандар дәрі-дәрмек іздеп ауданға са­был­майды. Өйткені емхана жанынан ашылған дәріханада алғашқы жәрдемге қажетті дәрі-дәрмектер толық жет­кілікті. Ал­­ғашқы көмекке жұмсалатын дәрі-дәрмектер тегін бері­летін көрінеді. 

– Оған қосымша аудандағы медициналық бірлестік тарапынан ұйымдастырылған жылжымалы дәріханамыз да бар. Олар ауыл тұрғындарының тапсырыс бо­йынша қажеттіліктерін қалтқысыз өтеуге тырысады. Емханамызда үш медбике қызмет етеді. Оның бірі патронаж, екіншісі аға медбике, үшіншісі дертті жандарға емханада дәрі егетін медбике. Үшеуі де өз кәсібінің нағыз шеберлері. Келген науқастарға жылы қабақ танытып, көңілдерін аулауға тырысады, – дейді З.Расулов. 

 Сәби күлкісімен әлем құлпырады

Жүзқұдық елді мекеніндегі көрікті кешендердің бірі сәбилер тәрбиеленетін орын екен. Кезін­де шаруашылық кеңсесі болған бұл орын ол тараған соң қайта жөнделіп сәби­лер­ге тапсырылып­ты.

– Бүгінде балабақшамызда үш-­жеті жастағы балалар тәрбие­­ленуде, – дейді бізбен сұхбат­тасқан балабақша меңгерушісі Айжан Ердешова 
Науаидағы «Қызыл­құм­це­­мент» акционерлік қоғамы мен «Науаи» кен металлургия ком­­би­­наты 500 миллион сум­ға қайта жөндеп пайда­лану­ға тап­сырды. Шебер құрылыс­шы­лардың қолымен қайта жаңар­ған балабақшада балалар тамақтанатын бөлме, жатын бөлмесі, ойын ойнайтын бөлме бәрі де жан-жақты жабдықталған. Біз аулаға келгенде қаздың балапандарындай қаз-қатар тізілген балалар тәрбиешілерімен бірге ешнәрсені де ішіне жасырмайтын риясыз жарқын пейілмен қарсы алды. Содан соң өздері жаттаған Отан, ана, туған жер туралы өлеңдерін оқып жиналғандарды бір серпілтіп тастады. 

Жаңалық жан жадыратады

 Ауыл орталығындағы бала­бақ­ша құрылысының біткеніне көп болмаса да, қолдағы барын бала бақытынан аямайтын де­меу­шілер балабақша ауласына ертегі кейіпкерлері мен ойын жабдықтарын орнатуды да ұмыт­папты. Өздерін осы өңірдің қожасындай сезінетін періште мінез сәбилер аулада асыр салып ойнап, ешнәрседен бейхабар, уайым-қайғысыз күй кешуде. 

 Бақытқа бастар жол

 «Су атасы – бұлақ, сөз атасы – құ­лақ, жол атасы – тұяқ», дейді дана халқымыз. Хадистерде айтылуынша, көпшілік жүретін жолды жөндеу сауабы мол сал­мақ­ты істердің бірі екен.

Жуырда Жүзқұдық елді меке­ніне әкелетін 65 шақырымдық тас жолды жолшылар 400 мил­лион сумдық қаржыға жөн­деп, жолаушылардың жол­ қаты­на­­сына біршама қолайлы­лық жа­сап­ты. Ауыл ішіндегі жаңадан са­лын­ған жол да жүргіншілерге іші­нара жеңілдіктер туғызды. Күні кеше борпылдақ құмды кешіп жүр­ген ауыл тұрғындары айнадай жар­қыраған тас жолмен жүріп, қуа­нысып қалысты. 

Жүзқұдық аулында жоғарыда­ғылардан басқа 36 нысан жөнде­ліп, жөндеу жұмыстарына жалпы 200 миллион сум қаржы жұм­салды. 

Аталар аманаты 

Бүгінгі жаңа Тамдының келбе­ті кімді де болса сүйсіндірері хақ. Бұрын қазақтың батыры Ба­уыр­жан Момышұлы, белгілі композитор, вальс падишасы атанған Шәмші Қалдаяқов, ақын Қадыр Мырза Әлі келіп сұңғыла ақсақалдармен сұхбаттасқан байырғы өңір, бүгін де жаңарып жандана түскен. Қадыр ақынның сөзіне жазылған өлеңге Шәмші ән бағыштап халыққа таратқан «Тамды аруы» әні бүгінде исі қазақтың иірімді ырғағына айналды. Батыр Баукең де Тамды жайлы «Қаймағы бұзылмаған қазақтар тұратын аяулы мекен екен», деп өз бағасын беріпті. Иә, дуалы ауыз ақсақалдың айтқаны бекер болмаса керек. Тамдының кез келген қариясы көне тарихтың көзін аша алары хақ.

  Өткеннен сыр шертетін мұражай

«Жүзқұдықтағы» мемлекет тара­пынан халық игілігі үшін атқарылған игі істердің куәсі бол­ған біз келесі күні Тамды ауда­нының орталығына бағыт ал­дық. Мұнда да бізді шат-шадыман халық керней-сырнайлар әуе­німен мерекедегідей қарсы ал­ды. Музыка мектебіндегі талант­ты жастардың ән орындау, күй тарту өнерлеріне сүйсінген қо­нақ­тар мектептегі мұражайды көріп, байырғы ата-бабамыздың тұрмыста қолданған көне құрал-саймандарымен танысты. Тамды өңіріне белгілі екі мәрте Еңбек Ері атанған шаруагер Жабай Балиманов, атақты Балқы Базар, Тоқа Бердалы туралы тың деректерден хабардар болды. 

 Еңбектен бақыт тапқан жан 

Соғыс бітіп, ел есін енді ға­­на жия бастаған шақ болатын. Жаз базары тарқап, бозаң тарт­қан боздала төсінде қаңбақ жүйткіп, қарашаның өкпек желі билік тұғырына көтерілген шақ­та, қой бағып, қоңыр тірлік ке­шіп отыр­ған Сағат ақсақалдың ша­ңырағында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Өмір бойы жал­ғыздық тақсіретін тартып, жапа шеккен отағасы өзіме серік болсын деген ниетпен нәрестенің атын Серікбай деп қояды. 

Жастайынан-ақ табиғаттың тылсым сырларын көңіл төріне қаттап өскен бала Серікбай ес біле келе зерделі де зейінді болып өседі. Оқу жасына келгенде өз құрдастарымен бірге, жұмбақ дүниенің қыр-сырын білмек болып ауыл орталығындағы мектеп табалдырығын аттайды. Табиғат сыйлаған зеректігінің арқасында жас шәкірт құрдастарынан оқ бойы озық болады. Жастық кеудеге армандар мен қиялдар тұнған шақ емес пе?! Қызылқұм төсіндегі ауыл жастары да бірі қалаға, бірі далаға биік арманды қанат етіп ұшты да кетті. Шопан бейнетінің ауыртпалығын көзімен көріп, жалғыз қолды әке тағдыры жанын сыздатқан Серікбай ақсақал алып ұшқан арманын жүгендеп, әке жанына аттанды. 

Иә, ол кезде Сағат ақсақал Өте­мұрат елді мекеніне қарасты «Қо­соба» құдығында отыратын. Бұ­лай болары үш ұйықтаса да түсіне кірмеген отағасы кәмелет­ке толып, қалтасына аттестат са­лып келген баласының бұл ке­­лі­сіне таңырқай да, таңдана қа­рады. Сәлден соң-ақ дұрыс тәрбие бергенін ойлағанда жүрегі атша тулап, әкелік мейірімге толды. Олай етпегенде ше!? Кей­біреулердің баласы сынды жағдайға қарамай «оқимын», деп жер тепкілеп тұрып алса қайтпек еді. Сол жылы әкесіне көмекші шопан болған Серікбай шопандықтың өзі білмейтін жұмбақ тұстарын кәнігі әкесінен үйренді. 

«Ер жігіттің басы екеу болмай, малы екеу болмас», деген сөз бар қазақта. Серікбай аға да көп кешікпей өзі теңдес Паршагүл ат­ты қызға көңіл қойып үйленді. «Жігітті бар ететін де, жоқ ететін де әйел», дейді халқымыз. Сол сол екен, жаңа отбасының көші алға басып сала берді. 

1969 жылдың қысы шаруаға қатал сын болды. Қаңтарда жау­ған қалың қар, наурыздың аяғына дейін міз бақпай жатып алды. Тәжіриебесіздеу шопандар таяқ ұстап қалып жатқанда, кейіпкеріміз қытымыр қыстан шығынсыз шықты. Еткен еселі еңбек ер жігітті ел алғысына бө­леді. 

Келер жылы әр жүз саулықтан жүз елуден қозы алып әкімшілік та­ра­пынан мақтау қағазымен марапатталды. Бұл құрмет жас шопанды жаңа биіктерге жігер­лендіре түсті.  

Береке-бірлігі бар жерге тұ­рақ­тайды екен. Қосағы Паршагүл апамен бірге ғұмыр кешкен ұзақ жылдар бедерінде жүз шайысып көрмеген отағасы байқап отырса бақыт баспалдағының бірінен соң бірін аттапты. Жылжыған жылдар керуені өңкей оң қабақ танытып отырған сыңайлы. Аузын ашса жүрегі көрінетін Серікбай ағаны ауылдастары аса құрметтейді. Қысылғанда үлкен-кіші ақыл сұрап алдына келеді. Аға да өз кезегінде көргендері мен көңілге түйгендерін ақыл сұрай келгендерге айтудан жалықпайды. 

«Ақырын жүріп анық бас, 
 Еңбегің кетпес далаға», 
– деген сөзде қанша астарлы ма­­ғына бар десеңізші. Ұлы данышпан айтқан осы сөз бірліктік шопан Серікбай Сағатовтың да айнымас кредосына айналғандай.

 Ауыл мектебінің ажары

 Аудан орталығынан 160-170 шақырымдай жол жүргеннен соң, ыспа құмдарды ысыра салынған ауылға кезіктік. Бұл «Шиелі» ауыл­дық жиынына қарасты Өте­мұрат елді мекені екен. Бұл ай­мақта тұратын жалпы халық саны 805 адам. Ауылда бір мектеп, бір балабақша, ауылдық дәрігерлік пункт бар. 

Қонақтарды алғаш өзіне тарт­­­қан ауыл орталығындағы мек­­теп орны болатын. Жалпы, 130 оқушыға арналған бұл мектеп алыс жол жүріп келген қонақтарды мерекедегідей көңіл күймен қарсы алды. Күмбірлеген күй мен асқақтай шырқалған әндер тыңдаушысын елітіп-ақ барады. 
Науаи облысының шеткі ай­мақтарындағы халықтың хал-күйі­мен таныспақ болып келген қо­нақтар мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көзден өткізіп, ақыл-кеңестерін берді.

Жақында ғана күрделі жөн­деуден өткен мектеп ғимараты өткен-кеткеннің көз жауын алып, «менмұндалап» тұр. Кірер ауыз­да бүкіл республикаға белгілі – өмірі жас ұрпаққа өнеге Өз­бекстан қаһарманы Серікбай Сағатовтың суреті ілініп, өмір жолы жазылған. Мектептегі әрбір бөлмеде ғұламалардың ғибратты сөздерінен үзінділер ілінген. Мұ­ны оқыған мектеп жастарының күні ертең аталарындай болуға тырысатыны айдан анық.
Осыдан соң құрметті қонақтар мектептің спорт залында болып, оқушыларға волейбол, баскетбол, футбол доптары, теннис ракеткасы, спорт киімдерін, тағы басқа да спорттық жиһаздарды сыйға тартты. 

Жиын соңында Респуб­ли­калық қазақ ұлттық мәдени ор­талығының төрағасы Серік­бай Үсенов пен Ни­зами атын­дағы Ташкент мем­­ле­кет­тік пе­да­­­гогикалық универ­ститеттің профессоры Ергеш Аб­ду­­ва­литов өздері әкел­ген бес жүз­ге тарта әдеби кітапты мек­теп кітап­ханасына сыйға тартты 

Материалды дайындаған
Айтуар САБЫРОВ,
«Нұрлы жол» газетінің меншікті тілшісі

Өзбекстан Республикасы